Қазақ қаламгерлері арасында шарж өнерімен айналысқандар болған. Мәселен, майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың замандастарын бейнелеген әзіл суреттері кездеседі. Алайда ол кісінікін қызығушылық деп айтуға болады. Ал біздің кейіпкеріміздің жөні бөлек. Ол – Алматы көркемсурет училищесі мен қазіргі Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының көркемсурет факультетін тәмамдаған кәсіби маман. Бейнелеу өнерінде өз сүрлеуін салған суретші. Оның әзіл суреттерін көргенде езуіңізге еріксіз күлкі үйіріледі. Ол бейнелеген адамдардың осалы жоқ, бәрі де халқымызға танымал тұлғалар. Солардың сыртқы келбеті мен ішкі жан дүниесін сәтті үйлестіріп, жылы юмормен көркемдеген шеберлігіне тәнті боласыз.
Жалпы, шарж жанрын меңгеру оңай емес, оған білім мен шеберлік те керек. Бір қарағанда, Еркін аға сабырлы, біртоға адам. Бірақ оның шығармашылығынан әзіл мен қалжыңға ұста екендігін байқайсыз. Ол шарж салуға бала күнінен ынтық болыпты. Әскерде жүргенде қабырға газетіне әскери өмірдің қызығы мен шыжығын шаржбен бейнелеп, аты шығады. Көркемсурет училищесінің бірінші курсында студенттер арасындағы байқауда әзіл суреттерімен топ жарады. Бұл жеңіс талапты жасқа шабыт беріп, осы бағыттағы ізенісі мен шеберлігін шыңдай түседі. Алғашқы оның әзіл суреттері сол кездегі «Балдырған» журналының бас редакторы, көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевтың көзіне түсіп, ол жас суретшіні журналға жұмысқа шақырады. Осында қызмет істеп жүріп, ақын-жазушылармен жақын араласады. Сөйтіп солардың мінез-құлқы мен қылықтарын қылқаламымен ақ параққа мөлдіретіп түсіреді. Ол көпшілікке ұнайды. Сосын «Қазақ әдебиеті» газеті апта сайын қаламгерлердің әзіл суреттерін жариялай бастайды.
− Бірінші шаржым классиктерден басталды. Ғабиден Мұстафин, Асқар Сүлейменовті салдым. Бір жолы ойда-жоқта Асқар ағамен жолығып қалдым. Ол кісі мені танымады. Содан өзім сәлем бердім: «Аға, газетке суретіңізді салған мен» деп едім, Асекең жымиып: «Еркін деген сен бе? Мені мыстан кемпір секілді салып қойыпсың. Ну и что-ж, ұқсап тұрған соң, амал не!» деп риза болды. Сосын: «Мені жұрт онша танымайды ғой. Сен халықтың алдында жүрген Мұхтар Шаханов секілді азаматтарды сал» деп жымиды. Мен Асекеңнің жеті шаржын салдым. Сонда ол жақын жүрген достарына: «Менің Қазақстандағы жалғыз сыншым бар, ол – Еркін!» деп айтқан екен. Бірде Асекең Ақселеу аға екеуі отыр екен, барып сәлем бердім. Сонда Ақселеу аға: «Мынау – Еркін деген ініміз, өзіміз білмейтін қасиетімізді көрсетіп жүр» деп айтып қалып еді, Асекең жұлып алғандай: «Сонымен бірге қасиетсіздігімізді де көрсетіп жүр» деп айтсай» деп отырғандарды ду күлдірді, − деп өткен күннен сыр шерткені бар қылқалам шеберінің.
Бірде «Қазақ әдебиетіне» Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбаев және Сағат Әшімбаевтың әзіл суреттері жарияланады. Бірінші Оралхан ағаның шаржы тұрады. Бірақ ол кісіге суретшінің салған бейнесі онша ұнамаса керек. «Әй, Еркін, сен ана екеуіне менің ернімді шошайтып қойыпсың ғой» деп жақтырмаған кейіп танытады. Алайда газет редакторы Шерхан Мұртаза ағамыз «бүгінгі нөмірді ашып тұр» деп суреттерге жоғары баға беріпті.
