27 Ақпан, 2014

Шарайна

287 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Талибтермен жеке қалдырмақ Шарайна-1аАҚШ президенті Барак Обама егер Кабул қауіпсіздік туралы екіжақты келісімге қол қоймаса, америкалық әскерилер елден толықтай шығарылуы ықтимал екенін айтып, Ауғанстан президенті Хамид Карзайға доқ көрсетті. Бұл екі мемлекет басшысы телефон арқылы сөйлескен кезінде айтылған. Б.Обама Пентагонға қазірдің өзінде Ауғанстаннан әскерлерді толықтай шығару бойынша жос­пар жасау тапсырылғанын атап көрсеткен. Соған сәйкес, 2014 жылдан кейін елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұтастай жергілікті қарулы күштер мен құқық қорғау органдарына көшуі ықтимал. АҚШ президентінің айтуына қарағанда, келісімге неғұрлым кеш қол қойылса, Ауғанстанда қалатын АҚШ әскерилері де соғұрлым азая түсетін болады.   Жаңа премьерді бекітті Италия парламентінің депутаттар палатасы Маттео Ренцидің коалициялық үкіметіне сенім көрсетті. Жаңа үкіметті қолдап, 378 депутат дауыс берсе, қарсылар 220 адамды құрады. Бұл арада парламентте көпшілік болып табылатын Демократиялық партия мен «Жаңа оңшыл орталық» жеңісті қамтамасыз етті. Жаңа үкімет те негізінен осы екі партия өкілдерінен құралып отыр. Бұған дейін жаңа кабинет сенаттан сенім вотумын алған болатын. Осылайша Ренцидің үкіметі Италия парламентінің қос палатасы тарапынан да қолдау тапты. Ал 39 жастағы Маттео Ренци Италия тарихындағы ең жас үкімет басшысы саналады. Жаңа үкіметтің жартысын әйелдер құрайды.   Шабуыл құрбандары – 59 адам «Боко Харам» тобының қарулы жасақтары Нигериядағы федералдық колледжге шабуыл жасаған еді. Осы содырлық әрекет салдарынан           59 адам қаза тапты. Оқушылардың көпшілігі парталарында отырған жерде көз жұмса, біразы алған жарақаттарына қарамастан, өртенген ғимараттан шығып үлгергендерімен бәрібір опат болған. Шабуылдаушылар тек ер балаларға ғана оқ атқан. Сондықтан ажал құшқандар арасында қыз балалар жоқ. Ал осындай оқиға өткен жылдың шілде және қыркүйек айларында да орын алған еді. Сол кездері жатақханаларға жасалған шабуыл салдарынан 90-нан астам оқушы қаза тапқан болатын. «Боко Харам» Нигерия басшылығымен 2009 жылдан бері елдің солтүстік аумағының тәуелсіздігі үшін күрес жүргізіп келеді.   Қос мереке қосылмақ Қытай билігі екі жаңа мемлекеттік мереке енгізу ниетінде: алғашқысы Жапонияны жеңген күн болса, екіншісі Нанкин қырғынының құрбандарын еске алу күні болмақ екен. Сөйтіп, қытайлықтар 3 қыркүйекте Жапониямен соғыстағы жеңісін тойламақ. Бұл соғыс 1937-1945 жылдар аралығында жалғасқан болатын және екінші дүниежүзілік соғыстың бір бөлігіне айналған еді. Ал Нанкинде қаза тапқандарды еске алу шараларын өткізу 13 желтоқсанға белгіленіп отыр. Бұл күні жапон әскерилері сол кезде Қытайдың астанасы болған Нанкинге баса-көктеп кіріп, 6 апта бойы қалада білгендерін істеген. Қытай тарихшыларының бағалауынша, 300 мың қытайлық құрбандыққа айналған.   «Майн Кампф» аукционға қойылды Шарайна-2 аЛос-Анджелестегі (АҚШ) интернет-аукционға Адольф Гитлердің афтографымен «Майн Кампф» кітабының екі басылымы шығарылды. Бұған қоса, сатуға Гитлердің жеке архитекторы Альберт Шпеердің былғары пальтосы қойылған. Екі кітаптан тұратын «Майн Кампфтің» қос кітабының алғашқы сұраным бағасы 20 мың долларды құрайды. Шпеер пальтосы 5 мың долларға бағаланған. Аукционға шығарылған кітаптар 1926-1927 жылдары басылыпты. Гитлер бұл кітаптарды нацис­тер партиясының мүшесі Йозеф Бауэрге Рождество мерекесіне орай сыйға тартса керек. Ал Шпеер аукционға қойылған пальтосын 1945 жылдың 23 сәуірінде Гитлермен соңғы кездесуіне киіп келіпті. Қысқа қайырып айтқанда:  Венесуэлада билікке қарсы жаппай наразылық акциялары жал­ғасып жатыр. Олардың арасында жастар көп. Студенттер өздері­нің бұл әрекеттерін болашақтарының бұлыңғыр екендікте­рімен тү­сіндіреді. Елде билікті жақтаушылар қатары да қалың. Олар да ше­рулерін жалғастыруда.  Украинада биліктің айтқанымен наразылық акцияларына қатысушыларға қарсы қару жұмсаған «Бүркіт» арнайы тобы таратып жіберілді. Енді оның құрамындағы милиционерлер Ресейге көзқарасы түзу оңтүстік Украина аумағында қызмет­терін жал­ғас­тырулары мүмкін.  Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиге жа­қында билік ауысқан Украинада бірнеше жоғары лауазымды қыз­меттер ұсынылған. Бірақ ол бұл ұсыныстың кімнен түскенін нақ­тыламайды және өзінің АҚШ-қа кетуге шешім қабылдағанын да жасырмайды.  Германияның спорттық гимнастикадан 9 дүркін чемпионы Юрген Брюммер өзінің 15 жасар сал ұлын өлтіріп, артынан өзіне өзі қол салған. Саймон Брюммер 2009 жылы көлік қағып кет­кен соң мүгедек болып қалыпты. Сол уақыттан бері жас­өспірім қозғала да, сөйлесе де алмайды екен. Интернет материалдары негізінде әзірленді.