Спорт • 21 Қараша, 2021

Әлем чемпиондары мен жүлдегерлері марапатталды

1118 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен аптада Алматы қаласында Ұлттық Олимпиада комитеті мен Қазақстан бокс федерациясы Сербия астанасы – Белградта өткен бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сонымен қатар спортшылардың табысты өнер көрсетуіне мүмкіндік жасаған жаттықтырушылар мен ғылыми-кешенді топтың мүшелерін қаржылай сыйақымен марапаттады.

Әлем чемпиондары мен жүлдегерлері марапатталды
 

Осыдан екі апта бұрын Белград төрінде мәреге жеткен бокстан әлем чемпионатында Қазақ елінің былғары қолғап шеберлері 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте Куба жігіттерін алға жіберіп, екінші орынға тұрақтаған еді. Жа­һандық додада Теміртас Жүсі­пов (48 кг) пен Сәкен Бибосынов (51 кг) әлем чемпионы атанса, Мах­мұд Сабырхан (54 кг) мен Серік Теміржанов (57 кг) күміс жүл­деге, ұлт­тық құрама капитаны Абы­лай­хан Жүсіпов (67 кг) қола жүлдеге ие болды.

Боксшылардың қаржылай сыйақыларын Қазақстан бокс фе­дерациясының басшысы Ке­ңес Рақышевтың өзі табыстады. Әлем чемпионы атанған боксшының әр­қайсысына 70 мың доллар, күміс жүлде­герлерге 50 мың доллар, қола жүл­дегерге 25 мың доллар көле­мінде сыйақы берілді.

– Бокс – қазақтың ұлттық спор­тының біріне айналып кетті десек, артық айтқандық болмай­тын шығар. Өйткені бұл спорт түрінен бізде дәстүрлі ұрпақ­тар сабақтастығы бар. Бел­град­тағы әлем чемпионатына келсек, жаңартылған құрам сәт­ті өнер көрсетті. Біз алға қой­ған мін­детімізді орындап, жан­күйер­­лердің үмітін ақтадық деп есеп­теймін. Спортшыларымызды Бел­градтағы жетістіктерімен құт­тықтаймын! – деді ҚБФ президенті Кеңес Рақышев.

Сондай-ақ бокстан ұлттық құ­раманың жаттықтырушылар құ­рамы, олардың жеке жаттық­тыру­шылары, кешенді ғылыми топ ма­мандары және әлем чемпионатын­да өнер көрсетіп, бірақ жүлдеге ілінбей қалған боксшылар да федерация басшылығының назарынан тыс қалған жоқ.

Атап айтар болсақ, бокс­тан ерлер құрамасының бас бап­­­кері Қайрат Сәтжановқа, әлем чем­пиондарының жеке бап­керлері Қуанышбай Көкі­шев (Т.Жүсіповтің бапкері) пен Мырзағали Айтжановқа (С.Би­босыновтың бапкері) 10 мың дол­лар, күміс жүлдегерлердің же­ке жаттықтырушылары Ілияс Орал­беков (М.Сабырханның бап­кері) пен Азамат Мақажановқа (С.Теміржановтың бапкері) – 8,5 мың доллар, қола жүлдегердің же­ке жат­тықтырушысы Бауыржан Аман­­баевқа (А.Жүсіповтің бап­кері) 5 мың доллардан берілді.

Әлем чемпионатына қатысқан Саматәлі Төлтаев (60 кг), Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Асланбек Шым­бергенов (71 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Бек Нұрмағанбет (86 кг), Айбек Оралбай (92 кг) және Нұрлан Сапар­байларға (+92 кг) 800 мың теңге және олардың да жеке жат­тықтырушыларына 400 мың теңгеден сыйақы берілді.

Сонымен қатар ұлттық құрама­ның аға жаттықтырушысы Нүркен Андасов – 7 мың доллар, команда жетекшісі Асқар Шәріпов, дәрігер Талғат Куканов және мас­саж жасаушы Әлібек Әбілов 2 мың доллар көлеміндегі ақшалай сыйақыға ие болды.

Тағы бір айта кетерлігі, әлем чемпионатының алтын медаліне ие болған спортшыны мемлекет 15 мың доллармен, күміс жүл­дегерді 7 мың доллармен, ал қола жүлдегерді 5 мың доллармен марапаттады. Сый­ақыларды Олимпиадалық комитеттің бас хатшысы Андрей Крюков Алматыдағы жиында салтанатты түрде табыс етті.

– Ұлттық Олимпиадалық коми­теттің атынан Кеңес Рақышев бас­таған Қазақстан бокс федерациясын, бапкерлер құрамын және спортшыларды әлем біріншілігінің медальдарымен құттықтаймын. Бұл нәтиже Олимпия ойындарынан кейін федерация қайта құрылып, кадрлық өзгерістер енгізіліп, жа­ңа жат­тықтырушылар штабымен бірге қателіктермен жұмыс іс­теп, қорытынды шығарғанын көр­сетеді. Бұл жеңістер әрбір отан­дық жанкүйер үшін маңызды болды, бүкіл ел боксшылардың жетіс­тіктеріне қуанды. Бірақ әрбір жеңіс пен спорттық жетістіктің ар­тында үлкен команданың – жат­тықтырушылардың, спорт дәрі­герлерінің, федерацияның орасан зор еңбегі тұрғанын атап өткім ке­леді. Біз бүгін марапатталатын команданың әр мүшесінің, со­ның ішінде жеке бапкерлердің, дәрі­герлердің, массажшылардың және басқа мамандардың үлесін баға­лаймыз, – деді Андрей Крюков.

– Барлық боксшылардың атынан Мемлекет басшысына спортшыларға қолдау көрсетіп, елімізде спортты дамытуға көңіл бөліп отырғаны үшін, сондай-ақ жаттығу жұмыстары мен жа­рыстарға қатысуымызға барлық жағдайды жасап, ел намысын абыроймен қорғауға жігерлендіріп отырған біздің бокс федерациямыз бен Ұлттық Олимпиадалық комитетке алғыс білдіргім ке­леді. Біздің қайсымызды алып қарасаңыз да, әлем чемпионатына тек жеңіс үшін аттандық. Бәріміз бірдей үміт­ті ақтай алмасақ та, ел намы­сын абыроймен қорғадық деп ой­лаймын. Қазіргі таңда спорт­шылардың бәріне жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін барлық жағдай жасалғанын білеміз және бұдан кейін жаттығуымызды кү­шейтіп, бұдан да биік белесті бағындырып, қазақстандықтарды қуантуға барымызды саламыз. Баршаңызды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құт­тықтаймын! – деді бокстан құ­ра­ма капитаны Абылайхан Жү­сіпов.

Айта кетейік, келесі жылы бокс­­шыларды бірқатар ірі жарыс күтіп тұр. Олардың ішіндегі ең ма­ңыздысы – қыркүйекте Қы­тай­дың Ханьжоу қаласында өтетін Жазғы Азия ойындары.