Атырау жұртшылығының да әр жылдан күтер үміті мол. Көпшілікке ашып айтпаса да тұрмысының жақсарғанын қалайтындар көп. Бірақ, мұнайлы өңір тұрғындарының бәрі бірдей қалтасы қалың байшыкеш емес. Осы тұрғыдан айтқанда, алдымен басыбайлы баспанаға зәру отбасылар қатары әлі де болса жетерлік. Мұны облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қоғамдық қабылдауына келетіндердің басым бөлігінің осы мәселе бойынша көмек сұрауынан аңғарып жүрміз. Рас, бақуатты тұрмысқа қол жеткізу үшін әлеуметтік инфрақұрылымдардың жаңғыртылуы қажеттігін жоққа шығаруға болмайды. Бұл, әсіресе, атақонысын алтын бесікке балап отырғандар үшін таза ауызсу, жас ұрпақ үшін тәрбие орнына айналар балабақша, үздіксіз берілетін «көгілдір отын», ауыл мен қаланың арасын жалғайтын тақтайдай тегіс жол...
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр деңгейдегі әкімдерге бірінші кезекте осы мәселелерге баса көңіл аударуды ұдайы айтып келеді. Алға озып айтайық, әкім Б.Ізмұхамбетовтің жұртшылық алдындағы есебінен мақала жазуға кіріскенде, баяндамада айтылған сандарды тізбелеуге ұмтылмадық. Өйткені, мұнайлы өңірде жыл сайын өнеркәсіп көлемінің триллиондық межеден төмен болмайтыны үйреншікті үрдіске айналды. Бұған мұнай мен газ өндіру көлемінің жыл сайын ұлғайып отырғаны оң әсер етуде. Өңірде индустрияландыру картасы аясындағы жобалардың іске асырылуы да өз ырғағын тапты. Кәсіпкерліктің қанат жаюына барынша қолдау жасалып отырғаны, әсіресе, осы салада жаңа жобаны іске асыруға ынта танытушылар мен еңбек ететіндердің көңіліне қуаныш ұялатып жүргені даусыз.
Елбасының әлеуметтік ахуалды жақсарту бағытында берген тапсырмалары мен міндеттері Атырау облысында қалай іске асырылуда? Мәселеге осы тұрғыдан үңілгенде, бірінші кезекте баспанаға мұқтаж жандар үшін пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемінің алдыңғы жылғымен салыстырғанда 0,7 пайызға артқанын айта аламыз. Бұған қоса жас отбасылар үшін «Жас отау» бағдарламасымен тұрғын үй салынып жатыр. Сонымен бірге, бірнеше аудан орталығында, соның ішінде, Атыраудағы ең өндірісті әрі бірегейі саналатын Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының келбетіне сән берер үш қабатты бес тұрғын үй салудың жоспары жасалды. Дәл қазір шағын қала – Құлсарыдағы көппәтерлі үйлердің жартысынан астамы әбден ескірген, тіпті апатты жағдайда тұрған үйлер де жетерлік. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Жылыой ауданының орталығында 1989 жылдан бері мемлекеттің қаржысымен бірде-бір тұрғын үй салынбапты. Енді соңғы 25 жыл ішінде алғаш рет мемлекет қаражатына салынатын бұл үйлерге жыл аяғында 300 отбасы қоныстанады. Мұны енді өте орынды деу ләзім. Өйткені, бұл, біріншіден, Құлсары тұрғындары үшін үлкен жаңалық болғалы отыр. Екіншіден, Құлсарының моноқала атану маңызын арттыра түседі.
Қарапайым жұртшылық үшін ең өзекті мәселенің бірі – жол. Өңірдің ішкі жолдарын жаңарту ісі, әсіресе, Атырау-Индер тасжолының бойындағы елді мекендер тұрғындарын бір серпілтіп тастады. Өткен жылы бұл жолдың 71 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілді. Енді биыл осы жолды жөндеу жұмыстары аяқталмақ. Осы жолға жөндеу жүргізілуіне байланысты Жайық өзені, Махамбет ауданының орталығы тұсынан көпір құрылысы жанданады. Және бір жағымды жаңалық, мұнайлы өңірді Ресейдің Астрахань облысымен жалғайтын күре жолға да жөндеу жұмыстарының таяудағы айларда басталатындығы белгілі болып отыр. Бұл жолдың жаңартылуы Исатай және Құрманғазы аудандарындағы 100 мыңға жуық тұрғынның өңір орталығымен қатынасын жақсартады.
