Үкімет • 26 Қараша, 2021

Отандық тауар өндірушілерді қолдау – кезек күттірмейтін мәселе

418 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар бірқатар заң жобасын қарады. Атап айтқанда, Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау –  кезек күттірмейтін мәселе

Сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да мін­детті төлемдер туралы» Қазақстан Респуб­ликасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, құжатты қабылдады. Заң жобасына Парламент депутаттары бастамашылық жасады.

Құжаттың басты мақсаты – азаматтар мен бизнесті қолдау. Соған байланысты құжатқа жеке тұлғаның жалғыз бас­панасын кепіл ретінде қабылдауға шектеу қоятын норма енгізілді. Бұдан басқа, жеке салық төлеушілерге алдағы төлемдер мен салық берешегі туралы, оның ішінде банктердің мобильді қосымшалары және «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ арқылы хабарлау міндетті болады.

Заң жобасы жөнінде сенатор Ғұмар Дүйсембаев баяндама жасады. Оның айтуынша, құжат Мемлекет бас­шы­сының халыққа Жолдауында айтыл­ған жекелеген тапсырмаларды іске асыру мақсатында әзірленген. Со­ған байланысты бірнеше өзгеріс қарас­ты­рылған. «Бірінші, ең төменгі жалақыны айлық есептік көрсеткішке ауыстыру жолымен оны есептік көрсеткіш ре­тінде пайдалануды алып тастау ұсы­нылады. Бұл жеке табыс салығы бо­йынша стандартты шегерімді және әлеуметтік салық бойынша ең төменгі салық салынатын базаны айқындауға қатысты. Екінші, шикізат экспортынан түскен валюталық түсімнің кемінде 50 пайызын шетел валютасын теңгеге айырбастайтын бизнес субъектілері тауарларды экспорттаған кезде 80 пайызға дейінгі мөлшерде қосылған құн салығын жеңілдетілген тәртіппен қайтару ұсынылады. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Үшінші, Салық
коде­­ксінде 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Қа­зақстан Республикасында тауарлар мен қызметтер көрсететін шетелдік интернет-компаниялардың қосылған құн салығын тіркеу мен төлеудің жеңілдетілген тәртібі көзделген», деді Ғ.Дүйсембаев.

Сенатордың сөзіне сүйенсек, мұн­дай компаниялардың қосылған құн салы­ғын төлеуін қамтамасыз ету мақса­тында «Мерчент ID» ұғымын енгізу ұсы­нылып отыр. Банктер мен төлем ұйым­дары мемлекеттік кірістер органдары­на «Мерчент ID» бойынша шетелдік ин­тернет-компанияларға жеке тұлғалар жүзеге асырған төлемдер мен аударымдар­дың сомалары туралы ақпарат беру міндеттеледі.

«Төртінші, отандық өндірушілер үшін акцизден кейінгі төлемді енгізу қарас­тырылған. Бұл шара арақ өндірушілерді темекі өнімдері мен сыра өндірушілерімен теңестіреді және отандық алкоголь өнімін қолдауға, сондай-ақ алкоголь өнімінің импортын тежеп ұстауға мүмкіндік береді. Бесінші, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы салық режімін және бірыңғай жиынтық төлемді қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерін қайта қарау ұсынылады. Алтыншы мәселе автомобильдер бойынша көлік құралдарына салықты есептеуге қатысты. Осыған байланысты шағын және орта бизнестің шығындарын азайту үшін салық салу мақсатында шағын көлемді фургондарды жүк салмағына қарай салық салу тәртібімен жүк автомобильдеріне жатқызу ұсынылады», деді сенатор.

