«Нұр Отан» партиясы өзін халықтың қамын ойлайтын еліміздегі іргелі саяси күш ретінде танытып келеді. Міне, 15 жыл болды, халық партиядан әркез ілгерілеуіміздің іргетасын бекітетін тың идеялар, бағалы бастамалар, сындарлы саяси бағдарламалар күтеді. Елдің ертеңіне қызмет етуді мақсат тұтқан «Нұр Отанның» бұл бағыттағы атқарған жұмыстары да ауқымды.
Ал «Нұр Отан» партиясының үстіміздегі жылдың басында өткен ХV съезі ел өміріндегі өміршеңдіктің өзекті мәселелерін күн тәртібіне шығарғандығымен де айрықша есте қалды. Бұл тәуелсіз мемлекетіміз үшін тарихи маңызы зор оқиға болды. Елдіктің мәселелері айқындалған «Нұр Отан» съезіне делегат болып қатысқаным да мен үшін үлкен мәртебе, әрине. Нұрлы болашаққа бағытталған қадамдардың бастау бұлағы осы съезде бұрынғыдан гөрі де ашыла түсуі партияның саяси бағыттарының Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатымен бір арнада тоғысатынын тағы бір дәлелдеді.
Съезд туралы айтар болсам, мұнда терең талқылаудан өтіп, шын мәнінде халықтық құжат ретінде бағаланған партияның Саяси доктринасының қабылдануын бірден-бір маңызды оқиға дегеніміз жөн. Бұл өте маңызды құжат және уақытында қабылданып отыр. Онда еліміз үшін өте өзекті мәселелер қамтылғаны да оның салмағын арттыра түседі. Қазір біздің әрқайсымызды партияның, сондай-ақ, әрбір нұротандықтың «Қазақстан -2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы рөлі қандай болуы керек деген ойдың мазалайтыны шындық. Міне, Саяси доктринада осындай өзекті мәселелерге нақты жауап берілген, мұнда еліміздің ертеңгі жарқын болашағын айқындайтын стратегияны жүзеге асырудың нақты жолдары анықталған.
Съезде тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын бұрынғыдан гөрі бекіте түсу жолындағы кездесетін проблемалар да кеңінен сөз болды. Болашақта атқарылатын жұмыстардың баяндылығын қамтамасыз ететін бағдарламалық бағыттарға баса назар аударылуы көңілден шықты. Ең бастысы, партиялық саяси жұмыстың елдегі экономикалық ілгерілеуге серпін беруге, тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталғаны съезге қатысушылардың ғана емес, осы іргелі саяси жиынға құлақ түріп отырған қарапайым халықтың да болашаққа деген сенімін арттыра түсті.
Шыны керек, Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуының және партиялық жұмыстың негізгі бағдарламалық басым бағыттарына негізделген әсерлі сөзі ұтқыр ойлылығымен, бастамашылық бағалылығымен баурап қана қоймай, алдағы жұмыстардың ауқымдылығын да аңғартты. Елбасы әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына енудің өзіндік жоба-жоспарын көз алдымызда нақпа-нақ елестетті. Түйіп айтқанда, Елбасы съездің Қазақстанның жаңа тарихи шешуші кезеңінде өтіп отырғанын айрықша атап көрсетті. Оның негізгі міндеті «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген мақсаттарға қол жеткізудегі «Нұр Отан» партиясының рөлі мен саяси маңызын анықтау болып табылады. Елбасы ХХІ ғасырдағы партияның көшбасшылығын анықтайтын жеті басым бағытқа қатысты өзінің өміршең ой-тұжырымдарын алға тартты. Біз депутаттық фракция, жалпы облыстық мәслихат жұмысын осы бағыттарды басшылыққа ала отырып жүргізуіміз керек екенін түсінеміз, солай істеледі де.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев съезде Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына ену жолындағы стратегиялық міндеттерін де баяндады. Бұл мақсатқа жету – көбіне-көп адам факторына, адамдардың көңіл күйіне, олардың шешімділігіне байланысты екені де анық. Тәуелсіздік жылдарындағы барлық жетістіктер Елбасының басшылығымен атқарылған орасан зор және күрделі жағдайдағы жанқиярлық еңбектің нәтижесі екенін халық жақсы біледі. Президент Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы орны туралы айта келіп, стратегияның негізгі өзегі Отанымызды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу қажеттігін пайымдайтын жалпы халықтың ой-арманы екенімен орайлас өрбітті. Тәуелсіздікті жария етіп, Қазақстанымызды дамыта отырып, біз дамудың шалғай шетінен біржола шығып кеттік, Еуразияның лайықты мемлекеті болдық», – деп атап өтті өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондықтан біздің Елбасыны қолдауымыз – ел тәуелсіздігінің нығаюын, бәсекеге қабілетті және өсіп-өркендеген Қазақстанды қолдау деген сөз.
– Партияға біздің көп этносты халқымыздың бірлігі үшін жоғары жауапкершілік жүктеледі. Осы орайда, түрлі деңгейдегі партия ұйымдары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Нұр Отан» парламенттік фракциясының және Ассамблеядан сайланған Мәжіліс депутаттарының бірлескен іс-қимылының тұтас бір жүйесі қажет. Біздің ұранымыз – «Бір ел – бір халық – бір тағдыр». Бұл – біз нақты өмірде дәйектілікпен жүзеге асырып келе жатқан аса маңызды қағидат, – деді съезде Президент. Мемлекет басшысы біздің басты құндылығымыз Қазақстанда тұратын 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің бірлігі мен келісімі болып табылатынын тағы бір еске салды. Адамдардың бір-біріне деген құрметі, рухани құндылықтарды сақтау, қоғамды біріктіру, міне, осылар ғана біздің өркениетті мемлекет ретінде дамуымыздың басты шарты болып табылады.
