27 Ақпан, 2014

Өзара мүдделестік аясындағы әңгіме

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2-02-01

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бомбардьер» компаниясының президенті Пьер Бодуэнді қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Кездесу барысында ком­па­нияның Қазақстандағы қызметінің перспективалары, атап айтқанда, елдегі көлік қызметінің аясын кеңейту жайы талқыланды. Мемлекет басшысы Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясындағы соңғы кездесуден кейін көлік саласында тығыз ын­ты­мақтастық орнату жөнінде қазір­дің өзінде нақты жұмыс жүр­гізілгенін атап өтті. – Біз «Бомбардьер» тәрізді бел­гілі компанияның Қазақстан на­рығына келуіне мүдделіміз. Осыған байланысты тағы бір отан­дық «Эйр Қазақстан» әуе жолы компаниясын құруды жоспарлап отырмыз, ол бастапқы кезеңде ішкі рейстерді атқаратын болады. Өздеріңіз білетіндей, біз сон­дай-ақ BAE Systems компания­сымен бірлесіп, «Эйр Астана» әуе жолы компаниясын құрдық. Басқарудың осы тәжірибесін жаңа компания құру кезінде де пайдалануға болады. Авиация саласындағы ынтымақтастықпен қатар, біз үшін көлік саласының өзге секторларындағы жобалар да қызықты. Бұдан бөлек отандық ұшқыштар және еліміздегі тех­ни­калық қызмет көрсету орталық­тарына мамандар даярлау сала­сын­дағы ынтымақтастық аса маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті мей­лінше тығыз ынтымақтастық үшін республикамызда компания өкілдігін ашу және бірлескен қызметті өңірлік деңгейге көшіру қажеттігіне тоқталды. «Бомбардьер» компаниясының басшысы бұл кездесудің көлік саласындағы түрлі бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін маңызды екенін айтты. – Біз көлік қызметінің сапа­сын арттыру және жалпы Қазақстанның көлік саласын дамыту үшін бір­лесе жұмыс істеуге дайынбыз. Авиациялық техниканы жеткізу – бірлескен қызметіміздің шағын ғана бөлігі екеніне сендіргім ке­леді. Біз өз технологияларымызды енгізуді әрі мол тәжірибемізді қолдануды да жоспарлап отырмыз. Бұған қоса, Қазақстанның ұшқыштарын оқытып, ұшақтарға қызмет көрсететін сервистік ор­талықтар құрып, осы арқылы Қа­зақстанмен ұзақ мерзімді перспективада жұмыс жүргізетін боламыз, – деді П.Бодуэн.