Қазақстан • 17 Қараша, 2021

Оңтайландырып оңдырдық па?

274 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жинақы және тиімді атқарушы билік құру мақсатында 2014 жылғы 25 тамызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің ара жігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Соған сәйкес 436 мемлекеттік функцияны жоғары тұрған деңгейлерден төмен тұрған деңгейлерге беру көзделген. Бұл бағыттағы жұмыс әлі толық аяқталып болған жоқ.

Оңтайландырып оңдырдық па?

Осы орайда биыл Парламентте қа­рал­ған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемле­кет­тік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жо­басы қоғамда қызығушылық туғыз­ға­ны анық. Бұл құжаттың Мәжілісте болған алғашқы оқ­ы­лы­мын­да баяндама жасаған Ұлт­тық эко­номика министрі Әсет Ерға­лиев: «Заң жобасы аясында 94 функция қайта бөлінеді, оның ішінде Үкі­мет­тен министрліктерге – 89 функция, жер­гілікті атқарушы органдарға 5 функ­­­ция беріледі. Жалпы, заң жобасын қабылдау мемлекеттік басқарудың тиім­­ді жүйесін қалыптастыруда кезек­ті қадам болады», деді. Оған депутат Ғани Ташқараев: «Мемлекет бас­шысының осы мәселе жөніндегі Жар­лығы қабылданғаннан бері жеті жыл өтті, бірақ ол әлі соңына дейін орын­дал­ған жоқ. Көрсетілген 94 функция­ны берумен аталған Жарлықтың орын­далуы аяқтала ма?» деп орынды сұрақ қойды. «Біз бұл жұмысты жал­ғас­тырамыз. Қазіргі таңда кешенді функ­ция­лық талдау жүргізіп жатырмыз. Осы жұмыстың нәтижесі мемлекеттік әкімшілік реформалардың негізі болады», деп жауап берді министр.

Әрине, оңтайландыру ісінің ой­ла­­нарлық тұстары аз емес. Мәсе­лен, аталған заң жобасында рес­пуб­ликалық меншіктегі су шаруа­шы­лығы объектілерін басқару құзы­ре­тін Үкіметтен алып, Экология, геоло­гия және табиғи ресурстар ми­нис­­трлігіне беру ұсынылған екен. Алай­да бұл ұсыныс депутаттар та­ра­­пынан қолдау таппады. Себебі ол «Қазақстан Республикасының Үкі­меті туралы» Конституциялық заңға қайшы болып шықты. Оның үстіне Елбасы қабылдаған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік бас­қа­ру деңгейлері арасында өкілет­тік­тердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Жарлықта да су шаруашылығы объектілерін басқару функциясы Үкіметте қатаң түрде қал­ды­рылатындығы атап көрсетілген. Себебі еліміздегі су шаруашылығы объектілерінің көпшілігінің тозығы же­тіп тұр. Оларда адамдар өліміне әкелген қайғылы оқиғаларға жол берілгені де мәлім. Сондықтан бұл өзекті мәселені Үкі­мет деңгейінде кешенді түрде ше­шу талап етіледі. Бұған қоса, мәжі­лісмендер халық денсаулығын сақтау­дағ­ы аса маңызды мәселе – тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуші уәкілетті органдардың қызметін салааралық үйлестіру функциясын Үкі­меттен алып, Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне беруді де қисынсыз деп тапты. Оңтайландыру барысында осындай асыра сілтеулерден абай бол­ған абзал.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Баршаға ортақ игілік! Са­бақ­тас­тық. Әділдік. Өрлеу» сайлауал­ды бағдарламасында тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету мақсатында қайталанатын, ар­тық қызмет түрлерін алып тастап, мем­лекеттік басқару жү­йе­сін оң­тайландыру қажеттігін атап айтқан­ды­ғы, сондай-ақ «Сындарлы қо­ғамдық диалог – Қазақстанның тұ­рақ­­тылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында мемлекеттік қызмет­ші­лер санын 2024 жылға қарай 25 пайызға қысқарту жөнінде нақты міндет қойғаны мәлім. Осыған орай, Мәжіліс депутаттары 2019 жылғы 4 жел­тоқсанда Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда орталық және жергілікті атқарушы органдар мем­ле­кеттік биліктің бір тармағы, яғни біртұтас атқарушы билік болып саналатынына қарамастан, министр­лік­тердің көп­шілігі өздерінің аумақ­тық құры­лым­дарын құрып, олар­ға бақылау-қадағалау функцияларын бергендігін, ал олар өңір­лік бас­қар­малардың қыз­ме­тін қайта­лай­тын­дығын сынаған болатын. Оған берілген ресми жауапта: «Қазіргі уақытта Ұлттық экономика ми­нис­трлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жергілікті атқарушы орган­дардың оңтайлы базалық құ­ры­­лымын қалыптастыру жөнінде жұ­мыс жүргізуде. Аталған жұмыстың мақсаты – облыстық басқармалар ара­сында, орталық мемлекеттік ор­ган­­дардың аумақтық бөлімшелері мен облыстық басқармалар арасын­да, облыстық басқармалар мен ведом­ство­лық бағынысты ұйымдар арасында қайталанатын функцияларды анықтау және жою», делінген. Алайда содан бері екі жылға таяу уақыт өтсе де, Ұлттық экономика министрінің Мә­жі­лісте айтқан сөзіне қарағанда, бұл ба­ғыттағы жұмыс әлі аяқталмаған сияқ­ты.

