Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Осы орайда елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жастар форумы өтті. Алқалы жиынды ашқан Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жастарына бейнеүндеу жасады.
Білімді де білікті, іскер де белсенді жастар бас қосқан республикалық форум қатысушыларын мерейлі мерекемен құттықтаған Елбасы, ең алдымен Тәуелсіздіктің ұлт тарихындағы маңызына тоқталды.
«Бұл – тәңірдің біздің ұрпаққа берген баға жетпес сыйы.
Отыз жыл – халқымыз үшін тарихи белес. Біз осы уақыт ішінде ата-бабамыздың асыл арманын орындап қана қоймай, оны баянды ете білдік. Қазақстанды әлем таныған, жаһан мойындаған іргелі мемлекетке айналдырдық. Бұл – барша халқымыздың ортақ жеңісі. Мен Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет деп жариялаған тұста елімнің келешегі жарқын, халқы бақуатты, жастары бақытты болсын деп армандадым. Бүгінде сол арманым орындалып отыр. Тәуелсіздік жылдары біз дамыған елдермен терезесі тең, бәсекеге қабілетті жаңа буын тәрбиеледік», деген Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Тәуелсіздікпен қатар дүниеге келген ұрпақ қазір орда бұзар отызға толып отырғанын атап өтті.
«Халқымыздың ұлы жеңістерінің бәрі татулық пен тұрақтылықтың арқасында келген. Әлі де алға қойған асқақ армандарымыз бен биік мақсаттарымыз көп. Қазақстанды озық отыз елдің қатарына қосу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы орайда жастарға зор үміт артамын. Сендерді ұлт мүддесі жолында аянбай қызмет етуге шақырамын», деді Елбасы.
Іс-шараға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Парламент Мәжілісінің және облыстық мәслихаттардың жас депутаттары, Nur Otan партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің өкілдері, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің, Қазақстан халқы Ассамблеясы Жастар қанатының, Парламент Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, түрлі саладағы жас ғалымдар, оқытушылар, зерттеушілер, жас кәсіпкерлер мен стартапшылар, республикалық және өңірлік жастар ұйымдарының басшылары қатысты, сондай-ақ онлайн-режімде әр өңірден белсенді жастар қосылды.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде еліміздің Тәуелсіздік алғалы қол жеткізген жетістіктеріне тоқтала келіп, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарды қолдауға арналған бастамалары туралы жан-жақты айтып берді.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жастарымыз әлемнің ең озық жоғары оқу орындарында білім алу үшін «Болашақ» бағдарламасы іске асырылды. Бағдарлама арқылы қазақстандық жастар әлемнің ең үздік университеттерінде білім алды. Осы жылдары шамамен 1800 жаңа мектеп салынды. Ұлт денсаулығын жақсарту жолында жаңа ауруханалар мен ғылыми медицина орталықтары бой көтерді. Тәуелсіздік алғалы 1800-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. Еліміздің, әсіресе, өңірлер мен ауыл-аймақтың инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған көптеген жоба жүзеге асырылды. Мұның бәрі, ең алдымен, жастарымыздың білімді, дені сау, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы үшін жасалды», деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы күні кешегі Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің отырысында Елбасы «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын жариялап, қазақстандықтардың жаңа дәуірдегі басты бағдарын айқындап бергенін айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен соңғы жылдары елімізде жастар саясаты аясында ауқымды жұмыс атқарылғанын да жеткізді.
«Пандемия жағдайы ғылымның қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді. Бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен вакциналар ойлап табылды. Бұл өз кезегінде індетті салыстырмалы түрде жедел еңсеруге мүмкіндік берді. Жалпы алғанда, күнделікті өмірімізде ғылымның рөлі артып келеді. Кейінгі бес жылда елімізде магистратура мен докторантурада білімін жалғастырғысы келетін жастар саны өсіп отыр. Алайда олардың 9 пайызы ғана ғылыми қызметпен айналысады», деген Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта білім мен ғылымның, технологиялардың рөлі күрт артатынын атап өтті.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ел Тәуелсіздігінің 30 жылындағы жастар саясаты саласындағы негізгі жетістіктерге тоқталды.
1992 жылдан бастап жыл сайын жас таланттарды қолдау үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы беріледі. 2000 жылдардан бастап жастар саясатын іске асыру жөніндегі қызмет қосымша қарқын алды. Осылайша, «Қазақстан жастары» мемлекеттік бағдарламасы, мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданды, «Жасыл ел», «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін» және басқа да бірқатар жоба іске қосылды.
