А.К.: «Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедім?» деген сауалыңыздың жауабын мен де білгім келеді?
«Сені іздедім.
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!» дегендейін, іздегеніңізді тауып, таныдыңыз ба?
М.М.: Адам бар жерде поэзия бар. Табиғаттың таңғажайып құбылыстарын алдымен сезініп, алдымен ләззаттанып, алдымен жиіркенетін де сол адам десек, ендеше поэзияның бүкіл болмысының өзі сол адамның ақыл-парасаты сезім-түйсігінен жаралған. Демек адамның қатынасуынсыз поэзия жоқ. Барлық табиғатымен өмірдің өзі тұнып тұрған поэзия дейміз, алайда сол өмірді, сол керемет табиғатты көретін көз, танитын талант, сезетін сезім керек. Әрине, есі дұрыс, басы жұмыр пенденің бәрінде де сезім бар, сезінбеуі мүмкін емес. Себебі, қуанады, күйінеді, шаттанады, мұңаяды дегендей...
Алайда сезіну бар да, сезімін сезімдерге айтып жеткізу, мойындату да бар ғой. Міне, осы тұста адамдар дараланады. Әр халық өзінің сезім дүниесінен енші бөліп, сеніп тапсырып, дүниеге өзінің сезімтал елшілерін жібереді. Оның аты – Ақын. Адамның сезімі – алынбас қамал. Ендеше сол сезім қамалының сахабасы да, жалаушысы да ақын.
Шынайы шын ақын – өз халқының шаттанса, шаттығы мен қуанышы; жыласа – көкірек шері мен көз жасы. Осыдан барып, оның азаматтығы да, ақындығы да сарапқа түспек. Тек осы биіктен көз салғанда ғана жасанды жалтырауық, әсіре қызыл поэзиядан табиғи, халықтың өзіндей қарапайым поэзияны, көпке ортақ – ғалымға да, малшыға да бірдей түсінікті поэзияны тану – оншама қиынға түспейді.
Өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға белгілі бір көзқарасы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін азаматымын деуге де хақысы жоқ.
Қазіргі нағыз ақын алдымен ойшыл, яғни философ болуы қажет. Поэзияның жалаң сұлулығы жалаңаш сұлуға ұқсайды: оны тек қызықтауға ғана болады. Ақынның міндеті суреттеп шығу, баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып беруде. Осы заманғы ақын тәжірибелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс. Поэзияда философ болу деген сөз — өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда салқынқанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін «адам жанының инженері» болып қалу керек...
А.К.: Ақын болу үшін ақында не болуы тиіс?
М.М.: Бірінші: талант. Білімді, сұңғыла талант (диплом міндетті емес).
Екінші: ұят, өзінің нашар өлеңдерін оқығанда өзінен өзі ұялу үшін.
Үшінші: қарапайымдылық. Пушкин мен Абайдікіндей болмаса да, басқалар түсінетіндей адамдық қарапайымдылық. Ақылдымсымау, түсіндірмеу, тек жырлау.
Төртінші: түйсік. Басқалар көре алмайтынды көру және тану.
Бесінші: еңбек, үнемі шыңдалып отыру үшін.
Алтыншы: жан. Жан байлығын әмәнда сақтау қажет.
А.К.: «Поэзия – азабы мол ауыр жол» дейсіз...
М.М.: Егер ол сіздің жүрегіңізге бірден ұялай қалса, одан келіп, тіліңізге үйірілсе, қапас ойдан қарғып шығуға ұмтылса, бір сөзбен айтқанда, сізді біртүрлі мазасыздыққа душар етсе, ондай жыр, сізге оп-оңай көрінгенімен, оңайлықпен жетпегенін түсінсеңіз болғаны. Онда сіз сарыла сезініп, сарқыла ойланып, өзінен өзі таусылған, өз жүрегін өзі жегідей жеген «құдірет те, құл да, құрт та өзі» (Державин) сарсаң жанның жақыны мен досысыз.
