Аймақтар • 24 Қараша, 2021

Көтерем мал қыстан аман шықса игі

540 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сырдағы биылғы қуаңшылықтың үлкен сынағы алда тұр. Өткен қыс қарсыз болып, көктемде де көктен мардымды ештеңе тамбағаны малды ағайынның арқасына аяздай батқан мәселеге айналған. Әсіресе, Арал ауданында ылғалдың жоқтығынан жерге қылтанақ та шықпай қалып, біраз мал шығын болды. Біраз түлік тартылған көлдің жағалауындағы ұйыққа батып өлді. Осыдан кейін ауданда төтенше жағдай жарияланып, мал азығын дайындау, жеткізу жұмыстарын үйлестіретін облыстық және аудандық штабтар құрылды.

Көтерем мал қыстан аман шықса игі

Қуаңшылық зардабын жою мен жем­шөп қорын қамтамасыз етудің іс-шара жоспары бекітілді. Облыста 114 бригада құрылып, оған 170 ауылшаруашылық техникасы мен 1 мыңнан астам адам жұмылдырылды.

Бұл іске «Жасыл ел» жастар жасағы тартылып, ауыл жастарынан бригадалар ұйымдастырылды. Агросаладағы ірі кәсіпкерлер шаруашылықтарға жем-шөпті қолжетімді бағада сатуы үшін меморандумдар жасалды.

Облыс бойынша биыл қысқа түсе­тін 534,7 мың малға 849 мың тонна шөп, 7,5 мың тонна сүрлем дайын­далды. Бұған күріш атыздарынан жи­ылған 181,3 мың тонна сабанды және қосыңыз. Облыстық ауылшаруашылық басқармасының мәліметінше, 213,6 мың тонна қажетті жемнің 173,6 мың тоннасы дайындалған. Басқармадағыларға қойған сауалымызға «Арал ауданында да қыстан қысылмай шығудың қамы жасалды» дегенді білдіретін жауап алдық. Олардың мәліметі бойынша, Аралға басқа аудандардан 21 729 тонна шөп жеткізілген. Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе облыстары мен аймақтың басқа аудандары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қолдау көрсетіп, әлеуметтік жағдайы төмен 2 387 отбасыға 901,8 тонна шөп, 5 041 түтінге 898,9 тонна жем тегін үлестірілді. Жемшөп жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылып, 15 мың тонна мал азығы нарықтағы құнынан 15% төмен бағада саудаланған. Төтенше жағдайға байланысты облыс әкімінің резервінен 250 млн теңге бөлініп, оның 49,5 млн теңгесі жемшөпті тасымал шығындарын арзандатуға, қалғаны жайылымдарды, ша­бындықтарды суару және аудандағы Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйелерін толтыруға жұмсалған. Сонымен қатар Қыз­ылжар елді мекені тұсындағы «Бек­тау» және «Дің» каналдарының арна­сы ұлғайтылып, су тоспасының құрылысы аяқталды.

Басқармадағылар биыл субсидиялау бағдарламасына қатысатын шаруа­шылықтар санының өсе түске­нін айтып отыр. Былтыр мал шаруа­шылығына 3,4 млрд теңге бөлінсе, осы жылы ол 4,7 млрд теңгеге жеткен. Өткен жылы облыстық бюджеттен мал азығын субсидиялауға бөлінген 730 млн теңге жетпей қалып, шаруалардың ренішін тудырған еді. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп субсидия беру қағидасына өзгеріс енгізуге қол жеткізілді. Осының негізінде қаржы ала алмай қалғандардан өтінімдер қабылданып, тамыз айында 299 шаруашылыққа 371,6 млн теңге субсидия төленді. Сонымен қатар қуаңшылыққа байланысты Үкімет ре­зервінен жемшөпті субсидиялауға бөлінген 1,7 млрд теңге ережеге сәйкес 822 шаруашылыққа субсидия төленді.

