Технология • 23 Қараша, 2021

Технологияның тілі қазаққа жат емес

343 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Заманауи қоғамда өркениеттен қалмау үшін тың технологияны меңгере білу керек. Бәсекеге қабілеттіліктің индикаторы қазір осы фактордың негізінде бағаланады. Ал осы керектің жолында мықты әрі білікті маман қажет. Сол себепті де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында IT саласына қажетті мамандарды даярлау мәселесіне баса назар аударды.

Технологияның тілі қазаққа жат емес

Дарынды жастардың ордасы

«Қазақстан үшін заманауи цифрлы технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз. Сонымен бірге отандық ІТ-секторды дамытып, кү­шей­те түсу де маңызды. Елімізге жас, білім­ді әрі ынталы мамандар керек. Цифр­лан­дыру жөніндегі ұлттық жобаның аясын­да кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет. Цифрлы саладағы қыз­мет­тер мен тауарлардың экспорты 2025 жыл­ға қарай кемінде 500 миллион доллар­ға жетуге тиіс», деген еді Мемлекет басшысы.

Елімізде отандық және шетелдік компанияларды дамытуда Astana Hub-тың орны бөлек. Бұл Орталық Азиядағы IT-стар­тап­тардың ірі халықаралық техно­паркі сана­лады. Басты миссия – озық жо­ба­ларды дамыту орталығына айналу арқылы серпінді IT-компанияларды ілге­рі­летіп, сондай-ақ әлемнің жас әрі талантты IT-мамандарының бас қосатын ордаға айналу.

Биыл аталған технопарктің құрыл­ғанына 3 жыл толып отыр. Қазір 574 компания оның ресми резиденті саналады. Олардың жиынтық кірісі 166 млрд теңгеге жетіп, тартылған қаражаттың көлемі 56,5 млрд теңге болды. Шетелдіктер үлесі бар компаниялар саны – 54, ал өзге елден 180-нен аса адам жұмыс істейді. Отандық IT секторды дамыту үшін осы уақытқа дейін мұнда мыңнан аса түрлі деңгейдегі шаралар өткізіліп, оған 55 мыңдай адам қатысып үлгерген.

«Өркениетті елдерде адами капиталға ерекше басымдық беріліп келеді. Astana Hub-тың міндеті – талантты азаматтарға қолайлы орта мен заман талабына сай экожүйені қалыптастыру. IT-бизнестің өрлеуін қамтамасыз ету үшін жас команда кезеңінен бастап ірі IT құрылымына айналғанға дейін қатысушыларды бақылап, сүйемелдеп отырамыз. Алғашқы кезеңде дарынды азаматтарды тартып, оларға қажетті білім берумен бірге жобаларын дамытуға көмектесеміз. Бәсекеге қабі­леттілігін арттыру үшін мемлекеттік қолдаудың кең спектрі ұсынылып, соңғы кезеңде халықаралық нарықтарға шығаруға қол ұшын береміз. Әсіресе, халықаралық аренада, оның ішінде ТМД кеңістігіндегі технологияға икемі бар таланттарды өзімізге тарту үшін ерекше назар аударылып келеді. Сондай-ақ бұл бағытта еліміздің барлық өңірімен жұмыс жолға қойылған. Жұмыстың көп бөлігін үгіт-насихат жағы алады. Айталық, жастар мен олардың ата-аналарына IT-саласындағы кең мүмкіндіктер мен үлкен перспективалар бар екенін түсіндіріп, технологиялық кәсіпкерліктің тың идеяларын көпшілікке жеткіземіз. Қазақ тілінде қысқаметрлі фильмдер түсіріліп, оны миллиондаған адам тамашалап үлгерді. Осылайша, дарынды аудиторияның назарын өзімізге бұрып, оларды технопаркке тарту бойынша жұмыс атқарылуда», деді Astana Hub технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев.