Ол – ақын. Өзіңіздің ақылыңыз. Ол да адам, көктен түспеген. Ол да өзіңіз сияқты, еткен еңбегінің өтеуін қалайды, рахым-рахатынан татқысы келеді. Ал ақын үшін саналы қауымның бағасынан, оның заңды талғамынан, тарауынан артық қаламақы жоқ. Сіз ақынға (егер ол ақын болса) әділетті бағаңызды беріп, оны түсінуге тиістісіз, ақынды алақанға салып аяламай-ақ қойыңыз. Ақын деген – Сіздің өзіңіз. Сіздің көңіліңіздің қуанышы мен көзіңіздің жасы. Ол сіз болып күліп, сіз болып жылағысы келеді. Ол сіз болып күйінген сәттерінде, Сізден пана іздейді, мұңын Сізге шағады. Сіз қабылдарсыз, қабылдамассыз, ұнатарсыз, ұнатпассыз, алайда оның Сізсіз күні қараң. Өзіңіз болғандықтан да, өзіңізге өзіңіз іздеп тауып, түсініп, түсінгеніңізге қарай билік құруға хақыңыз бар.
Ал поэзия дегеніміздің өзі – жастық мәңгілік жаңару мен түлеу. Егер поэзия түлемесе, жаңарып отырмаса, Пушкиндер мен Абайлардан кейін ол есіктен шығудың өзі ақымақтық болар еді. Поэзия – ғылым. Ол өзінің түрі мен мазмұнына, ырғағы мен ұйқасына, жалпы бойына түр жаңалықтарымен ажарланып, қайта туып, мәңгілік құбылып отыратын ғылым. Ол – адам баласының сезіну, ойлау, тіптен қиялдау процесінің ең жоғарғы сатысы. Өмірдің түкпір-түкпіріндегі сан алуан құбылыстарға, табиғат көркіне, ғылымның қай саласындағы болмасын тындырылған іске, өнердің шырқау биігіне көтерілген туындыларға поэзияның көзімен қарап, бәріне поэзиялық баға берілуі тектен-тек емес.
А.К.: Рух пен сезім поэзияда қалай ұштасады?
М.М.: Бұл арада Әбішпен келіспеске болмайды. Поэзия – адам баласының рухы. Поэзияға тән рухты әдебиеттің басқа жанрларынан табу қиын. Поэзия – сезім мен рухтың құймасы. Алдымен поэзия болсын, ал эпика, лирика дегендеріңіз шын поэзияның шымылдығы ғана. Рух пен сезім! Жалпы поэзияның туы осы екеуі!
А.К.: «Ұшқан құс ұясын іздейді» дейсіз. Жырдың көкжиегінде қалықтаған ақын қайда қонақтайды?
М.М.: Ақынның ұясы – халық. Өзге туралы ма, өзі туралы ма, тіптен өмірде бар нені болса да жырға арқау етерінде, ақын құбыласын халыққа қарап түзейді. Бұл – оның еркімен де, еркінен тыс та жасалып жататын шарт. Ақынның жекеменшік қазынасы жоқ. Оның үні мен тілі, поэзияға керек қару-жарағы – барлығы халықтікі. Тек қайшылық-қарбаласы мол тірлікті қалай түсіну, сезіну және де сол түйсік сезімін жыр аспабымен басқаға жеткізу ғана ақынды өз орнына отырғызып, оған ерекше міндет жүктейді. Сол қасиетті парызды өтеу жолында оның қабілеті мен ісі, таланты мен шеберлігі айқындалмақ. Бұл жолда ойлы ақын оңай соқпақтардан жеп-жеңіл секіріп өтіп, шеккен мехнатын салғырт сезімнің жылы ғана буына ұстап, жырға зәру жандарды алдарқата алмайды. Соңдықтан да ақын өзімен өзі арпалысып, өзімен өзі сырласады, «қолқасына қалам матырады» (Қуандықтың сөзі). Ақынның бірінші ерекшелігі осы болса, екіншісі, ақын сыры қауымынан жасырылмақ емес; сырын жасыруға ақынның шамасы да келмейді. Ол жылай отырып күлгенін, күле отырып жылап алғанын өзі де аңғармайды. Қарама-қарсылыққа өмір қандай ырғын болса, ақынның шым-шытырық сезім дүниесі де қайшылықтарға соншама бай. Ақынның міндеті – өз сезімін өзі тұтқындамау, ағынан жарылып, азапқа салған ауыр ойдан айтып құтылу. Өзінің жан дүниесін қауымға жайып салу. Ойып айта алды ма, жоқ па, сезімінің құсы басқа жүректен ұя таба алды ма, жоқ па, оған төреші – оқушы қауым. Бұл сапарда ақын өзіне өзі қайшы келіп жатса, қуана отырып жылап, жылай отырып қуанып алса, оған танданатын дәнеңесі жоқ. Ол – ақын мінезінің күрделілігі, асау сезіміне ауыздық сала алмағандығы, бар сырын бүге алмағандығы.
