Экология • 19 Қараша, 2021

Атырау облысының әкімі Жайықтың тартылу себептерін атады

507 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Жайық өзенінің тартылуына түрткі болып отырған ықтимал себептерді атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысының әкімі Жайықтың тартылу себептерін атады

«Жайық өзені бойынша айтсақ, трансшекаралық өзен екенін бәріміз білеміз. Өзен негізінен Ресей Федерациясының аумағынан бастау алады. Жайық суының 80%-дан астамы сол Ресейдің аумағында қалыптасады. Өзеннің тартылуына бірінші кезекте климаттық өзгерістер әсер етіп отыр. Жаңбыр мен қардың аз түсуі өзеннің арнасын тарылтуда. Екіншіден, Ресей жағында су қоймаларының көп және өзен ағысы шектен тыс қолдан реттеліп отырған болуы керек. Иә, өзен тартылып барады, біз оны көріп отырмыз. Судың тартылуымен қоса өзен балшықтанып барады. Былтыр Орынборда да осындай жағдай болғанын көрдік. Тек бізде ғана емес. Жайық – көне өзен және арнасы тура тарамдалып жатыр. Иірімдер мен тоқсауылдары көп. Соның кесірінен кей тұста бөгеліп қалып жатады, деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, ол Жайықтың суын өндіріске пайдалануды шектеуге күш салынып жатқанын атады.

«Әкімдік не істеп жатыр дегенге келсек, біз үкіметаралық топ құрылғанын, келісім бар екенін білеміз. Тараптар өзен суының мөлшерін, тұтыну көлемін, әрі қарай не істеу керектігін зерттеуге кірісті. Соның қорытындысы бойынша жасалатын жсопарды күтіп отырмыз. Қазір біздің бірінші міндетіміз – Жайықтың жүктемесін азайту. Шаруашылық субъектілері өзен суын мейлінше аз пайдаланғаны керек. Мысалы, біз қазір сол жағалауда кәріз-тазарту станциясын іске қостық. Одан тәулігіне шамамен 25 мың текше метр су шығады. Біз бұл суды қайта пайдалануға, технологиялық қажеттіліктерге алуды жоспарлап отырмыз», деді Махамбет Досмұхамбетов.

Әкімнің айтуына қарағанда, Жайық пен Каспидің арасындағы балық миграциясын қалпына келтіру үшін құйғанды тереңдету жұмыстары жүргізілуі мүмкін.

«Өзен арнасының төменгі бөлігінде, Каспиге құятын жерінде су мүлде таяз. Ал ол балық миграциясына кедергі. Сол балық өтетін тұстардағы каналдарды қалпына келтірдік. Биыл Қиғаш өзенінде арна мен құйғанды тереңдету жұмысы жүріп жатыр. Ал Жайық өзені бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болмай жатыр. Келесі жылдан бастап бұл жұмыстарды қайта жандандыруды жоспарлап отырмыз. Екі мемлекет арасындағы Жайық өзені бойынша жалпы бағдарлама қабылданғаннан кейін біз осы бағдарламаны іске асыруға қатысамыз», деді Атырау облысының әкімі.