 Маман даярлаудың тетігі

100 мың IT-маманды даярлау жөнін­дегі тапсырманы іске асыру үшін Tech Orda жобасы қолға алынды. Бұл мемлекет пен аталған технопарктің жекелеген бағ­дарламалау мектептерін қаржылай тұр­ғыда қолдауға арналған бірлескен бағдар­­ламасы. Қазір осы арқылы 100-ден аса сту­дент 600 мың теңге көлеміндегі ақ­ша­лай қолдауға ие болып, қажетті ақпарат­тық-технология­лық дағдыларды меңгеріп жатыр.

«Бұл жоба барлық бағдарламалау мек-

­­тебі мен студенттерге арналған. Сон­­дықтан осы мүмкіндіктен шет қал­­­мауға шақырамыз. Келер жылдан бас­тап бағдарлама кеңей­тіліп, Үкіметтің қол­дауымен 2025 жылға қарай 20 мың студентке қолдау көрсету жоспарланған.

Бұдан басқа да бизнеске бағытталған инкубация және акселерация бағдарлама­лары бар. Мыңға жуық жобаға қолдау көрсе­тілді. Оған қатысқан түлек­тер­дің өнімдері ел хал­қына жақсы таныс десек те болады. Мәселен, көлікті тұ­рақ­қа қойғанда, бала­лар­­ды online оқыт­қанда, апартаментті жал­да­ғанда, пә­терге жөндеу жұмыстарын жүргізген­де, сондай-ақ жүктілікті ба­қылау немесе балалардың қауіпсіздігін қадаға­лау қызметтерін пайдаланған кезде, бұл отандық мамандар шығарған технологиялық өнім екенін көпшілігіміз ойлана бермейміз», деді М.Мәдиев.

Мемлекеттік қолдаудың бірқатар те­ті­гі, оның ішінде жеңілдетілген салық ре­жі­мі арқылы технопарк қатысу­шыла­ры 15 млрд теңгеге жуық қаражатты үнем­деуге мүмкіндік алып, кәсіптеріне қай­та инвестициялауға жол ашылады. Нәтижесінде, олар жұмыс орындарын ашып, бизнесті дамытуға 48 млрд теңге тартылды.

Биыл Seed Money бағдарламасы аясында 35 стартап қаржыландырылып, келер жылы осы арқылы кемінде 50 стартапты қолдау жоспарланған. Сонымен қоса Astana Hub Үкіметке заңнамалық жобаларды дамытуға көмектесіп, «Астана» халықаралық қаржы орталығымен тығыз ынтымақтастық орнатқан.

«Біздің қызметіміз ірі технологиялық компаниялардың қызығушылығын тудыруда. Бүгінде «ТрансТелеком» компаниясымен ірі америкалық бизнес инкубаторымен бірлескен бағдарламаны іске қосу туралы меморандумға қол қойылды. «МТС» ком­паниясымен Astana Hub базасында 5G орталығын іске қоспақ ниеттеміз. Демек әлемде 5G таралған жағдайда – стартаптарымыз бен өнімдеріміз осы нарықтарға шығуға дайын болады», деді технопарктің басшысы.

 Сұранысқа ие жобалар

MacDent жобасы Astana Hub-тың акселерациялық бағдарламасына осыдан 3,5 жыл бұрын қатысқан. Бұл стомато­логиялық клиникалардың жұмыс процесін автоматтандыруға мүмкіндік беретін бұлтты жүйе. Қазір оны үш мемлекетте 200-ден астам стоматологиялық емхана пайдаланып жүр.

«Үш жыл бұрын MaCdent Astana Hub-тың акселерациялық бағдарламасына қатысқанын ескерсек, ол кезде бұл стартап өміршеңдігі төмен MVP-өнім болған. Үш айлық бағдарламадан өтіп, ресейлік трекерлермен жұмыс істедік. Нарықты таңдау, сатылымды арттыру, инвестор мен серіктестер іздеу бойынша білім алып, алғашқы клиентімізді таптық», деді аталған жобаның авторы Мақпал Оразқызы.

