Қазақстан • 26 Қараша, 2021

Шетелдік интернет-компаниялар енді ҚҚС төлейтін болады

447 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан аумағындағы жеке тұлғаларға сатылған тауарлар, көрсетілген қызметтер бойынша қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеу бойынша шетелдік интернет-компаниялардың міндеттемелері туралы Салық кодексінің нормалары күшіне енеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шетелдік интернет-компаниялар енді ҚҚС төлейтін болады

Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, қызметтер мен тауарларды онлайн-платформалар арқылы сататын барлық шетелдік компаниялар Қазақстан бюджетіне ҚҚС төлеуге міндетті болады.

ҚҚС ставкасы сатылған тауарлар мен қызметтер сомасынан 12%-ды құрайды. Ведомствода атап өткендей, бұл қазақстандық төлеушілерге әсер етпейді.

«Төлем тәртібі өте қарапайым болады. Компаниялар салық есебіне тұрмайды. Оңайлатылған тәртіпте олар салық органдарына хат жібереді және ҚҚС төлеуге дайын екендігі туралы хабарлайды», деді ҰЭМ вице-министрі Азамат Амрин.

Әкімшілендіру шетелдік интернет-компаниялар бөлінісінде аударылған сомалар туралы екінші деңгейдегі банктердің деректері негізінде жүзеге асырылады.

Ол үшін шетелдік компанияны төлем жүйелерін қолдана отырып төлем және/немесе ақша аударымын алушы ретінде анықтайтын таңбалардың ерекше жиынтығы болып табылатын Merchant ID немесе MID түсінігін орнату ұсынылады.

Merchant ID банктер тиісті төлемдер мен ақша аударымдарын сәйкестендіретін шетелдік интернет-компаниялар ұсынатын деректемелердің бірі болып табылады.

Экономика министрлігінде атап өткендей, бұл халықаралық тәжірибе. Мәселені қарау кезінде Еуропа елдерінің де, жақын көршілер - Ресей мен Беларусьтің де халықаралық тәжірибесі зерттелді.

ҰЭМ болжамына сәйкес, ҚҚС салығы есебінен бюджетке түсетін түсімдер жылына 2 млрд теңгені құрайды.

Еске сала кетсек, 25 қарашада Сенат Салық кодексіне интернет арқылы сатылған тауарларға сандық салықты енгізуді көздейтін түзетулерді қабылдады.