Әрине, алып қалада мәселе деген де жетіп артылады. Мұны қала басшылығы жасырған да емес. «Адамдар қаланы басқарумен әртүрлі ұйымдар мен бөлімшелердің айналысатынын білуі керек. Олардың әрқайсысы өзіне тиесілі міндетті атқарады. Мен әрбір аппарат кеңесінде тікелей эфирде қойылған сұрақтар бойынша тапсырма беріп, оның орындалуын тікелей бақылауыма алып отырамын», дейді Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Е.Бөлекпаев – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстанатын жаңа буын басшыларының бірі. Ол өзінің Facebook және Instagram парақшаларында қалада болып жатқан оқиғалардың қандайын болсын жасырмай жазып отырады. Сонымен қатар шаһар басшысы ай сайын тікелей эфирде қала тұрғындарының сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап беріп отыруды дағдыға айналдырған. Ал әр аптаның сейсенбі күні Е.Бөлекпаев инстаграм желісіндегі әкімдіктің ресми парақшасында онлайн режімде аппарат жиынын өткізіп тұрады. Яғни қарағандылықтар қалаға қатысты көтерілген мәселенің бәрінен хабардар болып отырады. Мұндай саясаттың ерте ме, кеш пе жемісін берері сөзсіз. Өйткені ашықтық, бүкпесіз әңгіме атқарушы билік пен тұрғындар арасындағы сенімді бекітіп, қарым-қатынасты нығайта түседі.
Соңғы жылдары жаңадан бой көтерген тұрғын үй кешендері, шағын аудандар пайда болды. Осылардың бәрі бұрыннан істеп келе жатқан ЖЭО-ға қосылғанда, қалада жылу энергиясының жетіспеушілігі байқалды. Мәселен, былтыр мұның салқынын қаладағы кейбір шағын аудандардың, Сұрыптау елді мекенінің тұрғындары қатты сезінді. Бұл тығырықтан шығу үшін стансадағы жұмыс ретке келтіріліп, ЖЭО-дан Сұрыптауға баратын жылу құбырын изоляциялық ораммен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Әрине, мұның бәрі жылуға деген қажеттілікті толығымен қанағаттандыра алмайды. Сондықтан қазіргі кезде қаланың Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік-Батыс бөлігін дамыту үшін үшінші жылу шығарушы станса салынуда. Бұл үлкен жоба жоспарға сай 2022 жылы пайдалануға берілсе, онда қаладағы жылуға қатысты барлық проблема шешімін табады деп сеніммен айтуға болады.
Бүгінде облыс орталығы жасыл желекке оранған қалаға айналып келеді. Биылғы күздің өзінде қалада 7 мыңға жуық ағаш отырғызылған екен. Бір қуанарлығы, қаланың жасыл желекті болуына жергілікті кәсіпкерлер қатты құштарлық танытып отыр. Олардың көбі егілетін көшеттерді қалаға сыйға тартуды дәстүрге айналдырған. Қала басшылығы қазіргі уақытта ағаш отырғызу науқанын жаңа жүйе бойынша іске асыра бастады. Мысалы, осы шаруамен айналысқан мердігерлер еккен көшеттерді суару мен күтіп-баптауды екі жылға мойнына алады.
Пандемияға қарамастан, соңғы бір жыл ішінде кеншілер астанасының көшелері мен аулалары қарқынды түрде абаттандырылды. Бұл бағыттағы ауқымды жобаларды қала тұрғындары да оң бағалай бастады. Мысалы, соңғы кездері қаладағы орталық саябақ жаңаша кейіпке еніп, мұндағы жағымды өзгерістер жұртшылықты қуантып отыр. Орталық саябақтың өзі үлкен аумақты алып жатыр. Қазіргі уақытта ол секторларға бөлініп, бұл тәсіл өзінің жемісін бере бастады. Бүгінде саябақтың батыс жағын игеру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жарықтандыру қолға алынып, қазір кешқұрым уақытта саябақ іші самаладай жап-жарық болатын жағдайға жетті. Сондай-ақ веложолдар да ұзартылып, саламатты өмір салтын ұстанғандарды қуанышқа бөледі. Саябақтағы жасанды көлдің тазалығы қала басшылығы үшін үлкен проблемаға айналғанына бірталай уақыт болған еді. Қазір бұл өзекті мәселені шешу үшін қала басшылығы осы көлге құятын Бұқпа өзенінің арнасын тазалауды қолға алған. Бұдан бөлек, саябақ көлін шахта суымен толтыру да алдағы жоспардың тізіміне енген.
Қалада кең көлемде жүргізіліп жатқан жұмыстың бірі – аулаларды абаттандыру. Биылдың өзінде Майқұдық, Пришахтинск және Сұрыптау елді мекендерінде 55 ойын алаңқайы мен 12 футбол алаңы орнатылды. Келесі жылы ауданның 27 ауласын жөндеуге бюджеттен қаржы қарастырылған. Қазіргі уақытта қаланың Қазыбек би атындағы ауданында 53 балалар ойын алаңқайын және жеті футбол алаңын, сонымен бірге Октябрь ауданында 50 алаңқай мен 11 жазықтықты абаттандыру қолға алыныпты. Бұдан басқа, тұңғыш рет «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аулалар мен жеке секторда абаттандырудың жеті жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Ойын алаңқайларын Нұр-Сұлтан қаласындағы үлгімен сала бастадық. Ол үшін біздегі аудан әкімдері елордаға арнайы барып, ондағы осы сала бойынша істелінген шаруаларды өз көздерімен көріп келді. Мен бұл жұмыстармен жақсы таныс едім: бес жыл астанада футбол алаңдары мен ойын алаңқайларын салдық. Олардың бәрі күні бүгінге дейін жақсы күйінде сақталған», дейді Е.Бөлекпаев.
Бүгінде Қарағандыда газ тарату желілерінің 1-ші іске қосу кешенінің алғашқы кезегінің құрылысы аяқталды. 67,3 км газ құбыры өткізіліп, Михайловка шағын ауданындағы 1584 үйге көгілдір отын келді. Ал мамыр айында 2-ші іске қосу кешені желілерінің құрылысы басталды. Қазіргі уақытта 1 209 үйге газ тартылып, 36,5 шақырым желі өткізілген.
Алдағы уақытта атқарылар жұмыстар да ауқымды. Мысалы, Майқұдықтың саябағы толық жаңғыртылмақшы. Бұл елді мекенді қақ жарып өтетін 11 шақырымдық күре жолдың күрделі жөндеуі де аяқталып қалды. Тротуарлар төселіп, белгілер, бағдаршамдар, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жарықтандыру тіректері орнатылып, аялдамалар ауыстырылғанда, Майқұдықтың адам танымастай кейіпке енетінін қазір жұрттың бәрі айтып жүр.
Қаладағы Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының күннен-күнге қарқынмен өсіп келе жатқанын жоғарыда айтып өттік. Яғни жол салу және жылумен қамтамасыз етуші инфрақұрылымның қажеттігі қатты сезіледі. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс деген бастан асады. Әлбетте, мұның бәрін ретке келтіріп, шаруаның басын қайыру үшін қажыр-қайрат, ерік-жігер және білікті кадрлардың керектігі айтпаса да түсінікті. Ал бұл жағынан Е.Бөлекпаев сынды істің қиюын білетін іскер әкімді ұятты емес деп айтуға толық негіз бар.
ҚАРАҒАНДЫ