Өнер • 28 Қараша, 2021

Мейірім шуағы

1397 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ошақ – қазақ баласы үшін қадірлі ұғым. Кейде «ошағыңның оты өшпесін» деген бір ауыз тілек тұтас өмірдің мәні ме дейсің. Көмейіне отын салсаң гүр етіп, үй ішін құс ұясындай жылылыққа толтыратын бұл бұйым балалық ша­ғы­мыздың ең аяулы естелігіндей. Осы ошақта анамыз шәйін қайнатып, сүт пісіріп, тіл үйірер тәтті тамағын әзірлеп, үстел үстін жайнатып жіберуші еді. Ойын баласы қыстың суық күндері бүрсеңдеп үйге енгенде жан дауасын қызуы күшті пеш түбінен та­батын. Алыста қалған мөлдір шаққа қиялмен сапар шеккенде де барлық береке осы ошақтың айналасында екен ғой деген ойға қаламыз. Жылылық та, мейірім де, тазалық та, сағыныш та сонда...

Мейірім шуағы

Өмірден өрілген шынайы шығар­маның басты мұраты адам көңілін тербеу, сезімін шымшылау. Жас суретші Нұрболат Асқардың кенебіндегі таныс та бейтаныс бейнелер жанымызға жылылық сыйлады. Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде салтанат құрған көрме «Ошақ» деп аталыпты. Атауы мен мазмұны үйлесіп тұр. Жерошағы бықсып, қазаны қайнаған қазақы ауылдың кәнігі тіршілігі, әке тұлғасы, ана бейнесі, ақшамдағы қоңыр кеш адалдықтың исін аңқытады. Суретші кенебіндегі басты та­қы­рып отбасы, отбасылық құн­ды­лықтар және күнделікті өмір тынысы. Нұрболат үшін отбасы – адам жан-дүниесінің қалыптасуының негізі. Бұл негіз ішкі әлем мен жеке көзқарасты, тіпті адамдардың келешек тағды­рын анықтайды. Өйткені отбасы – бұл махаббат, жеңіс және адамдардың рухани байлығы. Сурет­шіні әрдайым күнделікті өмір­ді ерекше мағынамен толтыратын қарапайым өмір сюжеттері қызықтыратынын аңғардық.

Нұрболаттың қолтаңбасы ха­­қын­­да өнертанушы Самал Ма­­мы­­­­то­ваның пайымы мынадай: «Кез келген жеке көрме­нің негізгі мақсаты – сурет­ші­нің шығармашылығын мүмкін­дігінше толық көрсете отырып, зейінді көрерменді ол жасаған тақырыптардың шеңберіне шы­­ға­ру. Автордың алғашқы жұ­мыс­тарынан бастап оның өмір суреттерін әсерлі әрі көңілді қа­был­дауы стиль ерекшелігін ай­қын­дап тұр. Нұрболаттың кескін­деме­сі – бейнелі кескіндеме мен импрессионизмнің ерекше қоспасы, ол өзіне ұнайтын көрі­ніс­терді жиі өзгертеді, «жы­лы» мен «суық» түстерді айқын түрде салыс­тыра, түрлі-түсті кон­трас­ттарды қолдана отырып түс «дыбысын» арт­ты­руға тырысады. Оның туын­­ды­ларын­дағы сағымнан бас тар­туға ком­по­зициялық шешім­дер, факту­раның түрлілігі және ірі жағыстардың ырғағы әсер етеді. Суретші адам жанына қажетті жылулықты, сенім мен мейірімді «Ошақ», «Ана мен бала», «Неме­ре», «Әңгіме», «Ою» және басқа да жұ­­мыстарына арқау етеді. «Ақ дастарқан» және «Төртеу» туындысында дастарқан басында отырған отбасы бейнеленген. Композициядағы жұмсақ жы­лы түстер жайлылық пен жылы­лықты беріп қана қоймай, сондай-ақ адамдардың рухани байланысын, бір-біріне деген ілтипат сезімдерін ашып көрсетеді».

Күнделікті өмірден көріп жүр­сек те, терең сезіне бермейтін кейбір сәттердің нағыз бақыт екенін қылқа­лам құдіреті қапері­мізге салады. Анаңның ұйықтап жатқан суреті қандай сүйкімді, әкеңнің шат-шадыман боп шал­қып отырған жүзі қандай шырайлы. Әке тізесіне басын қойып алаңсыз жатқан сәби неткен ба­қытты. Ошақ басында жеген ыс­тық бауырсақ неткен тәтті. Ақшам­дағы ауыл ке­ші сондай әдемі... Бұл Нұрболат кене­біндегі жанымызға шуақ құйған әсерлі көріністер. Көрмедегі ең үздік жұмыстардың қатарына «Қайыңды», «Бозжыра», «Суал­ма», «Талтүс» пейзаждарын жат­қызар едік, онда суретші күн сәу­лесі мен ауаны барынша тазалық пен қарқындылыққа толтырып береді.

 – Бала күнімізде шешелеріміз «ошақты теппе», «ошаққа су құйма», «ошақтың төбесіне шық­па» дегенді жиі айтатын. Біз осыдан-ақ ошақтың шаңырақ үшін үлкен киесі барын біліп өстік, оған құрметпен қарадық. Менің ұғымымда ошақ пен отбасы егіз ұғым әрі бұл татулық пен бақытты өмірдің символы. Шығармама осыны арқау еткім келді. Көбінесе ауыл, отба­сы құндылықтары секілді тақы­­рып­тар жаныма жақын, – дейді «Дарын» Мемлекеттік жастар сый­лы­ғының лауреаты Нұрболат Асқар.

Отбасы құндылықтарын дә­ріп­­­те­ген шығармалар нәзіктік­тен нәр алған. Кенепте көктем күнінің әуез­ді дыбыстары, да­ла гүлдерінің хош иісі сезіліп, құстардың үні есті­леді. Қарапайым сюжеттік суреттер­дің өзінен өмір мен болмыс, фи­лософиялық тол­ғаныстар, автор­­лық пайым байқа­лады. Сурет­ші бүкіл тіршілік бөл­шекте­рі мен мәңгілікті, тіпті бір сәттік бояу­лар­дың өзін ұстап алуға ықы­лас­ты. Әр шығарманың биігі қайта­ланбас сүйкімділікте жатыр. Сол сүйкімділіктің өзегі – мейірім.

Мейірім шуағы...

    

АЛМАТЫ