28 Ақпан, 2014

Орынсыз тоқтатуға он жерден тыйым

330 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында еліміздегі жол жүрісінің жұмыс істеуін және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негіздері мен шарттарын белгілейтін заңдық құжаттар қаралды. «Жол жүрісі туралы» және оған ілеспе заң жобалары (екінші оқылым) бойынша баяндаманы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай жасады. Оның сөзі­не қарағанда, Сенат заң жобасы­нан «жүргізудің агрессивті әдісі» ұғымын алып тастауды ұсынып отыр. Өйткені, бұл нормада Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «маневр жасау, басып озу қағидаларын бұзғаны немесе көлік құралының қозғалысына кедергі жасағаны» үшін жауаптылық бел­гілейтін бірқатар баптар қам­тылған. Бұдан басқа, жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті орган лауазымды адамының жүргізушіге және жолау­шыға көлік құралының салонын тастап кетуге рұқсат беру құқығы болатын жағдайлар нақтыланған. Енді жол полициясы қызмет­керлері жүргізушілерді тек 8 негіз бойынша тоқтата алады. Атап айт­қанда, тоқтатулар көлік құралы жүргізушісінің жол жүрісі мен техникалық тіркеу қағидаларын бұзуы, ұрланған көлік құралдарын жүргізуі, жол-көлік оқиғалары мен қылмыс болған жерден қашып кетуі сияқты келеңсіздіктермен байланысты орын алмақ. Қалған жағдайларда орынсыз тоқтатуларға тыйым салынады. Заңды күшіне енген сот акті­лерінің, уәкілетті орган қау­лы­ларының талаптары орындалмаған жағдайда көлік құралдарын пайдалануға тыйым салу көзделген. Алайда, сенаторлар бұл норманы алып тастауды ұсынды. Көлік жүргізушісінің құжаты БҰҰ талаптарына сәйкес әзір­леніп, онда 7 мен 6 санаттың тар­мақшалары қамтылады. Комитет төрағасының айтуынша, салынған айыппұл бір тәулік ішінде төленсе, 50 пайызын ғана өтеу, ал апта ішінде төленіп жатса 30 пайызын кеміту көзделеді. Осылайша, азаматтардың өз кінәсін түсініп, айыппұлын ертерек төлеп тастауға мүмкіндік берілген. Мұның материалдық қызы­ғу­шы­лық туғызатыны да анық. Сондай-ақ, заң жобасымен мүгедектерге арналған орындарға автокөліктерді қойып кетуге болмайтындығы назар­дан тыс қалмаған. Және де жал­пы тоқтауға қатысты ере­жені бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Әсіресе, жүргізушілерді даярлау тәр­тібін бұзғандарға да жауап қа­таяды. Екі оқылымда жан-жақты талқыдан өткен жол жүрісі туралы заң жобалары Сенат енгізген бірқатар өзгерістерімен Мәжіліске қайтарылды. Егер төменгі палата келіскен жағдайда заң жобалары Президенттің қол қоюына жолданады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».