Аймақтар • 23 Қараша, 2021

Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен

539 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр Затобол деген ескі атауын тарихқа өткізіп беріп, қала мәртебесіне ие болған ең жас қала Тобыл шаһарының бүгінде ұлт мәдениетінің жаршысы, дәстүрлі өнердің насихатшысына айнала бастағаны қуантады. Қаланың қақ ортасына орналасқан «Алтын дән» мәдениет үйінде қазақтың ақыны, сазгер, кезінде Ыбырайдың ағартушылық идеясын насихаттап, ұлы ұстазға көп қолдау көрсеткен Нұржан Наушабайұлы атындағы республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушылар байқауы өз мәресіне жетті.

Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен

Облыстық мәдениет басқар­масы ұйымдастырған дәстүрлі өнер байқауына еліміздің әр өңірінен келген 18 өнерпаз қа­тысты. Кілең күміс көмей әнші­лер бас қосқан дәстүрлі ән мере­кесінде Нұржанның бұрын көп айтылмай келген «Көкен-ай», «Бәтимаға», «Ара-ай», «Асыл-ай», «Жан сәулем», «Назым» ат­ты шығармалары шырқалды. Байқауға қатысқан жыршы-тер­мешілер Нұржанның назымдары мен әндерін орындаумен қа­тар, бұрыннан өздерінің ән қор­жынында жүрген музыка­­лық шығармаларын шырқап, дәстүр­лі әнге сусап қалған көрер­мен қауым­ның құлақ құрышын қан­дырды.

Байқауға қатысушылардың өнерін белгілі жырау, фольклор зерттеуші Алмасбек Алматов бастаған қазылар алқасы бағалап отырды.

– Қостанай өңірінде осы күз­дің өзінде жұртты елең еткі­зерлік екі бірдей ауқымды шара болып өтті. Өткен айда Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы­­на арналған республикалық ала­ман айтысқа арнайы келіп қа­тыс­тым, енді міне, сәті түсіп То­был қаласындағы жыршы-тер­ме­шілер байқауына тағы келіп отыр­­мын. Мұның өзі Тобыл-Тор­ғай өңіріндегі дәстүрлі өнері­міздің дамуы ерекше екенін көр­­сетеді. Бүгінгі байқауға да әр өңірдегі дәстүрлі жыр-терме мек­тептерінің өкілдері келіп, өнер көрсетіп жатыр. Өнерпаздардың олқысы жоқ, кілең мықтылар. Бір ескере кететін дүние, мұндай байқауларда жыршыларды бөлек, термешілерді бөлек бағалау керек, әйтпесе қазыларға қиын тиіп жатыр, – деді әйгілі жырау.

Облыстық мәдениет басқар­масының басшысы Ерлан Қал­мақов бұл ескертпенің орынды еке­­нін, алдағы жылы өтетін бай­­­қауда қаперге алынатынын айт­ты.

Байқаудың бас жүлдесін Қызылорда облысынан келген күміс көмей жыршы Малика Ал­дам­жарова жеңіп алды. 1-орын­ға елордалық жас дарын Бір­жан Айтахметов ие болды. Ал бай­қауға Алматы қаласының атынан қатысқан Жасұлан Өтемұратовқа 2-орын бұйырса, шымкенттік өнерпаз Қылышбек Сынадай мен елордалық Ұлдана Нұртуған үшінші орынды өзара бөлісті. Өнерпаздардың бәріне Нұржан әндері байқауының арнайы мү­сіншесі мен ақшалай сыйлық табыс етілді.

        

Қостанай облысы