«Жасыл ел» жобасы бойынша 2005-2021 жылдар аралығында жастар еңбек жасақтары 44,3 миллион ағаш отырғызды, бүкіл ел бойынша 180 мың гектар жерді өңдеді, осы жылдар ішінде жоба шеңберінде 300 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды. Қазіргі уақытта 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын 30 мың адамды, оның ішінде ауылдық жерлерден 10 мың адамды жұмысқа орналастыру міндеті қойылды», деген А.Балаева 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялау жастар саясаты саласындағы маңызды оқиға болғанын атап өтті.
Сондай-ақ министр жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулерін гранттық қаржыландыру 9 млрд теңгеге дейін ұлғайтылғанын айтып: «Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зерттеу жүргізу мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Аталған механизм 35 жасқа дейінгі жас ғалымдарға өздерінің шығармашылық және зияткерлік әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді», деді.
Алқалы жиында жас мұғалім – «Болашақ» бағдарламасының түлегі Асхат Жұмабеков Қазақстандағы ғылым мен білімнің дамуы, жастардың өзін өзі дамытуының жаңа мүмкіндіктері туралы баяндаса, «Серпін» бағдарламасының түлегі Айдар Күзеров ауыл жастарын қолдаудың артықшылықтары туралы айтып берді.
«Қазіргі таңда «Серпін» түлектерін жұмысқа орналастырып, үймен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ең алдымен, бұл бағдарлама жергілікті атқарушы органдардың тікелей бақылауында болуы керек. Дегенмен әр өңірдің ахуалы әртүрлі. Мәселен, жеке басымды айтсам, әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау болды: тегін білім алдым, еш қиындықсыз жұмысқа тұрдым, отбасы құрған соң қызметтік баспана берілді, бір реттік қайтарымсыз жәрдемақы тағайындалды. Бұл игіліктің бәрі «Серпін» – жаңа құндылықтар жобасы екенін көрсетеді», деді ол.
Ал «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің жеңімпазы Рухия Байдүкенова мемлекеттің шығармашыл жастарды қолдауға қосқан үлесін атап өтті.
«Славян базарындағы» менің жеңісім Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бір қызығы, бұл музыкалық байқау биыл отызыншы рет өткізілді. Сондықтан Беларусь сахнасындағы жеңісім – барша қазақстандықтың жеңісі деп есептеймін», деген әнші болашақта Қазақстанда да осындай ірі өнер бәйгелерін өткізуді ұсынды.
Жас стартапшы Тимур Рыспеков мемлекеттік цифрландырудың мамандық таңдауға әсері мен Қазақстандағы технологиялық даму процестерінің ерекшеліктері туралы баяндаса, пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алена Малькова оқытушылық қырымен бөлісті.
Форум барысында жас белсенділердің бастамашыл тобы Елбасы Н.Назарбаевқа «Алғыс кітабын» табыс етуді ұсынды. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің жас ұрпақтары атынан математика пәні бойынша халықаралық олимпиада жеңімпазы Сұлтанбек Байжанов 2041 жылғы болашақ ұрпаққа арналған криптографиялы-капсулалы Жолдауды іске қосты, ол арнайы крипто-кілтпен шифрланған және ел Тәуелсіздігінің 50 жылдығына орай ашылатын болады. Крипто-хабарламаны жас стартапшы Тимур Рыспеков арнайы әзірлеген.
Форум жұмысы аясында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының биылғы лауреаттары анықталды. Жеңімпаздарды Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева марапаттады.
Сонымен «Дарын – 2021» мемлекеттік жастар сыйлығы «Ғылым» номинациясы бойынша Нұрғиса Есіркегенов, «Қоғамдық қызмет» номинациясында Балмейір Сансызбайұлы мен Валихан Бахретдинов, «Журналистика» аталымы бойынша Ғалымжан Кеңшілік, Ақбөбек Тұлжан, «Халық шығармашылығы» номинациясында Ардақ Елеусіз, Темірлан Олжабай, Ернат Наурыз, «Классикалық музыка» номинациясы бойынша Алтынбек Әбілда, «Театр және кино» аталымында Ақмарал Танабаева мен Риза Қанатқызы, «Спорт» номинациясында Игорь Сон мен Елдос Сметов, «Эстрада» номинациясында Рухия Байдүкенова мен Әлібек Әлмадиев, «Әдебиет» номинациясында Батырхан Сәрсенхан мен Біржан Ахмер, «Дизайн және бейнелеу өнері» аталымы бойынша Атабек Бекболатов лауреат атанды.