Бауыр еті – баласын жоғалту! Ата-ананың басына бермесін десек те, тағдыр жазмышына не шара?! Қазақтың белгілі жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов пен ұлттық ғылымды әлемге паш еткен Патшайым Тәжібаеваның қызы, өзі де ұстаздық қызметімен еліне қадірлі Құралай Аққошқарованың бастарына үйірілген қайғы бұлты – Даниярдай баласынан айырылып қалуы қалың қауымның қабырғасын қайыстырып тастап еді... Қадірлі екен-ау, ел-жұртына бұл кісілер. Парламенттік, үкіметтік, облыстық билік деңгейіндегі лауазым иелері – жолы түскендері келіп көңіл айтып, кейбірлері қайғыға ортақтасу жеделхаттарын жолдап, азаматтық, адамгершілік көрсетіп жатты. Белгілі ақын-жазушылар қос мұңлықтың Даниярдай он екіде бір гүлі ашылмай, 21 жасында бақилық болған боздақ туралы дастан, өлең жазып, тіпті күймен күйік жасын сорғалата һәм қарасөзбен күңіреністерін кермелеп, демеу бола білгенінің өзі қазақтың қамыққанға қол ұшын соза алатын қасиетін сездірген еді.
Осындай қан жұтқан қапалы шақта әке-шеше қатты ойға қалады. Даниярға бағышталған құран, дұға... өліге иман, тіріге жұбаныш етерлік, жан азасын жеңілдетерлік медетті іс екеніне құлай жығылғанымен, имандылықтың таразысында тағы бір киелі шаруаның басы көрінгендей болған... Жазушы мен ғалымның қолынан не келеді? Жазу, жазу және жазу... Ендеше, сүйікті ұлы Данияры туралы еске ала жүрерлік кітап құрастырып шығарса қайтеді? Сөз өлмейді ғой. Қыршынынан қиылған жастың есімін, жарқын ісін, арман-мүддесін, елінің тәуелсіздігіне қосқан үлесін болашаққа жеткізер бір кітап керек-ақ! Сөйтіп, қанаттары қайырылған әке мен ана биіктен құлап ғайыптан мерт болған жасын балапанына арнап сөзден ескерткіш соғуға кіріскен еді...
Сол шерлі жазбалар «Өмір сүру оңай ма...», «Жизнь долга, если она полна...» деген атпен Алматыдағы «Арда» баспасынан жуырда қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Кітапты қолдарына ұстаған оқырмандар: «Данияр баламыз тіріліп келгендей болды-ау!»– деп күңіреніспен толқи түскен еді. Расында да оған енген көркемсөздер мен көсемсөздер, өлеңдер мен ән-күйлер, естеліктер, т.б. жанрдағы күңіреніске толы толғаулар көңілге түрлі ой тастайды. Ал әке мен ананың баласына арнап жазған хаттары мен күнделіктерін оқудың өзі соншалықты ауыр тиіп, өте қиналысты жағдайға түсіргенімен, ұрпақты сүюдің тылсымын ашқан қасіретнама секілді түрлі ойға батырып, келешек күннен үміт үзбеудің амалына жүгіндіруімен ерекшеленеді. Сабаға түсіреді, салқынқандылыққа бастайды. Мына өмірдің тек қана қайғыдан тұрмайтынына көз жеткізетіндей.
Әкенің баласы мен адамның баласы жайлы хакім Абайдан асырып айтқан ешкім жоқ шығар. Сондай-ақ, ұлы ақынның: «Құйрықты жұлдыз секілді, туды да, көп тұрмады. Көрген-білген өкінді, мін тағар жан болмады»,– деген жыр жолдарын ойға оралтқан, жас та болса ақылға бай дана, өмірі ғана емес, ажалы да азалы аңызға айналған «түнгі боздақ жұлдыздай» бозбала жайлы әңгіме өрбіткен бұл кітап оқыған жанға ой салар деген сенімдеміз.
...Міне, ақын Серік Тұрғынбековтің жұбату сөзі: «Қайран Сәбе! Болсын мейлі, қайдан сын. Ақ бүркіт боп, Қанатыңды жайғансың. Құралайға ғашық болған жүрегің, Данияр боп – Мәңгілікке айналсын!» Ал ақын Жұма-Назар Сомжүрек: «Махаббаттың жандырып оты күшті, Қондырғанда бақ құсы – тотықұсты. Қызығын көре алмастан кете барған, Өлім бұл – орны толмас өкінішті»,– деп достарының қайғысын бөліседі. Мұндай жұбаныш сөздер айтқандар қаншама!
Кітаптағы Сәбеңнің «Күнделік шерткен сыр», Құралайдың «Исповедь матери» деп аталатын жазбаларынан мұңлы жүректердің сағынышы сорғалап жатқандай екен. Даниярдың үйлену тойы өткен жылдың 17-тамызына белгіленіпті... Әттең, әттең!... «...Сағат 18-де асабалар тойдың басталғанын, жас жұбайлар келе жатқанын хабарлады. Әйтсе де, жас жұбайлар келе қоймай біраз күттік. Бір кезде абыр-сабыр, күбір-сыбыр басталды. Сөйтсе, Данчигім қатты ауырып қалып, оны той өтетін жерге жақын «Приват» дейтін клиникаға жеткізіпті. Сонда бірінші қабатқа кіре бере Даниярым есінен танып, құлап түсіпті. Бір сағаттан аса еденде жатқан Даниярымды қалалық емханаға жеткізгенде ол тірі екен. Сол жерде қайтыс болды...»,– деп әке өтпей қалған үйлену тойының жайынан жүрегі жарылып жазады.
Бұл кітап – жеке бір отбасының қайғысына ортақтасқан жұбату сөздері жинақталуымен ғана қымбат емес, сондай-ақ, ұлтымыздың қиналған сәтте қасіретті бөлісе алатын дәстүрінің көрінісіндей дүние болып шығыпты.
...Үйлену тойы алдындағы кенеттен болған азалы қаза. Жас махаббат бал ғұмырына енді аяқ басқалы тұрғанда үзіліп кетті. Ата-ананың көңілін демерлігі сол, Даниярға деген жанашырлар махаббаты ешқашан сөнбек емес!
Қайсар ӘЛІМ,
«Егемен Қазақстан».