А.К.: Азаматтықты жырлау – әлдеқайда күрделі де қиын дедіңіз ғой...
М.М.: Кәрі, жасымыз бірдей баяғы мыңдаған жол ұзақ дастандарды әзірге қалдыра тұрып, лирика деп аталатын ауылға аттандық. Керемет керемет болмай қалған, таңғажайып тамашалардың өзі де сезімімізді селт еткізе қоймайтын осынау керемет дүниенің бәрі стартта тұрған, асығыс аласапыран ғасырда, адамдардың әуелгі, сәбилік сезімін сақтап қалу үшін жансала аласұруда. Сондықтан да олар аз сөзбен көп түйінді шешуге, аз күліп, көп уайымдауға, аз ұйықтап көп ойлануға тура келеді. Біздің қазақ ақындары дамудың осы бір толғағын басынан кешіруде.
... Бұл сөз жоқ, жақсы да жанды құбылыс, өсетін, өрбитін құбылыс. Адамның, тек қана адамның адал сезімін мына алапат ғасырдың шаң-тозаңдарынан, сәуле-шашындыларынан қалайда қорғап қалу жалпы дүние жүзі ақындарының қазіргі замандағы миссиясы осы.
Демек, осындай миссияны орындап шығу үшін ақын болу, тіпті лирик болу да аз, әрине. Күрескер болу керек. Ал күрескер болу – азамат болу деген сөз. Өз дәуірінің, өзі өмір сүріп отырған қоғамының азаматы болу дегеніміз асқан жауапкершілікті керек етеді. Ал ақын дегеніміз – өз дәуірінің бірінші нөмірлі азаматы.
Ақындарымыздың жинақтарын оқу үстінде, күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе – азаматтық әуеннің тапшылығына көзім жетті. Азаматтық әуен – тек қана «урамен», «жасасынмен» жасалады, оның жұртқа қажеті шамалы деген тоғышарлық теріс ұғымға бойұрған ақынның өз обалы өзіне, ондай ақынды қарғыс атсын. Рас, азаматтықты жырлау – әлдеқайда күрделі де қиын. Азаматтықты жырлау үшін, талас жоқ, бір ғана талант жеткіліксіз. Ол ақынның дүниетанымын, талғам, қала берді, ағыл-тегіл эрудициясын керек етеді. Азаматтық үн айқайға ұласпайтындай, азаматтық бірінші, бас скрипка барабанға ұқсамайтындай терең мағыналы азаматтық поэзияға аттанатын уақыт жетті.
А.К.: «Шынайы шын поэзия – адам сезімінің анатомиясы да, шынайы ақын шынайы шын ақын соның зерттеушісі» деген ойыңызды тарқатып, ақындардың шығармашылығын зерттейтін, талантын таразылайтын кім деген сауалыма жауап таба аламын ба?
