Әдебиет • 19 Қараша, 2021

Балаларға базарлық

1092 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әдебиет жанашырлары балаларға арналған кітаптардың жарық көруі кенжелеп кеткенін ұрпақ тәрбиесіндегі өткір де өзекті мәселе ретінде көтеріп келеді. Оған кітап оқудан қол үзіп бара жатқан оқырман тағдырын және қосыңыз. Қалай десек те, биылғы балалар әдебиеті жылы бұл тақырыпқа аз да болса қан жүгіртіп, періште көңіл оқырман біраз олжаға кенелді.

Балаларға базарлық

Кітап – ең үлкен тәрбиеші екенін ескерсек, ойы да, қиялы да тұнық кіш­кентай оқырманның арманына қанат бай­лайтын құндылық қай кезде де құл­дырамауы керек. Десе де бүгінгі заман жазу­шысына қойылар талап жоғары. Себебі кешегі ертегіні бүгінгі өмірден көріп жүрген технократия дәуірінің жет­кіншектерін таңғалдыру, оларды көркем әдебиетке баурау, талғамына татитын туынды жазу кез келген туын­дыгердің оңтайына келе бермейді.

Ойлы оқырман бүгінгі балалар әде­­биетінде есімі ерек аталатын Бей­сен­бай Сүлейменов туындыларын бала таби­ғатын танып, кішкентай жүректің лүпілін сезінуге тартатын кең тыныс­ты дүниелердің қатарына жатқызады. Қалам­гер өз оқырмандарымен терең шығар­машылық байланыс орнатқан. «Кітап оқыған баланың көкірегінде от жанады» деген жазушы Алматыдағы Ұлттық кітапханада кезекті рет балдырғандар­мен жүздесті. Әңгімелеріндегі оқиғалар орам­дылығымен оқырман жүрегіне төте жол табатын жазушының «Кечуа тай­пасының үндістері», «Бес ғасыр атыл­­маған садақ», «Қуанышты күн», «Тентектер», «Хан шатырындағы кездесу», «Күннен келген адам» кітаптары балаларды ертегілер әлеміне, ерлікке, отансүйгіштікке, шынайы достыққа же­те­лейді. Жаңашыл жазушы бұл жолы өз оқырманын тоғыз жүз беттен тұра­тын «Сырлы әлем» атты таңдамалы шы­ғар­малар жинағымен қуантты. Екі повестен тұратын роман, ертегілер мен әңгімелер, саяхатнама, естеліктер, эсселер топтастырылған жинақ «Асыл кітап» баспасынан дәрігер-меценат Ғани Смахан­ұлының қолдауымен жарық көріп отыр. Осы кітаптағы «Хан шатырдан – Күн шатырға саяхат!» тарихи-танымдық ертегі романы автордың ұзақ жылғы шығармашылық еңбегінің жемісі. Зиялы қауым өкілдері тұсауын кескен құнды кітап кездесу кешіне келген мектеп оқушыларына тегін таратылды. Сүйікті жазушысымен бетпе-бет жүздесіп, өз қолынан кітап алған өрімдей өскіндер дән риза. Солардың бірі Алматыдағы №46 мектеп гиманазиясының 5-ші сынып оқушысы Алан Болатов.

«Бұл жерге ұстазыммен бірге келдім. Жазушы атамызды көріп қатты қуандым. Маған тілегін жазып, қолын қойып берді. Енді бұл кітапты түгел оқып, достарыма, ата-анама мазмұнын айтып беретін болам. Осы уақытқа дейін жиырмадай кітап оқып бітірдім», дейді Алан.