Бүгінде MacDent онлайн қызметінде 1800-ден астам қолданушы тіркеліп, Қазақстан, Ресей және Қырғызстанда 210-нан аса стоматологиялық клиника осы жүйені пайдаланады. Осы арқылы 673 мыңнан артық қызмет көрсетілді. Бұған қоса 2ГИС қосымшасымен бірле­сіп, тіс емханасына онлайн жазылуға мүмкіндік беретін жүйе енгізілді. Әсіресе, мұның пандемия кезінде өзектілігі артты.

 Қызмет көрсету экспорты ұлғайды

Елордалық технопарктің тағы бір миссиясы – отандық IT-компанияларға экспортқа шығуға жәрдемдесу. Мысалы, бір жылда жергілікті компаниялардың табысы 3,5 есеге ұлғайыпты.

«АҚШ-та, Түркияда және БАӘ-де өнімдерімізді сатуға және сол жерден инвес­тиция тартуға көмектесетін ресми өкілдер жұмыс істейді. Қаржы институттарымен жеке жұмыс істейміз. Олардың қатарында венчурлық қаржыландыруды белсенді дамытатын Qaztech Ventures, «Зерде» холдингі және басқа да жеке вен­чур­лық қорлар бар. Тұтастай алғанда, қаты­сушылардың даму үрдісі жақсы. Мысалы, олардың экспорттық табысы был­тыр 3,5 есеге өсті. Атап айтсақ, былтыр оның көлемі 14 млрд теңге болса, биыл 50 млрд теңгені құрап отыр», деді М.Мәдиев.

 Адами капиталды дамыту маңызды

Басқа-басқа, бірақ IT-саласында адами капитал үлкен рөл атқарады. Интернетті ұршықша меңгерген интеллектуалды жандар зауыт, фабрикалар айлап атқаратын шаруаны аз уақыттың ішінде тындыра алады. Озық ой мен тың технология үйлесімділігінің бір артықшылығы осында. Бұл тұрғыдан алғанда еліміздің әлеуеті жоқ емес, бар. Бірақ мұндай азаматтарды дайын­дап шығаруда дәстүрлі білім орындары жеткіліксіз әрі оқу формасы заман талабына сай келе бермейді. Бұл мамандардың пікірі.

«Мысалы, Microsoft корпорациясында жұмыс істейтін азаматтар бар. Олар Қазақстанда тұрып, салық төлейді және жалақысының бір бөлігін осында жұмсайды. Дипломсыз бола тұра Сингапурға, Ресейге, АҚШ-қа, сол секілді Аустралияға қызмет көрсетіп, табыс тауып жүрген жастар елімізде жетерлік. Экспорт осындай болуға тиіс. Яғни адами капиталды сол үшін дамыту қажет. Біз жеке ұйым ретінде қолдауды қажет ететін, алайда қолдау таппайтын адамдар барын білеміз. Биыл 100 грант берілді. Келесі жылы гранттар саны артады деп үміттенемін», деді «Әлем» бағдарламалау мектебінің бас атқарушы директоры Дагар Дәулетов.

Отандық стартаптар Plug and Play бағдараламасы арқылы акселерациядан өте алатыны белгілі болды. Plug and Play Tech Center – штаб-пәтері Кремний алқабында орналасқан әлемдегі ең ірі акселератор және инвестор санала­ды. Олардың платформасы 40 мыңнан астам стартапты, 500-ден астам жетекші әлемдік корпорацияны, соның ішінде университеттер мен мемлекеттік меке­ме­лер­ді, сондай-ақ 300-ден астам вен­чур­­лық қорды, университеттер мен мемле­кеттік мекемелерді біріктіреді. Жыл сайын Plug and Play әлем бойынша стартаптарға 25 мың доллардан бас­тап 500 мың долларға дейінгі көлем­де қаражат салады. Plug and Play Kazakhstan корпоративтік аксе­лераторы Astana Hub пен «Транстелеком» АҚ ынтымақтастығы аясында іске қосыла­ды. 20 ІТ-стартап Кремний алқа­бын­дағы сарапшылардан қажетті дағдылар­ды меңгеріп, инвестициялар тартуға, сондай-ақ Playbook Plug and Play платформа­сында орналасуға мүмкіндік алады.