М.М.: Көркем сынсыз көркем әдебиет өмір сүрмейді. Сын өз мойнына талай нәрсені алуға тиіс. Сын қазы да, адвокат та болуы керек, ал қажет бола қалған жағдайда ол өте қатал мейірімсіз айыптаушы да бола білуі керек. Әйтпесе, әдебиет, жалпы өнер атаулы алғашқы қоғам құрылысын елестетеді. Әркім өз білгенінше, мұнысы жақсы еместігін сезе тұра, жабайы түйсікпен, көркемдікке жат әрекет жасайды. Алайда кимелей береді, кимелей береді. Соның бәріне сын кінәлі. Бізде дұрыс сын жоқ. Оның таза, әділ, білгір өкілдері жоқ. Тек жағымпаздар бар. Олар беделділерді мақтау үшін өзара жарысқа түседі. Олар сол арқылы әдебиеттің асырауында өздерінің қала беруін қамтамасыз етеді. Бұл урашыл-сыншылар көркем шығарманы шатпақтан ажырата алмайды. Олар үшін автордың өзі бірінші орында тұрады. Оның кім, қандай қызметте екеніне көңіл аударады. Ал ондай шатпақайлардың көлеңкесінде таланттар бірте-бірте сөне береді.
Ақиқатына жүгінсек, соңғы ондаған жылдар бойына қазақ ақындарының шеберлігі төңірегінде, алған тақырыптарының аумағы төңірегінде, жыр техникасының жасалуы жөнінде ғана сөз болып, ал енді қазақ поэзиясының қанына тән халықтық, ұлттық ерекшеліктері туралы ауыз тұщытарлық ештеңе айтыла қоймағанын аңғарамыз. Осыдан барып, сазды жерге шыққан жасық жаужапырақтай құнарсыз-нәрсіз өлең жинақтары қаптап кетті. Бір өлеңімен де бір рет мерзімді баспасөзде көзге түсе қоймаған «дарын иелері» бірден жинағын шығарып, онысымен де қоймай, енді «таңдамалыларын» да бастыруға үміткер. Амал не, қасиетіңнен айналайын қазақ әдебиеті бұған да төзді. Әдебиеттің көкжиегінен өзі әзер көріне бастаған Дон Кихот және де жалғыз келмей өзімен қоса Санчо-рецензент-хатшысын ілестіре келеді. Жасыратын несі бар, қазақ әдебиеті бұған да төзіп, мұны да басынан өткеруде. Осының салдарынан қазақ әдебиетінің саналы, сауатты оқушыларынан гөрі жолбике «төрешілері» көбейіп кетті. Түбін таяқпен түрткендей тайыз, ұшқары ой мен үшкір қаламның бір сілтеуінен дүниеге келе қойған құнсыз шығармадан да, дәл осы тәсілмен әдебиетке жасалған жаңсақ, ақкөңіл «төреліктің» зияны әлдеқайда зор болмақ. Әрбір әдебиет серісінің бір-бір Санчо-рецензентінің болуы жақсылық емес. Көреген сыншыларымыз көркем әдебиетті Санчо-рецензенттерден сақтайды деген сенімдеміз.
А.К.: Әдебиетімізді арамшөп-
терден тазартатын күн туар ма екен?!
