Өткен жылдың 18 желтоқсанында Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа Қылмыстық Кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету», «Адам өлтiру», «Ұрлық» және «Қаруды заңсыз беру, тасымалдау немесе алып жүру» секілді баптармен айыпталған Т.Әлібеков пен «Қаруды заңсыз сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша айыпталған А.Құлыбековке қатысты қылмыстық іс түсті.
Қылмыстық ізге түсу органының тергеу нәтижесі бойынша Т.Әлібеков өзінің жақын туысы әрі Жамбыл облысы прокуратурасының қызметкері Ерлан Ноғайбековтің ұсынысы бойынша «Халық банкінен» депозиттік шот ашып, оған Е.Ноғайбековтің жалпы сомасы 19 900 АҚШ долларын құрайтын ақшасын салып қояды. Бірақ ол өзіне сеніп тапсырылған қаржыны иеленіп, ысырап ету мақсатында ұрлыққа барады. Алайда, бұл Е.Ноғайбековке мәлім болып, ол туысынан шығынды өтеуді талап етеді. Көнбеген жағдайда қылмыстық ізге түсу органына шағымданатынын ескертеді.
Міне, осы кезден бастап Т.Әлібеков қылмыстық жауаптылықтан жалтару және қылмысын жасыру үшін жоспар құрып, оны жүзеге асыруды ойластырады. Ол үшін танысынан ұрлап алған қарумен Е.Ноғайбековті пәтерінде атып өлтіреді. Атқанымен қоймай, денесін пышақтап кескілейді. Прокуратуа қызметкерінің өлгеніне әбден көзі жеткен уақытта оның 140 000 теңге ақшасын алып, тайып тұрады. Қылмысын жасыру мақсатында неше түрлі айла-шарғыларға барып, Е.Ноғайбековтің ұялы телефоны арқылы оның қызметтестеріне «жұмысқа кешігіп барамын», «мені іздемеңдер» деген сықылды бірнеше СМС хабарламалар жібереді. Сол арада адам өлтірген қаруын жасыру және оны ары қарай сақтау мақсатында танысы А.Құлыбековке береді. Бірақ қандықол қарақшы автобусқа отырып, Алматы қаласына қашып бара жатқан жерінде қолға түсті.
Сөйтіп, туысқанының ақшасын пайдаланып, одан кейін оны атып өлтіріп, қашып кетпек болған Тимур Әлібековті жақында Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Талғат Сырлыбаев 19 жылға бас бостандығынан айырды. Дүниесін де тәркіледі. Қандықол қарақшы енді жазасын қатаң режімдегі колонияда өтейтін болады. Сондай-ақ, судья Т.Сырлыбаев марқұм Е.Ноғайбековтің өкілінің пайдасына Т.Әлібеков шығындаған 3013756 теңге мен 2 000 000 теңге моральдық зиянды өндіруге де үкім етті.
Ал қашып бара жатқан қанішердің адам өлтірген қаруын алып қалған А.Құлыбеков 1 жылға бас бостандығынан айырылды.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.