28 Ақпан, 2014

Тасымал үдей түседі

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин Қы­тай­ға жұмыс сапарында Лянью­нь­ган қалалық компартиясы Халық үкіметінің хатшы­сы Ли Цьян мен Басқарма төрағасы-Ляньюньган портының пре­зи­денті Бай Лицунь мырзалармен кездесті. Кездесу барысында тран­зит пен логистика жайы талқы­ланды. Басқосуға Қазақстан Рес­публикасының Қытай Халық Рес­публикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Ермек­баев қатысты. «Болашақта Қазақстан теңізге шығу мүмкіндігі бар елдерде ло­гистикалық орталықтар құруды ин­вестициялауды бастайды», деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында. ҚТЖ-ның Қытайдың ірі порты Ляньюньганда логистикалық терминал құрылысына кірісуі – осы тапсырмаға іспен жауап беруінің нақты көрінісі. Өткен жылы қыркүйекте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақ­стан Республикасына мемлекеттік сапары аясында «Қазақстан темір жолы» президенті мен Ляньюньган қалалық компартиясы Халық үкіметінің хатшысымен терминал құрылысының жобасы жөнінде келісімге қол қойған болатын. ҚТЖ-дағы тасымалдау үдерісіндегі инновациялық жаңалықтар өткен жылы ел аумағы арқылы тәулігіне 900 шақырымдық халықаралық кон­тейнерлік пойызды өткізуге мүм­кіндік берді. Қазақстан мен Қытайдың ірі портының ара­сын­дағы логистикалық тізбек құ­руы жүк жөнелтушілерге үлкен жеңілдік жасайды. Басқосу барысында тараптар «Ляньюнган портындағы логис­ти­калық терминалдың құрылы­сы» бірлескен жобасын талқы­лады. Үстіміздегі жылы тараптар Ляньюн­ган портындағы Қазақ­стан-Қытай терминалы құрылы­сының негізгі бөлігін іске қо­суды жоспарлап отыр. Ол ар­қы­лы Оңтүстік Шығыс Азия ел­дерінен экспорттық және транзит­тік жүк айналымын өсіруге мүм­кін­дік ашылады. 2015 жылы осы бағдардағы транзиттік және экс­порттық контейнерлік тасымалдау көлемі 250 мың 20 футтық эквивалент болса, 2020 жылдары екі есеге артып, тасымал толастамай үдей түседі. Сапар барысында «KTZ Exp­ress» АҚ мен «Ляньюнган пор­ты» ААҚ арасында бірлес­кен кә­сіп­орын құрудың құрыл­тай­шы­лық келісімі мен жарғысына қол қойылды. «Егемен-ақпарат».