Біздің пайымдауымызша, Қазақстанның өркендеуі мен көркею жолын жалғастыру үшін азаматтар құлықты және жауапты, отан сүйгіш болуы қажет және өзінің бақуатты тұрмыс жағдайын ғана емес, елінің болашағын ойлауы тиіс. Саяси доктрина партиялықтармен қатар, барлық азаматтарды біріктіру және ынтымақтастыру мақсатын көздейді.
Қарапайым адамдардың проблемаларын шешу, еліміздегі болып жатқанның барлығына жауаптылықтарын өз мойнына алу, міне, партияның «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында» жаңа Саяси доктринасы аясындағы партияның рөлі осындай. Ал Доктринадағы маңызды мәселе – мемлекеттік тілдің халықты біріктірудің негізгі факторы екендігі. Президент өзінің сөзінде бұл мәселеге айрықша мән беретін кез келгенін қадап айтты. Қазақ тілін білу тек азаматтық міндет қана емес, мемлекет құраушы қазақ ұлтына деген құрмет те екенін жеткізді.
Елбасы өзінің сөзінде партияның жаңа Саяси доктринасы алға қойған міндеттерді шешудегі депутаттардың рөліне де тоқталды. «Партия халық мүддесінің бастаушысы болуы үшін депутаттар корпусы тарапынан атқарушы биліктің жұмысын тиімді бақылау қажет етіледі. Бүгінде жүйелі жаңару талабы қойылып отыр», деп атап өтті партия Төрағасы. Қазіргі таңда депутаттар алдына азаматтардың мүддесін тиімді білдіру, бұқара мен биліктің арасында әрекетті делдал болу міндеті қойылып отыр деп есептеймін. Билікке адамдардың шешімін күткен өзекті мәселелерін, олардың қалай тұрып жатқанын жеткізу керек. Өзекті мәселелердің шешімін табуына мұрындық болу қажет. Қоғамдық қабылдаулар мен партиялық бақылау бекеттерінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес, депутаттық фракция жұмыстарының тиімділігін арттыру да күн тәртібіндегі мәселе.
Президент еліміздегі жастар мәселесіне де назар аударды. Ол, әсіресе, ХХІ ғасырда тек жастар қолдауына ие партияның көшбастаушы болатынын айрықша атап өтті.
«Жастар – біздің алтын қорымыз», деді Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде.
Нұрсұлтан Әбішұлы жас қазақстандықтардың партия ұстанған бағыттарды кеңінен қолдауының, олардың «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға кеңінен қатысуының үлкен тарихи және тұрақтандырушылық маңызы бар екеніне баса назар аударды. Съезде партияның логотипі мәселесі де қаралды. Онда рауандап жаңадан атып келе жатқан күн, тау көрінісі және қар барысы бейнеленген. Шығып келе жатқан күн еліміздің жарқын жеңістері мен болашақ жетістіктерін білдіреді. Таудың қарлы шыңы біздің халқымыздың биік мақсаттар мен болашаққа ұмтылысын көрсетеді. Қар барысы болса, тәуелсіздігімізді, күшіміз бен адамгершілігімізді айғақтайды. Сондай-ақ, логотиптегі «Нұр Отан» деген жазу партияның ел дамуына қосар үлесін аңғартады. Съездің «Болашақты бірге құрайық» тезисі біздің барлығымыздың еліміздегі өміршең үдерістерге қатысушылар болып табылатынымызға тағы бір дәлел болады.
Ойымызды тұжырымдай келе айтарымыз, ХV съезд партияның дамуындағы жаңа да жарқын беттер болғаны күмәнсіз. Ол бұдан былай тек партияның ғана емес, жалпы қоғамды Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал да салиқалы саясаты төңірегіне топтастыруға ықпал етпек. Бұл экономиканы нығайту және дамыту, адал әлеуметтік саясат жүргізу, мемлекеттік басқарудың тиімділігін қамтамасыз ету және әлемге ашық Қазақстанның тәуелсіздік тұғырын нығайту болып табылады. Жалпы, партияның кезектен тыс ХV съезі, біздің ойымызша, саяси және идеологиялық ең жоғары деңгейде өтті. Ал партияның Саяси доктринасы «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы партияның рөлін анықтаған, оның бағыттарын айқындаған және уақтылы қабылданған саяси құжат болды.
Біз съезде көтерілген мәселелер мен айтылған ой-пікірлерден осыны ұқтық. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға партия қосатын үлестің ауқымды екенін түсіндік. Мұның әрбір нұротандықты осы тарихи кезеңдегі игілікті істерге атсалысуға жұмылдыратынын да айқын аңғардық. Ал еліміздегі ілгерілеуге бағытталған істердің алғы шебінде болу – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз және перзенттік парызымыз.
Сәния ҚАЛДЫҒҰЛОВА,
Ақтөбе облыстық
мәслихатының хатшысы.