Сондай-ақ Қазақстан аумағы арқылы халықаралық бағытта жолаушылар мен жүк тасымалдайтын шетелдік автокөлік құралдарына салынатын алым көлемін 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру қарастырылған. Бұдан бөлек, тауар айналымының қадағалануына да мән берілмек. «Осы түзетулер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетігі туралы келісімді іске асыруға мүмкіндік береді. Онда «Тауарлар айналымының бақылануы» деген мемлекеттік бақылаудың өзге нысаны көзделеді. Осыған байланысты енгізілетін аталған жаңалық қадағалауға жататын тауарларды және ұлттық бақылау жүйелерін пайдалана отырып, осындай тауарлардың айналымы операцияларын есепке алуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Тоғызыншы, мобильді төлемдерді фискалдау көзделген. Пандемия кезінде сауда және қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері кәсіпкерлік қызметте жеке тұлғалар арасындағы транзакцияларға арналған жедел мобильді аударымдарды бар­лық жерде пайдалана бастады. Бұл мәсе­лені заңнамалық реттеу мақсатында «мо­бильді төлемдер» түсінігін анықтау қарас­тырылып отыр. Мобильдік тө­лем­­дер арқылы тауарлар мен көрсе­тілетін қызметтерге ақы төлеу үшін есеп айырысулар кезінде онлайн-бақы­лау-касса машиналарын қолдану заңдас­тырылады. Кәсіпкерлер бизнесті жүргізуге арналған жеке шоттарды пайда­лануға міндеттеледі. Банктерге мемле­кеттік кірістер орган­дарына тиісті мәлі­меттерді беру ұсыны­лады», деді Ғ.Дүй­сембаев.

Заң жобасында салық заңнамасының тұрақтылығын енгізу мәселесін заңна­малық реттеу қарастырылған. Салық заңнамасының тұрақтылығы кез келген жобаларға, соның ішінде жер қойнауын пайдалануға 10 жыл ішінде инвестициялар салған жағдайда, деңгейлес мониторингте тұрған, акцизделетін тауарларды өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыр­май­тын және арнаулы салық режімін қол­данбайтын экспортқа бағдарланған (көмірсутекті пайдалы қазбалар мен мұнай өнімдерін экспорттаушыларды қоспағанда) тауар өндірушілерге ғана беріледі.

«Бүгін қабылданған заң Мемлекет басшысының Жолдауда жарияланған жекелеген бастамаларын іске асыруға арналған. Соған сәйкес енді ең төменгі жалақыны салықтық есептік көрсеткіш ретінде қолдану жүргізілмейді. Сонымен қатар құжатта экспорттаушыларды валюталық табысты ішкі валюта нарығына сату үшін ынталандыруға бағытталған ере­желер көзделген. Жалпы, қабылданған заң жобасы қолайлы бизнес-орта мен инвес­тициялық ахуалды қалыптастыруға ықпал етеді және отандық тауар өндірушілерді қол­дайды. Сондай-ақ жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін салықтар мен төлем­дер төлеуді жеңілдетеді», деді Мәулен Әшімбаев құжатқа қатысты білдірген пікірінде.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар көрші мемлекеттерге әскери көмек беру жөніндегі екі Келісімді рати­фикациялады. Олар – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Тәжікстан Республикасының Үкі­меті арасындағы өтеусіз әскери-техни­­калық көмек көрсету туралы келі­сімді ратификациялау туралы» заң жо­балары. Бұл Келісімдер қырғыз және тәжік тараптарына әскери мүлікті, атап айтқанда, оқ-дәрілер мен арнайы жаб­дық­тарды бір реттік беруді көздейді. Сон­дай-ақ отырыста әскери мүлікті Қырғызстан мен Тәжікстанға беру Қазақ­станның жа­уынгерлік әзірлігі мен қорғаныс қабі­летіне әсер етпейтіні атап өтілді.

Бұдан басқа, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамта­масыз етуде әскери-техникалық жәр­дем көрсету туралы келісімді ратифи­кациялау туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды. «Келісім тәжік тарапына әскери мүлікті, атап айтқанда, оқ-дәрі­лерді бір рет беруді көздейді. Қазақстан тарапы әскери мүлікті Жамбыл облы­сының Отар стансасынан Тәжікстан Рес­публикасының аумағына дейін («Рохати» стансасы, Душанбе қала­сы) темір жол көлігімен жеткізуді қамта­масыз етіп, оған байланысты барлық шығысты өзі көтереді», деді заң жо­басы жөнінде баяндама жасаған Қорға­ныс министрінің орынбасары Руслан Шпек­баев.

Вице-министрдің айтуынша, Тәжік­стан жағы Қазақстаннан алған әскери мүлікті, оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермейді. Осылайша, әскери мүлік­ті Тәжікстанға беру Қазақстанның жауын­герлік әзірлігі мен қорғаныс қабіле­тіне ықпал етпейді.  «Бүгін ратифика­ция­ланған Келісімдер Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Алдағы уақытта бұл құжаттар көршілес елдермен өзара достық қарым-қатынасты одан әрі арттыруға және әскери саладағы ынтымақтастықты дамытуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді құжатқа қатысты пікір білдірген Мәулен Әшім­баев.