26 Ақпан, 2014

Жүрекке әжім түспейді

671 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тараздық кардиохирургтер еуропалық әріптестерімен бірге жүрек соғысының жиілігін қалпына келтіруге бағытталған ота жасады

0Z6A0514-1

Журек

Тараз қаласындағы «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасында Австрия, Венгрия дәрігер-профессорларының қатысуымен жүрек жұмысын электрофизиологиялық зерттеу және радиотолқынды абляция (хирургиялық жолмен ағзаның бір бөлігін алып тастау) жасауға арналған тұңғыш шеберлік сыныбы өткізілді. Кардиохирургиялық же­тістіктің бұл түрімен ота жасату үшін науқастар бұрын арнайы квотамен Астана, Алматы қалаларындағы ұлттық ғылыми орталықтарға қаралатын. Ен­ді мұндай тәуекелдер «Жү­рек» кардиохирургиялық кли­­ни­ка­сында медициналық кепілдендірілген көмек негізінде тегін жасалатын болды. Бұл емнің ерекшелігі – науқасқа аритмиядан толық емделуге және дәрі-дәрмектерге тәуел­діліктен біржола құтылуға мүм­кіндік береді. Жүрек соғысының жиілігін қалпына келтіруге бағытталған бұл әдіс Еуропа елдерінде 20 жылдан бері қолданылып келеді. Сондықтан, мамандардың тілі­мен айтқанда, «радиожиілік абляциясы» деп аталатын ота­ны әлемдік медицина үшін жаңалық деуге болмайды. Дегенмен, оң­түстік өңірде ал­ғаш рет жасалып отырған ем түрін қолдану үшін клиника қызметкерлері біліктіліктерін шыңдап, бірқатар тәжірибелік сынақтардан өтті. Шетелдерде тәжірибесін шың­­дап, біліктілік курстарынан өткен кардиохирург Тимур Аширов: «Негізі, біздің мақсат – кардиологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайту. Ол үшін жамбылдықтарды Алматы мен Астанаға сабылтпай, бар­лық кардиологиялық және кар­диохирургиялық көмекті дүниежүзілік стандартқа сай деңгейде өзімізде көрсетуіміз керек. Сондықтан, біздің басты міндет жүректерге жаңа өмір сыйлау, – дейді. Бүгінде 90 адамға арналған клиника кардиохирургия саласында медициналық көмек көрсетуде. Осы аурухана ашыл­ған өткен жылдан бері 12 аорто­коронарлық шунттау, 43 коронография, 17 стенттеу оталары жасалды. Емделушілердің бар­лығының да денсаулықтары жақсы. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. ––––––––––––– Суреттерде: жүрекке кар­дио­хи­­рургиялық ота жасау сәті.
Соңғы жаңалықтар