26 Ақпан, 2014

Ісмерлер

1050 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кішкентай кезімізде әпкелеріміздің ауылда кілем тоқығанын талай мәрте көргенбіз. Көп қыздар қатар отырып алып, ағашқа керулі кілемді өрнектеп жататын. Қазір заман да, сана да өзгерген. Бүгінде ешкім қолдан кілем тоқымайды және бір кездері қабырғаға ілетін кілемді бүгінде аяқтың астына төсейтін болдық. Бірақ, қандай заман өтсе де, кілем ешқашан сәннен, тұрмыстан қалған емес. Міне, Шымкенттегі «Бал Текстиль» ЖШС-нің кілем тоқуды қолға алуына осы мәселе түрткі болса керек. Алайда, біздің елде кілем тоқитын мамандар жоқтың қасы. Әрине, бұл ана үйдің, мына үйдің қыздарын шақырып, асарлатып тоқып тастайтын ауылдың баяғы кілемі емес. Қазіргілер жаңа технологияны меңгеруі қажет. «Бұл алғаш ашылып отырған кілем шығару фабрикасы болғандықтан маман мәселесі қиын болып тұр. Түркиядан технологияның тілін білетін 16 маман шақыртылған, олар жергілікті жас­тарды үйретіп жатыр», дейді бұл жөнінде ЖШС директоры Талғат Ысқақов. SAM_1189 _DSC1640 _DSC1656 SAM_1191 Адамның табанды, сүйікті еңбегі арқасында талай кереметтер жасалады ғой. Кілемді өзімізде шығарамыз деп кім ойлаған дейсіз... Жақында ғана Шымкент қаласының шетіндегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан ашылған «Бал Текстиль» ЖШС-нің кілем тоқитын фабрикасы отандық өнім шығару ісіне тың серпін бергені анық. Бұл жолы кәсіпорынның алғашқы бөлігі іске қосылды. Жалпы, құны 8,450 млрд. теңгені құрап, нәтижесінде 610 жұмыс орнының ашылуы жоспарланған. Фабрика жылына 10 млн. текше метр кілем өнімдерін шығармақ. Зауыт құрылысы 4 кезеңнен тұрады. Барлығы 26 желі іске қосылу керек болса, қазіргі таңда 6 желі жұмысын бастады. Бірақ әзірге шикізат шетелден тасымалдануда. Алла қаласа, биыл зауыттың екінші кезеңі іске қосылғанда шикізат мәселесі шешіледі деп күтілуде. Нақтырақ айтсақ, фаб­рика жанынан 150 адамға арналған жіп иіру цехы ашылады. Осының арқасында 10 желі іске қосылып, қосымша 180 адам жұмысқа тартылмақ. Кәсіпорын Бельгияның соңғы заманауи технологиясымен жабдықталған. Тағы бір айтары, биыл кілем өндірісі бойынша тағы «Есенжол Назар» ЖШС-нің жобасын іске қосу жоспарлануда. Жобаның құны – 900 млн. теңгені құрап, фаб­рикада 60 жаңа жұмыс орны ашылады. «Бал Текстиль» және «Есенжол Назар» ЖШС фаб­рикалары толық қуатпен жұмыс істеген кезде респуб­лика нарығының 60-70 пайызын қамтитын болады және экспортқа 3-4 млн. шаршы метр кілем өнімдерін шығаруға мүмкіндіктері бар. Әрине, фабриканың тұсауы кесілді, көздің жауын алатын кілемдерін көп етіп шығарып жатыр. Бірақ, көпшіліктің көкейінде: «Бұл кәсіпорынның жұмысы қаншалықты баянды, бәсекелестікке төтеп бере ала ма, ертең-ақ шығынға батып қалмай ма?» деген сұрақтың тұрғаны анық. Яғни, бұл тай шабыс жобалардың бірі емес пе? Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі­нің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың айтуына қарағанда, сөз етіп отырған жұмыс әбден сарапталып, сұрыпталған жоба. Кәсіпорынның тауарларына сұраныс болатынына ешқандай күмән жоқ. Өйткені, бұл кәсіпорындар 20 жыл бойы Қазақстан нарығына Түркиядан импорт тасыған. Былайша айтқанда осы саладағы сауданың барлық ыстық-суығын көріп, осы істен үлкен пайда бар екеніне әбден көздері жеткен. Кілем мен кілемшелердің 100-ге жуық түрін шығаратын кәсіпорын толық қуатына 2016 жылы қосылатын болады. Жалпы алғанда, қазір Оңтүстік Қазақстан облысында 170 жоба индус­трияландыру картасына енген. Бұл 20 мыңнан астам жұмыс орны деген сөз. Бүгінгі күні соның 103-і іске қосылып, 8873 жаңа жұмыс орны ашылды. Республика бойынша қолға алынған 111 жобаның 60-сы, іске қосылған 135 жобаның 46-сы осы Оңтүстіктің еншісінде. Осылайша, оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер кілемнен де кіріс кіргізіп, табыс табуға бел шешіп отыр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы. Суреттерді түсірген Арман ӘБДІРАШҰЛЫ.