М.М.: Қайдам?! Осы күнгі әдебиет – нағыз таланттардың әдебиеті емес, пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздар мен қорқақтардың шатпағы. Әдебиеттің көкжиегіне өйтіп-бүйтіп бір алаяқ іліне қалса, ол өзі сияқты бір Санчо-сыншысымақты сүйрелей келеді. Ол «сыншысымақ» белгілі бір уақытқа дейін өз шәркейін сол салада сүйретіп жүріп жатады. Жағдайы барда айпап-жайпап қалуға тырысады. Біреуге жағымпазданады, біреуді қорқытады (өзі де қорқады), содан соң жан-жағына қарайды: жоқ бұдан әрі бүйте беруге болмайды екен; ол өзінің шатпақайшыл серіктестерінің көмегімен ұялмай-қызармай үлкен әдебиетке аяқ салады, сөйтіп енді өзі шығармалар жаза бастайды. Сондықтан бізде ай сайын әдебиетімізде жаңа, бірақ өзі белгісіз, аты-жөнсіз бір «жұлдыз» пайда болып жатады. Ал біз құнарлы топырағымыз тағы бір арамшөпті өсіргенін елемейміз. Қашанға дейін осылай созыла бермек? Арамшөптерді түп-тамырымен жұлып тастауға әлдекімнің батылы жете ме? Менің ойымша, ол бір ғана кісінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан мен әдебиетіміздің тазалығы үшін қиналатындарды, азшылық таланттарды мынаған шақырам: Достар, таланттар! Бірігіңдер! Барлық шатпақайшыларға қарсы майдан ашыңдар! Олардың жебеп-жебеушілерін түгелдей әшкерелейік! Ұқсаңдаршы, біздің әдебиетіміз тұншыға бастады!
А.К.: Осы сөзіңіздің жалғасындай мына жырыңыз ойға оралады екен...
«Бота тірсек, боз белбеу, қатпа бала,
Ойыңа келгеніңді шатпа, бала.
Ойнақтап ортамызда жүргің бар-ау,
Оп-оңай жаға салып аққа қара.
Ойыңа келгеніңді шатпа, бала!
Қайтесің ақын болып тумағасын,
Жаныңның сезесің ғой жырламасын.
Əдебиет үйінен орын таппай,
Əр есікті əуре боп бір қағасың.
Біреуге іні, біреуге жұрағатсың,
Бір көрініп қалуға құмар-ақсың.
Місе тұтпай, ұмтылған əр табаққа,
Қайдан келген, қарағым, сұғанақсың?!
Есек дəме аңшыдай қақпан артқан,
Аралыштап,
жақсы емес сақпан атқан.
...Сыншының ары таза болса керек
Алдында жатқан ана-оу
ақ парақтан!!!»
М.М.: Адамдардың арасында болған алауыздық мені де шарпымай өткен жоқ. Әзірге немен тынары белгісіз, барым менің, балам менің, жарым, жақсылығым менің – поэзиям, тек сені сақтап қалсам екен. Сені де өлтіргісі келе ме, қалай?! Олай бола қоймас, егер бола қалса, қалған өмірдің қызығы не маған. Ойлап отырсам, менде бір арман бар екен. Ол – қалайда халқыма жағыну, ұнау соған. Тек соған ғана жасырмай шынымды айтсам деп едім. Халқым, үнімді қалай жеткізем саған?..
– Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, Халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!
Енді өзім туралы. Жыр түсінер қауым өлеңдерің жақсы дейді, әр тұстан қолпаштаған хаттар да алып жүрмін, бірақ сенуім қиын. Жаман жыр жазу қиынға түсіп барады. Жақсы жыр басылмаса, жарық көрмесе, қайтем?! Білмеймін... Тәңірім әзірге шешемді тірі қоя тұрса екен. Өстіп, тұралап жүрген кезімде қисая қалса, ел-жұртқа масқара болам ба деп қорқам...
А.К.: Анаңыз туралы айтыңызшы?
М.М.: Анам, Анам! Жеті қат жер астында жатсаң да біліп отырсың-ау! Кешір, ана, өмірде көрген жақсылық пен жамандығым ойымнан ұмыт болғанымен, дән теріп тамақтандырған сен ойымнан қалай ұмыт боларсың?
Апатайым, неткен айбынды, зор едің! Алқабынан алтынын ақтарып алып жатқан асқар тау да сенімен теңдесе алмайды! Сен әрқашан биіксің, зорсың! Олай болуға хақың да бар.
...Нақам – ақ, көңілім, асылым – Анам. Адамға деген жақындық, адалдық сенің осы бір ұсқынсыз тұлғаң мен бейнеңнің қай жерінде екен, ә!