Ал, шынтуайтында, мәжіліс­мен­дер­дің депутаттық сауалында айтыл­ға­нындай, облыстық әкім­дік­тердің Ауыл шаруашылығы, Ветеринария, Жер қатынастары және Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармалары бар болғандықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекцияларының қанша­лық­ты қажеті бар? Егер аталған аумақ­тық инспекциялардың қызметі тиімді болса, онда, мысалы, Мемлекет бас­шысының Жолдауында атап көрсе­тіл­ге­ніндей, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауда тәртіп неге орнатылмайды?

Облыстық әкімдіктердің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармалары мен Экология, геология және табиғи ресур­с­тар минис­тр­­лігінің Орман шар­уа­­шы­лығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциялары да бірін-бірі қай­талайтын қызметтерді атқарып жүр­ген тәрізді.

Облыстық әкімдіктердің Білім бас­қар­малары барда министрі ауыс­ты­рыл­ған сайын жаңа реформа жасалатын Білім және ғылым министрлігінің өңірлердегі Білім саласындағы бақы­лау департаменттерінің қандай қа­жет­і бар? Олар өздері құрыл­ған он жыл ішінде еліміздегі білім беру деңгейін көтеруге үлес қосып жарытты ма? Ай­талық, жергілікті мек­тептерді аттестаттау білім сапасын арт­тыра алды ма? Осы министрліктің ке­зін­де об­­лыс­тық Білім басқармаларын бас­қар­­ған бүгінгі басшылары мұндай аттестаттаудың қалай өткізілгендігін білетін болар. Әлде Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан (Түркістан), Қызылорда облыстарындағы Білім саласындағы бақылау департаменттерінің бұ­рын­ғы директорлары пара алып ұс­та­лып, сотталғандығынан хабарсыз ба? Білім саласындағы қазіргі оң өзге­рістерге мектептерді аттестаттау мен әртүрлі тексеру арқылы емес, «Педагог мәртебесі туралы» заңды қа­былдау, педа­гогтердің жалақысын елеулі түр­де арттыру сияқты жүйелік шара­ларды қолдану арқылы ғана жол ашылғандығы даусыз.

Облыстық әкімдіктердің Жұ­мыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­ма­лары мен Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармалары аздай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің аумақтық де­пар­та­мент­­терін құру қандай қажет­ті­ліктен туындаған?

Былтыр өңірлерде болып, жер­гі­лікті атқарушы органдардың мем­лекеттік қызметшілерімен тілдес­ке­німізде, олар министрліктердің аумақтық құрылымдарындағы әріп­тес­тері өздерімен салыстырғанда «түк бітірмейтіндігін», бірақ өздері­мен бірдей жалақы алатынын айтып, реніш білдірген еді. Ал осы жылдың шілде айынан бастап олардың жалақысы орта есеппен екі есеге жуық көбейтіліп, көңілдері көтеріліп қалыпты. Енді аумақтық де­партаменттердің қызметкерлері ренішті көрінеді. Өйткені олардың жалақысы алдағы жылдан бастап кезең-кезеңмен көтерілмекші. Үкімет жергілікті атқарушы органдардың жұмыс ауқымы қандай екендігін түсінгендей ме, қалай?..

Айтпақшы, биыл мемлекеттік қыз­­метшілер саны 15 пайызға қыс­қар­тылыпты. Ал келесі жылы тағы 10 пайызға қысқартылмақшы. Оған дейін Ұлттық экономика ми­нис­тр­лігі қайталанатын функцияларды анықтауға арналған талдауды соз­бақ­қа салмай аяқтап, мемлекеттік ор­гандарды басқару жүйесін одан әрі оңтайландыру шараларын айқындаса, құба-құп.