Аймақтар • 19 Қараша, 2021

Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

606 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жалын жырдың жампозы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы тұтас ел көлемін қамтыды. Арқалы ақынның айшықты жырына арқау болған Алматыда да өнер иесінің өлмес мұрасын дәріптеген игі жобалар жалғасын табуда. Абыз өлеңдерінен қуат алған өнерпаз жастар Алматы қаласындағы Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қою үшін арнайы жиналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қанат қаққан жоба ел аймақтарынан келген жиырмаға тарта жас музыкантты Алматыға шақырды. Олардың ішінде жеке орындаушылармен қатар өнер топтары да бар. Өнерге енді қадам басқан жас музыканттар «Жыр алыбы – Жамбыл» республикалық фестивалінде өнер көрсетіп, көпшіліктің алғысына бөленді. Ақын туған мекенге аңсары ауып келген жеткіншектер ең алдымен Достық даңғылының бойындағы Жамбыл ата ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.   

 – Жаңа жоба отандық хип-хоп индустрияның ең үздік талантты өкілдерін бір шығармашылық алаңда тоғыстырып отыр. Қатысушылар Instagram, YouTube, Facebook әлеуметтік желілері арқылы іріктелді. Іріктеу кезінде өнерпаздардың әртістік шеберлігіне, сөз саптауына, мәтін идеясының ерекшелігіне, вокалдық қабілеттеріне баса мән берілді. Қатысушылар арасында Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері өкілдері: орыс, белорус, өзбек, ұйғыр және басқа этностар бар. Жобаның мақсаты – Жамбыл мұрасын насихаттай отырып, жас таланттарды қолдау әрі ел аймақтары арасында кәсіби-шығармашылық байланысты нығайту. Басқа өңірлерден келген жастар үшін Алатау баурайы Жамбыл ақын туған мекен ретінде ыстық. Сондықтан фестиваль қатысушыларын ақын ескерткішіне әкелдік, – дейді жобаны үйлестірушілердің бірі Сәуле Исабекова.        

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кезінде Жамбыл жырлаған өзекті тақырыптарды бүгінде қазақстандық жас рэперлер көтеріп, жаңа форматта ұсынуда. Сондықтан ақынның туындылары әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпады. Жоба аясында жастар арасында танымал Kyle Ruh, Ziruza, Ray, Nei1tron, Madi Rymbaev, Soulbirkez, Esko сынды жастар өнер көрсетіп, өнердегі өз жетістіктерімен бөлісті.      

Халық поэзиясындағы жаңа өрлеу Жамбыл поэзиясымен тығыз байланысты. Алматыда ақын шығармашылығына жастардың ынтасын оятып, қызығушылығын арттыруды, жыр алыбының баға жетпес ұлттық мұрасы арқылы халықтың рухани деңгейін дамытуды көздеген ауқымды жобалар жыл басынан бері жалғасуда. Өнер өкілдерінің қатысуымен ұлы ақынның туындыларын музыкалық-поэтикалық және театрландырылған іс-шаралар форматында ұсынған жобалар көпшіліктің ықыласына бөленді.          

Айталық, Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде «Бақыт туралы жыр» атты мерейтойлық көрме есік ашып,  ғибратты ғұмыр иесінің өмір өрнегінен сыр шертетін көрмеге  өнер музейінің қорында сақталған 30-дан астам кескіндемелік, графикалық және мүсіндік  туындылар қойылған болатын. Сонымен бірге  ақын есімін иемденген Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының бастамасымен бірқатар ауқымды іс-шаралар кең өріс тапты.