...Өткен жылы (1952 ж. 31 март) дәл бүгінгі күні мен туған жерімде едім...
Әлі есімде, ауылдан оқшау, қара судың бойында жатқан, төңірегін қалың ши басқан туыстарымның қабірінің басында болып едім. Менімен бірге Сыдық, Тоқталы болған-ды.
20-сында ма, болмаса 25-інде ме, есімде жоқ, қайтыс болған кәрі анамның денесін жасырған топырақтың бетін әлі күн құрғатып та үлгермепті. Үшеуіміз аттан түсіп, қабірден иіскеп топырақ алып тастадық.
Су бойында өскен жас шыбықтар әлі көктеп үлгермепті. Сонда да болса менің ойымда бір тал жас шыбық қиып әкеліп, қабірдің басына шаншып қойсам ба деген сезім туды. Бірақ өзімде де, жолдастарымда да пышақ болмады.
Әрине, шаншып қойған күнде де одан қандай нәтиже шығар еді. Бұл тек қолдан түк келмегеннің ісі еді...
Міне, он сегіз жыл тәрбиелеген анаммен мен осылай қоштасқанмын.
А.К.: Жүректі тербеп, көңілге мұң келеді...
М.М.: Адам өмірінің бақытты – балалық шағы. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына ақау түскені...
Құрбы-құрдас, замандастар мен туралы көп-көп қауесет таратады. Біріне-бірі айтады, «өзімсініп» өзіме де айтып қалады. Көбісін бояп, бірінен-бірі жаңартып айтады, ал мен олардың қай қырымнан қасығысы келіп тұрғанын түсінбейді ғой дейсің бе?.. Түсінем. Бекер обалдары не керек, бәрінің сыйлайтынын да білем. Білем де қоям, қарсы болмаймын, айта берсін, арамдық ойласа, өздерінің басынан артылмасын. Тек менің жұртқа зиянсыз екендігімді түсіне ме, жоқ па?!
Мен үшін дүниенің ең қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл – бір. Екінші – болмайды, жарамайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім. Сірә, сүріне беретінім де осыдан болар.
Уақыт өз рөлімді маған да бөліп берген, соны дұрыстап ойнап шығу жолында мен де тырбанып бағам, әрине. Демек, мінездегі жасандылық (әртістік) маған да бөтен емес-ау...
...Бүгін таңертең балконға шығып едім, мұрныма ауылдың көктемінің иісі келді. Сонау «Айқайтастан» соққан жайлаудың самалының иісі келді.
Сонау соғыс жылдары шешем екеуміз, әжем де бар, қой айдап жайлауға алғаш көшіп барған балауса, балғын шақ есіме түсті. Әлі мал аяғы таптамаған Шалкөденің жап-жасыл жазығы тұрды көз алдымда. Сол кезді, сол табиғатты бірінші рет маған көрсеткеніңе құлдық, тәңірім!
Сұлу сүйіп, сауық құрмай барам. Мейлі, өкінбеймін. Туған жерімнің тұнып тұрған қылшығына қылаң түспеген сұлулығын алдымен мен сүйгем! Соның бәрінің қызығы менде, менімен өзіммен бірге кетеді. Ол аймақ баяғыдай, менің балауса шағымдай сұлу емес қазір. Жоқ, сұлу емес. Ол да бөлек қазір, мен де бөлек. Екеуі де өлген. Тек менің кеудем мен миымда ғана. Менімен бірге өледі...
«Бұл жыл да өтті, күйбеңімен, азаппен өткен өлі күндерді қойшы, жырсыз өткен күндер мен үшін өлі күндер. Тағдырдың бұл алданышты қиғанына да құлдық. Поэзия болмаса қайтер едім, не істер едім? Ақынның өз мемлекеті, өз қоғамы, өз дүниесі бар. Бұл аз дүние емес, демек, мен сол үшін өмір сүрем, сол үшін күресем. Күресем?! Кіммен, немен күресем? Өзіммен өзім бе? Соңғы сөзді айтып өлу керек қой. Қандай сәби едім. О, тәңірім! Түйсік бере гөр, түйсік бере гөр!».
