01 Наурыз, 2014

«Өжеттеу жырға ажал жоқ!»

457 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

far 1НЕМЕСЕ АҚЫН ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВАНЫҢ МӘҢГІ ӨЛМЕС ЖЫРЛАРЫМЕН СЫРЛАСУДЫҢ БІР СӘТІ

Көңілде бір өкініш бар! Адам болып өмір сүрудің өзі қиындап бара жатқан мына заманда кей-кейде көп жағдайға өкінетінің де болады екен. Сол бір өкініштің өкпек желіне кеудеңді тосып, келер күндерге деген сеніміңнің шоғын қайыра бір үрлер мына үрпиген үркек дүниеден тиянақ іздегендейсің. Сезімсіз қалып, семіп бара жатқан дүние шіркіннің кеудесіне дем салып, жан бітірер кім бар, кәне?! Алаулап жанар жан бар ма?! Адам баласы мына күйкі тіршіліктің тырнағымен бір-бірінің жан дүниесін тырмалап, қансыратып жатқан аранды заманның арын сақтап қалар кімің бар, кәне?! Талас та тартысты тағдырыңның қылға ілінген күйі бар. Сол күйді басымыздан кеше отырып, үнемі асығамыз. Қайда асығамыз, қайда жүгіреміз, қайда аптығамыз осы біз? Айтыңызшы, қайда барады мына ажалды адам ғұмыр?! Бір тірі жан бұрылып осыған жауап берсейші?! Сол сәтте ақын жүрегінің мына бір үні құлағыма жеткендей болғанын қайтерсіз?! Не істесем екен өлімге, Қоятын емес бұл залым. Нұр шашар туған көгімде, Жалмады бәрін тұлғаның! Осылай деп өз ғұмырында жүрегінің көз жасын талай бір сығып алған ақын Фариза Оңғарсынованың осы бір өкінішінің от жалыны жанымды қарып өткендей болды сол сәтте. Апыр-ай, «нұр шашар туған көгімде, жалмады бәрін тұлғаның!» деп жыр көгінде нұр шашқан ақын Фаризаны да жалмаған залым өлімнің де мына бізге беймәлім мәңгіліктен үн қатқаны ма?! Жан дүниесі мен сырлы сезімінің шырылдап отқа жанған ақын Фариза Оңғарсынованың «не істесем екен өлімге» деп күңіреніп, күрсінген осы бір көңілі мен бір езіліп, бір егілген жүрегінің тынысын қайыра бір сезінгендей боламын. Сәт сайын аңдып тұрған ажал аузында шырылдап кетіп бара жатқан адам өмірі мен ғұмырының жан дүниесін өз тіршілігімізде сезіне алып жүр ме екенбіз?! Тіпті, адам баласы осы біз өзіміздің ажалды екендігімізді білеміз бе екен, ұмытып кеткен жоқ па екенбіз осыны?! Бәлкім білетін де шығармыз! Бәлкім...беймәлім бір дүниеге асығатынымыз да, аптығатынымыз да сонан шығар?!. Құлазыған қия көңілдің кемеріне келген осы бір ой толқынымен томаға тұйық отырасың да, жан сырласыңды іздейсің. Ал сол жан сырласың кім тағы? Жаныңа сырлас болар жан иесі бар ма өзі? Бар болса кім ол?! Осы сәтте ойланыңқырап қаларың да бар. Өз ойыңмен өзің арпалысып, «сап-сап, көңілім» деп Абай хакімше өзіңді өзің сабырға шақырып, шырмауық дүниенің шырғалаңынан алып шығар бір құдіретті күшті іздейсің. Іздеп қана қоймайсың, елегізисің! Айналада сәуле жоқ. Сәулесі жоқ қуыс кеуде іштен тынып, құсаланып жатқан мына дүние шіркіннің мұңы мен зарын қайдан сезіне алсын?! Тағдыр жайлы, ел жайлы, қаза жайлы, Өмір жайлы, дос жайлы жаз арайлы, Жақсы, жаман ойлар кеп оңашада Маған тыным бермейді, мазалайды. Дәл қазір ақын Фаризаның да өз тіршілігінде ойран-асыры шыққан осы бір жан әлеміне жанай отырып, жақсы да жаман ойдың тұтқынында қалар ой мен санаңа өзің де сая іздейсің. Бірақ кімді, нені саяласаң да саналының санасы тынши қояр ма екен?! Мына тіршіліктің мазасын әбден алып біткен адам баласының қанағатсыз ындынының аранында шырылдап кетіп бара жатқан сол адам ғұмырдың жанына сая іздегендіктен де: Тыным көрмей адамзат тырбанады, Көз жұмбайды кіргенше құмға жаны. Алдырмайды қаншама ұмтылғанмен, Жайлы өмірдің міз бақпас сұр қамалы. Жіңішкерген қыл жүйке үзілердей, Басы қатып, бір мезгіл жынданады, – деген осы бір ой түйінді ақын Фариза мына біздің бүгінгі тіршілігіміздің қазанында бірге қайнап жүріп айтқаны да болар. Осыны айтса да қаншалықты азапты да, сананы жаншып езер ауыр ойлардың қамауынан да, қамықтырып, қапаландырар қалың мұң тұманның тұмша­лауынан да ешқашан тат баспаған ақын жанын өзінің таза да мөлдір қалпында, қақ тұрғызбай алып шығуға да қаншалықты рух пен таланттың қуатты қанаты қажет болды десеңізші! «Ақын жүрегіне қақ тұрмайды, қақ тұрған жүректен түк те шықпайды» дегенді айта білген Ғабеңнің, кәдімгі Ғабит Мүсіреповтің осы бір сөзі дананың ақын жүрегін тереңінен тани білгендігі десек те, өз