Бала – тау бұлағындай тұнық әлем. Олардың жүрегіне жол табу үшін жазу­шыға жан тазалығы керек. Қаламгердің балалар әдебиетіне адалдығын қаламдас-қанаттастары айрықша бағалайды. Бұл тұрғыда қоғам қайраткері Уәлихан Қа­ли­жанның: «Баланың жан дүниесі қан­дай болса, жетпіске келсе де Әлемге бала көзбен қарайтын бір қаламгер бар. Ол – Бейсенбай Сүлейменов. Жазушы, журналист, жиһангез, баспагер сонау жетпісінші жылдары экватор белдеуін екі рет кесіп өткен. Оның бірқатар кітап­тары сексенінші-тоқсаныншы жыл­дардағы нағыз бестселлерге айналды. Таным мен талғам, рухани жаңғыру Бейсенбай Сүлейменовтің өзінің де жан тазалығын тазалауға мүмкіндік берді. Оның жемісі – «Хан шатырдан – Күн шатырға саяхат!» ертегі романы» деген пікірін алға тартар едік.

– Өмірді сүю – балаларға қамқорлық жасаудан басталуы керек. Қандай қиын заман болса да бала тәрбиесін ұмыт­­пайық. Үлкендерді орта қолды дү­ние­лермен алдай салуға болады. Ал бала­ларды алдап көр. Көнбейді. Бүгін­гі жеткіншектің талабы биік, тал­ғамы жоғары. Осы орай­да, балаларға ұсы­нылған әрбір туын­ды – жазылған кітап, шы­ғарылған ани­мациялық фильм, көр­кем фильм, қойы­лымдар аса жоғары деңгейде дайындалуы шарт. Біз жүз жыл бойы қуыр­шақ теат­рында бүлдіршіндерге «Үш торай» қойылымын қойғанымызға мәзбіз. Оған жылау керек! Жасөспірімдерге арнал­­­ған әр туындыға ең мықты, талантты де­ген мамандар тартылуға тиіс. Ал «бала­лар әдебиеті» жылы аясында атқары­лар жұмыстар көп. Біз, ең алдымен, жаңа ба­ғыттағы балалар әдебиетін жазуымыз керек. Ол үшін балалар тақырыбына жазатын қаламгерлердің мәртебесі көтерілсе игі. Үкімет жеткілікті мөлшерде қаржы бөлмей бұл мәселе шешілмейді. Балалар­ға шындап көңіл бөлер уақыт жетті. Олар біздің болашағымыз екенін ұмытпайық, – дейді Бейсенбай Сүлейменов.

Бүгінгі таңда елімізде 258 балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жұ­мыс істейді. Оның 241-і балаларға, 11-і жас­тарға, алтауы балалар мен жас­өспірім­дерге арналған. Бізде балалар әдебиетіне деген көзқарас қалыптаспай келеді деген пікір қоғамда жиі айтылып жүр. Бұған дейін жақсы кітаптар шығарып, қазіргі нарықты меңгере бастаған баспалардың басым бөлігі шетелдік авторларды қазақ­шаға аударумен шектеліп жүргені жасырын емес. Біз сөз етіп отырған шығар­малар бұл олқылықтың орнын толтыруға өзіндік үлесін қосары анық.

– Балалар әдебиетін өрістету болашақ­қа жасалған байыпты қадам. Бала елдің бо­лашағы дегенді көп айтамыз. Бұл сөз жай ғана ұранға айналмай, әдебиет пен мә­дениетте, ұрпақ тәрбиесінде көрі­ніс табуға тиіс құндылық. Балалар мен жет­кін­шектерді кітап оқуға баулу, оларға арнап өміршең туындылар жазу үлкен жауап­ты іс. Бұл бағытта Бейсенбай аға­ның балалар әдебиетіне жасаған еңбегі ора­сан. Біз әрқашан ұлттық қасиет-қалы­бымызды ұрпақ жадына сіңіруге бағыт­талған шығармаларды қолдауға әзірміз, – дейді дәрігер-меценат Ғани Смаханұлы.

Балалар әдебиетін қолдау жылы аясында ғана емес, бүлдіршіндер әлемін бау­райтын шығармалар қоржыны жыл сайын тартымды туындылармен толыға берсе игі. Ұлттың рухани кемелденуі үшін балаларға бұдан үлкен базарлық жоқ...

 

АЛМАТЫ