А.К.: Сырттай жасаған сұхбатымызға таң қалып отырған жоқпысыз?
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.
Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды,
Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін «жылынуды»
Әйтеуір қазбас былық-шылығымды.
Жоқ жанды қиған емес жамандауға,
(Сол үшін рақмет адамдарға!!!)
Білемін, әйтеуір бір замандарда,
Жүреді жүз жыл жасап жаман қарға...
Жазылар естеліктер нешелеген,
Көрерміз онын, бәрін пешенеден.
Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе -
Көшеді өлең немесе өшеді өлең!
Қулары, таудың қызыл түлкісі дер,
Момындар, біздің үйдің кірпіші дер.
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер!?
«Егер бір кездері менің өмірім, менің шығармашылығым әлдекімнің көңілін аудара қалса, оларға былай дер едім: Менің қымбатты достарым! Егер сендер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыңдар. Мені өз өлеңімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңде болсын, менің жеке өлеңім өзінше ештеңе құрамайды. Біріктіріп қарағанда, ол поэма іспетті біртұтас. Басы және аяғы бар.
Сонымен, достар, бүкіл менің жазғаным - бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қам жеулері мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын, яғни жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қойыңдар. Ал, композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мен онда болмасам, онда ақынның да болмағаны.
А.К.: Күйініштен өзегіңіз өртенген кездеріңіз көп болыпты...
М.М.: Бойында бір тамшы таланты жоқ бола тұра, талантты әдебиетшілердің қатарында тұрғысы келгендер ақымақ емес, өз шығармашылығын бүгінгі күнмен және өзінің ұранды патриотизмімен өлшейтін, сөйте тұрып, әдебиетте қалғысы келетіндер - ақымақ. Үнемі іздеп жүретін және ылғи әдебиеттегі «бос орынды» тауып ала қоятындар ақымақ. Осы күні талантты адамдар әдебиетте аз рөл атқарды. Қазіргі біздің әдебиетке құлдық ұра беретін құлдар қажет. Олар, әрине, «борозданы бүлдірмейді». Осы күнгі ережелер оларды толық қанағаттандырады. Рұқсатпен жазады, жұмыс істейді, тамақ ішеді және жүріп-тұрады. Олар тәртіпті. Өйтпегенде ше, талант буырқанса, ол өз жолымен қозғалғысы келеді және жолдан шығып кетіп, бірдемені бүлдіріп те алады, сондайда құлдар аяқасты табыла кетеді. Ұятсыздар, олар таланттың орнын баса қоюға дап-дайын және қарасаңызшы, «орнын басады да». Орынға отырады да, таланттардың үстінен бұйыра бастайды. О, қандай күйінішті! Одан өткен күйініш болмайды...
О, сен қорқынышты нәрсесің, Адамзат! Болмайды, өз қадір-қасиетіңді қорға! Ақын атыңды сақта, нағыз ақынмын десең, соған лайықты бол! Табиғаттың өзіндей қарапайым бол, бірақ ол сияқты қайсар да бол. Сен өз замандастарыңнан өзгешесің. Неңмен екенін айтпаймын... ендеше, өр болсаңшы! Басыңды көтер, бауырым!..
Тап келе қалған жағдайға дереу бейімделе кетіп, кез келген лажсыз жағдаймен амал тауып, кез келген қауіпті айналып өте алатын, қарсыласпайтын, тек бірақ жел шайқаған көк шыбықша майысып қана қоятын адамдар ақылды әрі табыстан табысқа жеткіш, бақытты болып саналмақ па? Ал ешкімге бас имейтін, кез келген жауыздық пен зорлыққа әрдайым қарсы тұруға тырысатын және жауыздықтын қорланған құлы болғанша, түп-тамарымен қопарылып қалғанды артық санайтын қарт еменше қара дауылға қасқайып қарсы тұратындар неге бақытты деп есептелінбейді?