ғұмырында әзіз жүрегіне қақ тұр­ғызбай кеткен және кекке де алғызбай өткен Фариза Оңғарсынова сынды жыр падишасының ғұмырлы жыр дидары мәңгілік жарқырап та, жадырап та, жаңғырып та тұрары анық! Бұл мәңгілікті ендігі арада ең әуелі ақын Фаризаның жыр жүрегінен іздегеніміз абзал. Ол үшін ендігі бізге Оңғарсынова мұра жырының жүрек сырына тереңірек үңілгеніміз де абзал. Өйткені, Фариза Оңғарсынованың әр жырының жолдарында ақынның жүрек лүпілі, тынысы мен ой-санасы, ақыл-парасаты, ерігі мен жігері, өзіне ғана тән қайсарлығы мен қайтпастығы, өрелігі мен өжеттілігі, адалдығы мен асқақтығы, тереңдігі мен тектілігі, өмірге деген іңкәрлігі мен қыз ғұмырдың еркелігі, сол қыз ғұмырдың сүйіспеншілігі, сылқымдығы мен тәтті қылығы қалды. Махаббат, махаббат қалды! Мені өртеуде оты мол нұр қарасың, Тайғанақтап көз салам ұрлана, шын. Қандай жарға соқтырар бұл күйіміз, Немен, қалай жалғасар бұл жарасым. Мұң теңіздің мұздарын талақ еттім, Мәңгі ұмтылған жағаға жаңа жеттім. Менің тәкаппарлығым, өрлігімді Қоштасқанда өзіңмен ала кеттің! Жырмен өрілген ақынның осы бір жүрек сырын ұға алдыңыз ба?! Әсіресе, соңғы екі шумағына үңіле түсіңізші! «Менің тәкап­пар­лығым, өрлігімді, қоштасқанда өзіңмен ала кеттің!», дегені несі екен ақынның?! Сол ақын айтып отырған тәкаппарлық пен өрлік дегеніңіздің өзі адам баласының екінің бірінің мінезіне біте бермейтін жан дүние мен сезім ғой! Олай болса ақын жанының сол тәкаппарлығы мен өрлігін өзімен бірге ала кеткен қай құдірет?! Кім ол?! Сезімді сезім ғана ұрлай алар да, ұрлай білер! Ол Махаббат атты жан сезім! Ол Махаббат атты құдіретті жан күші! Мәңгілік емес ғұмыр, мені де күткен ажал бар, Жайлылық берме, тыныштығымды ал, мазамды ал, Алыңдар жиған-тергендерімнің барлығын, Ойларыма ойран салмаңдар бірақ, адамдар! Өз ойлары үшін бар ғұмырын да, бар байлығын да құрбан етуге бар ақын Фаризаның ойдың өзін адам баласының асыл да құдіретті қазынасы есебінде санауы мен тануының аралы­ғында жатқан ақыл мен парасат пайымының тұжырымын екінің бірі тани алмасы және де бар. Өйткені, ойсыздық пен озбырлық жайлап бара жатқан және де сол кеселдің адам баласының жан дүниесін тонап жатқан мына заманның осы бір ақиқаты алдындағы осы бір пікірімізді жасқанбай алға тартып отырмыз. Алайда, ақын Фариза Оңғарсынова сол ақиқатты бізден бұрын да айта білген екен. Ойларымды өлтіріп жанын құрттым, Содан қанға тойымсыз мәнімді ұқтым. Оған куә жүрек пен арым ғана, Олардың да қаншама тауын жықтым! – дей отырып, Фариза ақын өз ойларын өлтір­ген талайғы бір сәттеріне өз жүрегі мен өз ары ғана куә бола аларлық күй кешкенімен, қиналғанымен де, ақиқаттың ақ шымылдығын ашып кетті. Мұны ақынның жаны мен жүрегінің тағы да сол кір шалмай кеткендігі деп танырымыз бар. Ары мен жан тазалығы деп танырымыз және де бар! Осы бір ар мен жан тазалығы жетпей жатқан бүгінгі адамзаттың да әр баласы ар тауын жығар алдында ақын Фариза Оңғарсыновадай ойланса екен, жан күйзелісін кешсе екен дейтін бір ойдың да санада жаңғырып тұрып алғаны да болды. Арлы адам ойлы адам екендігін біз де тап осы жолы танығандаймыз! Мұны танытып отырған өмір сырын терең түйсігімен тани білген ақын Фариза! Сол ақын Фаризаның арлы да жанды жыры! Ойы бар жырдың жаны да боларлығын тағы да осы жолы ұғына түскендігіміз және де бар. Міне, көрдіңіз бе, ақын Фаризаның жырлары өмір сабағы, өмірдің өз дәрісі, тіпті өмірдің өзі! Сол өмір ақын Фариза болып мына бізді, мына тіршілікті, өзінің жер әлемі мен жыр әлемін артына қарайламастан қиып кете барды. Өзімен ешнәрсе де әкеткен жоқ. Барын да, арын да, жанын да, жүрегін де, ойы мен мұңын да, сыры мен сазын да, пейілі мен ниетін де, қайсарлығы мен өжеттілігін де, сүйіспеншілігі мен таза махаббатын да өз жырымен құндақтай орап, дүние әлемнің тал бесігіне бөлеп тастап кетті мына сіз бен бізге. Және де: Менде де қурар ну арман, Болса да барар жолым көп... Өрлік пен қайғы суарған Өжеттеу жырға ажал жоқ!, – деген өз жүрегінің үкімін шығарып, соны айтып та кетті! Енді ақынның өз жүрегінің осы үкіміне жүгіне біліңіз, бүгінгі де, дүниеге келер де ұрпақ! Ақынның аманаты да осы! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты. АСТАНА.