– Атырау облысына 9 қарашада Pfizer вакцинасын сақтайтын екі мұздатқыш әкелінді. Ал өткен жұмада аталған вакцианың екі компоненті үшін 32 760 доза жеткізілді. Вакцина алдын ала берілген тізімге сәйкес ерікті түрде салынады. Бұл вакцинаны алу үшін тұрғылықты мекен-жайына байланысты тіркелген емханаға жүгіну қажет. Ал оқушылар үшін мектепте вакцина алу бекетін ұйымдастырдық, – дейді басқарма басшысы Асхан Байдуәлиев.
Оның айтуына қарағанда, жыл басынан бері 2 803 баланың Covid-19 инфекциясымен ауырғаны расталып отыр. Оның ішінде 143 бала инфекциялық стационарларда емделген. Өткен аптада коронавирус инфекциясын жұқтырған 37 бала оқшауланған. Ал амбулаториялық емделуге 33 бала жіберіліп, төртеуі инфекциялық стационарларда хаттамаға сәйкес ем қабылдаған. Сол себептен, бұған дейін мектеп директорларымен, ата-аналар қауымдастығымен бірнеше кездесу өткізіліп, ақпараттық түсіндіру жұмысы жүргізіліпті. Өйткен әлі де коронавирус инфекциясының таралуы тоқтаған жоқ. Қауіпті вирусты жұқтырушылар арасында көз жұму дерегі де кездесіп отыр. Биыл ана өлімі тіркелді. Сондықтан қауіпті вирустың таралуын тоқтатудың, одан қорғанудың бірден бір жолы – вакцина салдыру.
20 қарашада Рfizer вакцинасын алғашқылардың қатарында Атырау қаласында орналасқан Ф.Досымова атындағы №12 орта мектептің 10 және 11-сыныптарында оқитын 11 оқушы салдырды. Әсіресе, қыздардың белсенділігі жоғары екені байқалды. Вакцина алған оқушылармен облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова кездесті.
– Қазір еліміздің барлық өңірінде балаларға, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға Pfizer вакцинасы салынып жатыр. Атырау облысында вакцинаның қажетті дозасы жеткізілген соң, мектеп оқушылары, жүкті және бала емізетін әйелдер егіле басталды. Елімізде де, өңірде де вакцинаны алудың нәтижесінде ұжымдық иммунитет қалыптасып, инфекция жұқтырған науқастардың саны азайып келеді, – деді Б.Хаменова.
Дәрігерлер вакцинаны екпес бұрын оқушылардың дене қызуын, қан қысымын өлшеді. Ауыз қуысын, нақты айтқанда, тамағын тексерді. Дәрі-дәрмектен аллергиясы бар-жоғын анықтады. Балаларының вакцина алуына келісім берген ата-аналар арнайы құжатқа қол қойды. Бұл күні осы мектептің 9-сыныбында оқитын Дашаға қолдау білдіру үшін әжесі Ольга Петрова бірге келіпті. Өзі оқушыларға биология пәнінен дәріс береді. Оның айтуынша, балалардың қауіпті вирусқа шалдықпауына алдымен ата-анасы жауапты болуы керек.
– Биылғы 1 ақпанда тұрғындарды жаппай вакциналау басталғанда, өзім алғашқылардың қатарында екпе алған едім. Енді міне, немеремді вакцина салдыруға арнайы ертіп келдім. Өйткені немеремнің ауырмай, аман-сау жүргенін қалаймын. Біздің өміріміздің жалғасы – балалар. Жалпы, биология пәнінің мұғалімі ретінде коронавирус инфекциясының таралуын вакцина салдыру арқылы ғана тежеуге болатынын жақсы білемін. Өзімнің дәрісімде оқушыларға инфекциялық аурулардан қорғану қажеттігі туралы жиі әңгімелеймін. Адамзат тарихына зер салсақ, жер шарында миллиондаған жандардың полиомиелит, вирусты гепатит секілді инфекциялық індеттердің құрбаны болғанын білеміз. Мұндай қауіпті вирусты вакцинамен ғана жеңуге болады. Сондықтан ата-аналар балаларына жанашыр болу үшін вакцина салдырудың маңызын түсіндірсе екен, – деген ойымен бөлісті Ольга Петрова.
Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Геолог елді мекеніндегі емханаға Pfizer вакцинасын салдыру үшін 12 адам келді. Оның алтауы – оқушы, өзгелері – бала емізетін әйелдер. Солардың қатарында көпбалалы ана Нұрлы Нәберенова да бар.
– Өзім осы елді мекенде тұрамын. Төрт балам бар. Ең кішісі – алты айлық. Әлемде де, елімізде де коронавирус инфекциясын жұқтырушылар санының азаймай отырғанына, балаларымның өміріне алаңдап жүруші едім. Бала емізетін аналарға Pfizer вакцинасын салдыруға болатынын білгенде, алғашқылардың қатарында алуға шешім қабылдадым. Өйткені екпе алу арқылы қауіпті вирустан өзімді де, балаларым мен ағайын-туысымды қорғауға болатынына сенемін, – дейді Нұрлы Нәберенова.
Атырау облысы