Тұрғындар тұрмысының бақуатты болуына серпін берер тағы бір инфрақұрылымның қатарына ауызсу құбырларын жатқызуға болады. Бұл мәселе туралы сөз қозғағанда әкім он бес су тазарту қондырғысының құрылысы аяқталғанын жария етті. Жаңа нысандар он төрт елді мекенді таза ауызсумен қамтуға жол ашты. Енді биыл тағы да осындай 26 нысан құрылысының ел игілігіне берілетіні күтіліп отыр. Сонымен бірге, бірнеше магистральді газ құбырына жаңғырту жасалыпты. Дегенмен, Қызылқоға ауданында газ желісінің тартылуын күтіп отырған шағын ауылдардың барлығы жергілікті басшылықтың назарынан қалыс қалмайтынына сенгіміз келеді.
Әкімнің бұл есебі бұрынғыдан өзгеше өтті. Олай дейтініміз, әкімнің атына мақтау айтушыларға сөз берілген жоқ. Керісінше, өңірдің әр ауылына газ бен су құбырларының, мәдениет пен білім ошақтарының, балабақша және өзге де әлеуметтік нысандардың қажеттігіне назар аударушыларға шектеу қойылмады. Б.Ізмұхамбетов тұрғындар тарапынан қойылған түйінді мәселелердің бәрі де өз шешімін табатындығына уәде берді. Биыл атқарылатын сан алуан жобалар, соның ішінде атыраулықтардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған жұмыстар жөнінде тарқата баяндады.
Әрине, ел-жұртты алаңдатқан мәселелердің қай-қайсысы да бір сәтте шешіле қоймайды. Әуелі жобасы жасалып, қаржыландыру тетігі шешіледі. Бұл, әрине, біраз уақытқа созылуы мүмкін. Алайда, мұны жұрттың бәрі бірдей түсіне алар ма? Әсіресе, жеке мүдде тұрғысындағы мәселе туралы кей тұрғындар жергілікті биліктен гөрі Парламент палаталарына, министрліктерге үшбу хат жолдағанды тәуір көретін секілді. Осы ретте әкім мынадай мысал келтірді. Атыраудан бір әйел Парламентке «Отбасымдағы азаматымды «ҚазМұнайГаздың» кәсіпорнына жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер» деп хат жазыпты. Және бір жалғызбасты әйел 2 жасар қызын тәрбиелегені үшін ешқандай әлеуметтік жәрдемақы алмайтындығы жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне шағым айтыпты. Екеуі де бұл мәселелердің жергілікті басшылықтың араласуымен шешілетіндігін қаперге алмапты.
Өткен жыл ішінде Б.Ізмұхамбетовтің жеке қабылдауына келушілер де аспандағы айға қол созғандай кейіп танытқанына қайран қаласың. Мәселен, жасы жетпістен асқан ардагердің бірі «Өзім де, әйелім де жетім өстік. Бізге кезектен тыс пәтер бер» деп мәселені төтесінен қойыпты. Жылыой ауданының бір тұрғыны «Бұрын айына 400 мың теңге төленген жұмысты атқардым. Дәл осындай жалақы төлейтін жұмыс тауып бер. Маған 250 мың теңге жалақы беретін жұмыс керек емес» деп бәлсінгендей болыпты. Әкімнің жеке блогына тұрғындардан тек ескерткіш орнатуды сұраған 23 хат түсіпті.
Мұның бәрін тізбелегендегі айтпағымыз, үй беру мен жұмысқа орналастырудың да, жәрдемақы тағайындау мен ескерткіш орнатудың да өзіндік заңдылығы бар. Мұны өресі биік, көзі ашық кез келген жан білуі тиіс. Барға қанағат ету де ұмытылып бара жатқандай. Дегенмен, заңда қарастырылған талаптан тыс «Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы» қағидасымен ештеңе жасалмайды. Бәрі де заң шеңберінде шешімін табады. Әкім өз есебін дәл осылай түйіндеді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.