Бұдан кейін де суретші Бауыржан Момышұлы, Әбу Сәрсенбаев, Қалижан Бекқожин, Әлжаппар Әбішев секілді ардақты тұлғаларымыздың әзіл суреттерін салады, бірақ ол кісілер оны жылы қабылдап, дарынды азаматқа ризашылығын білдіреді.
Айтулы ақын Жарасқан Әбдірашевтың «Әзілің жарасса» деген ақын-жазушыларға арнаған эпиграммалар жинағы бар. Осы кітаптағы қаламгерлердің шаржын Еркін аға салған. Екі таланттың бірлескен шығармашылығынан туған туындыны жұртшылық әлі күнге дейін қызығып оқиды.
«Ол кезде Жарасқан «Жұлдыз» журналында қызмет істеп, эпиграммалары жиі жарық көретін. Бірде ол маған өзі жазып жүрген кейіпкерлерінің шаржын салып берші деді. Сөйтіп екеуміздің бірлескен жұмысымыз «Жұлдызда» жарияланды. Жарасқанның тілі уытты, жазғанда сойып түседі. Қалдарбек Найманбаев туралы жазған эпиграммасы кейіпкерге ұнамай қалып, ол кісі біраз ренжіді. Сонда ақындармен байқап жұмыс істеу керек екендігін түсіндім. Ал кітапты шығаруға Жарасқанның сіңірген еңбегі көп» дейді.
Саңлақ суретші кейін саяси карикатураға да түрен салды. Оның мерзімді баспасөзде жарияланған қоғамдағы келеңсіз көріністерді бейнелеген суреттері оқырмандардың назарын аударды. Кәдімгідей бір көлемді мақаланың жүгін көтерген, айтары мол, астары терең туындыға айналды.
−Карикатурашы болғаннан кейін сен өмірді, жаңалықты, билікте не болып жатыр, халықтың көңіл күйі қалай – соның бәрін бағдарлап отыруың қажет және оған әділ көзбен қарау керек. Мысалы, қазақтың иен байлығын игеруге келген олигархтар туралы шарж салдым. Оны мен босқа салған жоқпын. Егер олар өздері ие болып отырған зауытқа немесе кен орнына жаңа технология енгізіп, жұмыскерлердің еңбегін бағалап, жоғары айлық төлесе, неміз бар?! Тағы бір мысал. Мемлекеттік тілдің бағы жанбай, кейіндеп тұрғанына жаным ауырып, «Қазақ тілі» деген шарж салдым. Онда ана тілімізді Ақбозат бейнесінде аяғын шідерлеп, алға жүре алмай тұрғанын бейнеледім.
Осыдан екі жыл бұрын астанадағы Ұлттық музейде Еркін Нұразханның «Шарайна» деген жеке көрмесі өтіп, сонда талантты сатирик Көпен Әмірбек ол кісінің үш ұстазы болғандығын айта келіп: «Біріншісі – Мұзафар Әлімбаев. Ол оны «Карикатура королі» деп атады. Екіншісі – Шерхан Мұртаза. Өткен ғасырдың 80-жылдардың басында Шерағаң Еркіннің салған суреттерін нөмір сайын «Қазақ әдебиеті» газетіне шығарып, бағыт-бағдар беріп отырды. Үшіншісі – Қасым Қайсенов. Батыр ағамыз інісін адалдыққа, тазалыққа тәрбиеледі. Осындай тұғырлы тұлғалардан тәлім алып, өнегесін көрген азаматтың өнердегі жолы даңғылға айналды» деп жұрт алдында қылқалам шеберінің мерейін асырды. Бұл суретшіге берілген әділ баға деуге болады. Сонымен бірге ол кісі қаламы жүйрік журналист, бүгінге дейін оның «Кімге күлеміз?», «Шарж шеруі» деген сатиралық альбомдары мен «Ұлт пен рух», «Ғибрат ғұмыр», «Өз елім менің – өзегім менің!» атты публицистикалық кітаптары жарық көрген.