Біздің әріптестеріміз, Саяси реформалар тобындағы кеңестің мүшелері Александр Данилов, Марат Шибұтов және Гүлмира Илеуова ауыл әкімдерінің сайлау процестеріне қатысып, еліміздің бірнеше өңіріне арнайы іссапармен барып қайтқан еді. Ауыл әкімдерінің сайлау тәртібін бақылауды мақсат тұтқан осы сапарлардың қорытындысы бойынша олар бірнеше сараптама жазған болатын. Өткен жолы әріптестеріміз осы өзекті мәселеге қатысты толық ақпаратты біздің назарымызға ұсынып, басқосуда өзара талқыға салып, пікір алмасқанбыз. Әсіресе, кеңес мүшелерінің ауыл əкімі үміткерлігіне арнаулы орта білімі бар азаматтарға рұқсат беретін норманы бекіту жөніндегі ұсынысы кеңінен сөз болған еді.
Осы ретте Саяси реформалар тобындағы кеңес мүшелері ортаға салған ұсыныстары өте орынды әрі маңызды деп санаймын. Себебі ауыл әкімдерін сайлау механизмі – қазіргі таңда өте маңызды түйткілдердің бірі. Уақыт өте бұл бағыттағы жұмыстар, қолға алынған іс-шаралар өзінің оң нәтижесін беріп келеді. Мұны кеше ел Президенті «Партиялардың белсенділік танытуы, өзін өзі ұсынған азаматтардың көптігі және сайлаушылардың дауыс беруге көптеп келуі бұл реформаның орынды екенін әрі уақтылы қолға алынғанын көрсетті. Мұның бәрі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ұсынған бастамалардың бір бөлігі ғана. Оны жүзеге асыру қазақстандықтардың тұрмысына тікелей әсер етіп, мемлекеттік басқару ісінің сапасын жақсартады» деп атап өтіп, кеңес мүшелерінің ұсынысын бірауыздан қолдады. Әрине, сайлау процестерінің әлі де жетілдіретін тұстары бар. Мемлекет басшысы да бұл ұсыныстардың алдағы уақытта сайлау тәртібін оңтайландыра түсу үшін өте қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының Кеңес отырысында ауыл әкімдерін сайлауға қатысты айтқан жаңашылдығы, яғни ауыл әкімдері сайлауына орта білімі бар азаматтарға түсуге жағдай жасау туралы ұсынысы көңіл қуантады. Өйткені орта білімі бар азаматтардың да сайлауға қатысуы бұл әкімдікке үміткерлер санын бірнеше есеге арттырады. Еліміздің көптеген ауыл-аймағында кадр тапшылығы айқын сезіледі және мұны баршамыз жақсы білеміз. Ал мұндай жаңа бастама ауыл әкімдері сайлауының бағасын арттырып қана қоймай, туған ауылын көркейтемін деген азаматтар үшін зор мүмкіндік екені сөзсіз.
Асхат САДЫРБАЙ,
Ұлттық қоғамдық
сенім кеңесінің мүшесі