«Қазагромаркетинг» АҚ-тың мәліметі бойынша, отандық шаруаларды қызықтыратын басты ақпарат – бұл ауылшаруашылық өндірісін несиелеу мен субсидиялау бағдарламалары. Қазагромаркетингтің сall-орталығына хабарласқан шаруалар дәл осы сауалдарды жиі қояды.
2013 жылдың қорытындылары бойынша байланыс орталығының операторлары 1200-ге жуық қоңырауға жауап берген, сауалдардың 500-і мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына несие алу мен техника лизингіне қатысты болған.
Сонымен қатар, қоңырау шалғандардың арасында «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында несиелер мен техника лизингін арзандату жайындағы ақпарат жоғары сұранысқа ие болды.
Мұнымен қоса қазақстандық агроөнеркәсіп субъектілері өсімдік және мал шаруашылықтарына субсидия алу шарттары турасындағы және аграрлық салаға қажетті құрал-жабдықтарды, арнайы химиялық заттарды, тағы басқа керек-жарақтарды сататын кәсіпорындар туралы ақпаратқа мұқтаж екендігі анықталды. Айта кетерлігі, «Қазагромаркетинг» АҚ-тың еліміздің түкпір-түкпіріндегі өкілдіктері аграрлық саладағы барлық компаниялар туралы ақпаратты жинап, кең ауқымды дерек қорын жасап шығарған болатын.
Естеріңізге салатын болсақ, «Қазагромаркетинг» АҚ-тың сall-орталығы 2008 жылы құрылған. Бұл желі арқылы ауылшаруашылық тауар өндірушілері аграрлық саланы мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі ақпаратты біліп, «ҚазАгро» холдингінің еншілес кәсіпорындары беретін жеңілдетілген несиелер турасындағы мәліметтермен қаныға алады. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешені үшін қажетті барлық материалдық-техникалық ресурстар мен қызмет түрлерін ұсынатын жекеменшік компаниялар жөніндегі ақпарат жайында хабардар болу мүмкіндігі де қарастырылған.
Айта кетерлігі, бұл желіге кез келген оператордың ұялы нөмірінен және еліміздің кез келген аймағындағы стационарлық телефоннан тегін хабарласуға болады. Желіні құрудағы басты мақсат – шаруалардың ақпараттық-кеңістік қызметтерге деген қолжетімділігін арттыру. Былтырдан бері желіге келіп түскен сауалдар күрт артқан. Мұның себебі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және «ҚазАгро» холдингі тарапынан қарастырылған мемлекеттік қолдау құралдарының артуы, желі туралы ақпараттың шаруаларға көптеп жеткізілуінде.
Байланыс орталығына хабарласқандар қазақ-орыс тілдерінде ақпарат ала алады. Желі операторларының мәліметі бойынша, хабараласушылардың 80%-дан астамы сауалдарын мемлекеттік тілде жолдайды. Былтырғы мәліметке сүйенсек, желіге ең көп хабарласатын аймақтар – ол Алматы, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары.
«Егемен-ақпарат».