26 Ақпан, 2014

Ата-ана міндетін мемлекет атқарды

344 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Бір жетімнің маңдайын си­па­ғанға жұмақтың жеті қақпасы ашылады» деген сөз бар. «Же­тім көрсең, жебей жүр» дей­ді қазақ. Жетімдік – тағдырдың жазуы. Оны ешкім сұрап алмайды. Пешенесіне солай бері­леді. Қоғам тасбауырланып ба­ра жатқан мына заманда жетім­дердің саны көбеймесе, азаймай тұрғаны өкінішті. Көкек ана мен жауапкершіліктен ада әкенің ойсыз әрекеттері талай баланың көзін жәудіретіп, жетімдіктің қамытын жастайынан киюге мәжбүрлеп отыр. Өмірге Жа­ратушының ықтиярымен келген шақалақтың ешқандай жазығы жоқ болса да, тағдырдың осындай талқысына түседі. Әкенің ақылын, шешенің аялы алақанын сезінбеген баладан бір жылылық күтудің өзі әбестік шығар-ау. Сондықтан ата мен ананың рөлін бұл тұр­ғыда мемлекет атқарады. Өсі­реді, тәрбиелейді, оқытады, жетілдіреді. Мұның бәрі дұрыс. Дей тұрғанмен, олардың қоғамда өз орнын табуы ең маңызды мәселе. Орта мектептен соң жоғары білім алып, бір салаға маманданып, отбасын құрып, осы қоғамның толыққанды азаматы ретінде қалыптасуына дейін көп тіршілік атқарудың керектігі анық. Сондықтан мемлекет ата-ана қамқорлығынан ерте қалған жастарға ұдайы көңіл бөліп отырады. Біз бұрнағы күні сондай бір әсерлі көріністің куәсі болдық. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жетім қалған 17 балаға баспана кілтін берді. – Біз де қатты толқып отыр­­мыз. Тағдырдың жазуы­мен ата-анасыз өстіңіздер. Та­­лай қиыншылықты бастан өткер­­діңіздер. Бірақ сіздерді қанат­тыға қақ­тырмайтын, тұмсықтыға шоқыттырмайтын Тәуелсіз еліміз бар. Әкелік қам­қорлығын аямайтын Елба­сымыз бар. Сондықтан әрқай­сы­лары­ңыз­дың ойға алған ар­манның орындалатынына сене­мін. Бүгінгі кездесуіміз де со­ның дәлелі, – деді Қырымбек Елеуұлы. Аталған игі бастама «Жұмыс­пен қамту-2020» бағдар­ла­мас­ы­ның шеңберінде іске асқан. Осыдан-ақ бағдарламаның же­міс­ті жұмыс істеп жатқанын кө­руге болатын шығар. Он жеті бала. Он жеті тағдыр. Он жеті болашақ. Міне, жыл басында осынша жастың үміт шырағы лаулап жанды. Оны біз жастардың жанарынан анық көрдік. Жетім қалған жастарға пәтер кілтін тапсыру рәсімінде сөз алған Римма Тұрышева тебірене сөйледі. – Біз ата-ананың жылуын сезінбей өссек те, туған еліміздің қамқорлығын ұдайы көріп келеміз. Өзім «Ақмешіт» гуманитарлы-техникалық инс­­ти­тутын есеп және бухгал­тер мамандығы бойынша аяқ­тадым. №136 орта мектепке ма­мандығым бойынша жұмысқа орналастым. Жақында отбасымызда үшінші сәбиіміз өмірге келмек. Міне, осындай қуанышқа барлық отбасыммен  келіп отырмын. Жеке пәтер алып отырмыз. Бұдан артық қандай бақыт керек?! Бізді күресінге түскен тағдырымызға күрсініс араластырмай, қайта барынша қолдап-қорғап келе жатқан Елбасымызға айтар алғысымыз шексіз,– деді ол. Жетімдіктің зардабын енді ешкім тартпасын деп тілейік. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.