Аймақтар • 19 Қараша, 2021

Қараусыз мал – ұрыға олжа

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Хромтау ауданында мал ұрлығымен айналысып жүрген екі топ ұсталды. Қылмысқа күдіктілер елсізде жайылып жүрген ірі қара, жылқыларды сойып, еттерін Ақтөбе қаласында өткізіп отырған. Мал ұрлығымен айналысушылар негізінен өрісте бақылаусыз ­жа­йылып жүрген, иелері жиі бақылай бермейтін сиыр, жылқыларды ұрлап келген.

Қараусыз мал – ұрыға олжа

Күні кеше ғана Ақжар ауылы­ның тұсында «ВАЗ-21150» жеңіл көлігімен мал ұрлаған үш адам ұсталды. Ауыл шетінен құйындай ұйтқып автокөлік жолына шыққан жеңіл көлікті байқап қалған ауыл тұрғындары учаскелік полицеймен бірге қуып жетіп, тоқтатқан. Облыс орталығына баратын тасжолда ұсталған көліктің жүк салғы­шынан қапқа салынған, жаңа со­йыл­ған ірі қара еті табылды. Мал етіне ветеринарлық құжат та жоқ болғандықтан учаскелік полицей дереу облыстық Полиция депар­таментіне хабарлаған. Көлікте болған үш ер адам Алға ауданының Тамды елді мекенінің тұсында жа­йылып жүрген сиырлардың бірін ұстап алып, сойып үлгергенін жасырмады. Ақтөбеден жеткен жедел топ мал ұрлығымен айналысқан үш ақтөбелікті тұтқындап, Қыл­мыстық Кодекстің 188-1-бабы 2-тармағымен, «Мал ұрлығы» бо­йынша қылмыстық іс қозғады.

Ақтөбе облыстық Полиция депар­таментінің мамандары ауыл тұр­ғындарынан күз кезінде малды өріске бақылаусыз жібермеу­ді ескертеді. Өйткені  жыл сайын қа­раша айында мал ұрлығы күрт көбейсе, оған ауыл тұрғындары­ның малды бақылаусыз жіберуі де себепші болады. Оның үстіне үлкен автөкөлік жолдарына шы­ғып кеткен ірі қара, жылқыларды кө­лік қағып кеткен жағдайлар да жиі ұшырасып жатады.

Хромтау ауданында бақылау­сыз жүрген төрт түлікті иелері та­­­былғанша қамап ұстайтын 15 алаң дайындалды. Бұл осы жұ­мыс­ты жүйелі жолға қоймаған кей­­бір елді мекен тұрғындарын жа­­уап­кершілікке тартудың төте жо­лы болып тұр. Өйткені осыған де­йін Хромтау аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тұр­ғын­дарға малдарын бақылаусыз жібер­меуді бірнеше рет ескертсе де, көп­шілігі құлақ аспай келген бола­тын. Ал осы ауданның мал бағу ісі жү­йелі түрде ұйымдастырылған  үш елді мекенінде ұрлық тіркелген жоқ.

 

Ақтөбе облысы