Мемлекет көмегінен бөлек қайы­рымдылық көмектер де үздіксіз ұйым­дастырылып, мал қыстату үшін көршілес Ақтөбе облысынан 15 мың гектар жа­йылымдық жерін 5 жылға жалға алу жөнінде келісім жасалып, меморандумға қол қойылды. Ауданда жарияланған төтенше жағдай шеңберінде Аманөткел елді мекеніндегі «Бұрмақұлақ» учас­кесінде дария арнасы бөгеліп, тартылған көлдерге су барды. Осы тұстан тарайтын бірнеше канал бар. Соның бірі – бұрын Жаңақұрылыс ауылындағы көлдер мен мыңдаған гектар шабындық алқаптарды суландырып отырған Ералы арнасы. Ауыл тұрғындары арнасы бітелген ескі каналды қайта қазып, арнаны қалыпқа келтіруді сұрайды.

– Биылғы қуаңшылықтың зардабы қай өңірге де оңай тиіп отырған жоқ. Әсіресе, осы Арал ауданына, оның ішінде Сыр беткейіндегі мал мен жанға аса жайсыз болып тұр. Қиындықтан қайтсек шығамыз деп еңбектеніп жатқан азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ауылдағылардың кезінде талай көлді толтырып, мыңдаған гектар жерді суландырып тұрған осы Ералы каналының мәселесін шешіп берсе деген тілегі бар. Осыны іс басында жүрген азаматтардың құлағына тигізіп едік, бірақ соның іске айналуы ұзап барады, – дейді Жаңақұрылыс ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сердалы Шалбаев.

Аудан орталығынан 165 шақырым қашықтықта жатқан ауылға шөп сататындар жолдың нашарлығынан келе бермейді. Өткендегі бір-екі күндік суықта қысқа қоңсыз түскен малдың алды өле бастады. Алыстағы ауылдың ахуалы осындай болып тұр. Осы ауылдағы «Қожағұл ата» шаруа қожалығының төрағасы Елнұр Елшекенов атты азаматпен де телефон арқылы сөйлестік. Мал өсіріп отырған кәсіпкер бағасы екі есеге дейін қымбаттаған жемді Қостанай облысынан тікелей алдырып отыр.

– Биылғы құлын, жабағылардың біразын саттық. Мұның алда мал өсіміне әсер ететінін біле тұра амалдың жоғынан осылай істедік. Қуаңшылыққа байланыс­ты көмекті алып жатқандар бар шығар, өз басым соны аса сезіне қойған жоқпын. Аспаннан киіз жауса да ұлтарақтық бұйырмаған жанның кебін киіп отырмыз. «Осы маңнан бір су ұңғымасын қазса» деген өтінішіміз ескерусіз қалып келеді, – дейді кәсіпкер.

Қазір қуаңшылықтан құтылу үшін Ақтөбеден бөлек Қарағанды облысы аумағындағы су ұңғымалары маңайын мекендей бастағандар көп. Жалпы осы жыл елде есепке енбеген мал көп екендігін көрсетіп кетті. Көбі осы­ның кесірінен өтемақы ала алмады. Қора­сындағы түлігін жасырмағанның өзінде де мамандардың салғырттығынан суб­сидияға ілінбей қалғандар бар. Солардың бірі – Арал ауданы Аққұм ауылдық округінің тұрғыны Қазыбек Әлібеков.

– Биыл қар түспесе алдағы жағдайы­мыздың қалай боларын болжау қиын. Осы қыс 100 жылқыдан 60-70-ін аман алып қалсақ – ерлегеніміз. Сиырды көктемге іліндіру қиындау болады-ау. Жылда қаңтарды орталап қолға қарайтын малды биыл қазанның аяғында-ақ қораға қамадық, – дейді «Жомарт» шаруа қожалығын басқарып отырған азамат.

Былтыр шөптің үлкен бауы 6-6,5 мың теңгеден сатылса, биыл 11 мың теңгеге шыққан. Өткен жылы 1 400 теңге болған жемнің қабы қазір 2 200 теңгеден саудаланып жатыр. Кәсіпкер аудан көлемінде ет қабылдайтын орын жоқтығын да айтып өтті.

Биыл қуаңшылықтың зардабын азайту үшін жасалған жұмысты көзімізбен көрдік. Қыруар істі жоққа шығарғымыз келіп отырған жоқ. Біздікі ел арасында әлі де шешімін таппаған мәселе бар екенін еске салу. Көтерем мал биыл қыс­тан аман шықса екен. Қорасы толса, көңілі де толатын ағайынның бар тілегі осы.