Қалай дегенмен де, бұл ғасырда біз алдыңғыларды ақылды санаймыз. Және оларға қызығамыз, ал соңғыларды не ақымақ санаймыз, не жолы болмағандар дейміз де, байғұсты кекесінен менсінбей шығарып саламыз, ондайға жоғарыдан жақтырмай қараймыз. Мыңдаған мысал келтіре алам, ол өздеріңнің де қолдарыңнан келеді...
Адамдарды жауыз деп айта алмаймын, өйткені оларды аз білемін. Мен зерттеуші емеспін, ақынмын. Адамзаттың қайғысы мен қуанышы мені жеке адамның өзінен артық қызықтырады. Адамдардың жаман екенін, жақсы екенін ажыратушы мен емеспін, өйткені өзім де солардың бірімін. Мені жұрттың тағдыры, оларды қоршаған ортаның шындығы, олар өмір сүріп отырған уақыт, оларды басқарып отырған қоғам қызықтырады...
Өзіңе бір жаңа екі костюм алып кимей-ақ өліп кетуің (құдай оның бетін әрі қылсын) қандай аянышты. Жетіспеушілікте туып және үнемі жетіспеушілікте өмір сүру қандай өкінішті. Егер бала, бозбала кезімді есіме алсам, сұмдық үрейленемін, қатты жебірленемін. Бүкіл жастық шағым менің өзіме соқпай жанай өтіп кетіпті. Санамда титімдей бір қуаныштың ізін қалдырған, ең құрыса, бір күнімді есіме түсіре алмаймын. Мен бұл жарық дүниеге келгелі, міне, қырық төртінші жылға аяқ басып барады екен, бар өмірімнің қор, жиренішті болып көрінетіні соншалық, кейде өз ырқыммен-ақ қиып кете салғым келеді...
Шындығын айтқанда, мен бұрын денсаулық дегеннің, ауру дегеннің не екендігін білмеуші ем. Тағдырым мені бұдан да тыс қалдырмапты. Бұрын білмесем енді бар сырқаттың сырын түсінуге тура келді. Мен өлімнен қорқам ба? Қорқам. Қорқатын себебім: өмірдің қуанышын татып көргем жоқ, шығармашылықтың қуанышына жолыққам жоқ, бар өмірімді жоқшылыққа, жоқшылықтан өмірі үрейленуде өткіздім. Қысқасы туғанда да, өмір сүргенде де және өлгенде де біркелкі болу: ештеңе көрмеу, ештеңе өзгермеу — қашанда қорлық қой...
А.К.: Сөз соңында халқыңызға не айтасыз?...
-Туған халқым!
Қатемді кешір менің?
Сенің арқаң сескенбей, есіргенім.
Егерде жырың болмай, ұрың болсам,
Алақанға саласың, несін мені
Жоқ!
Менің жүрек емес төсімдегі
Ол бір от сенің ұлы көшіңдегі
Өзіңнің жандырғаның, өшіргенің
Әзірге тастаған жоқ есім мені,
Уа, жұртым!
Кешір мені?
Кешір мені?...
Туған халқым!
Қатемді кешіре гөр! Кешіре гөр!
Кеш қылмай несібе бер.
Ақынды ая,
Өмірге ақын бергін!
Көрікті болсын десең көшің егер
Ал мені... Кешіре гөр!
Кешіре гөр!..
МЕНІҢ ҚАЛАМГЕР ЗАМАНДАСТАРЫМ
(Ұлы ақынмен сырттай сұхбат жүргізген Амангелді Кеңшілікұлы. Сыр-сұхбаттағы пікірлер ақынның төрт томдық шығармалар жинағынан, күнделіктерінен алынды)
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