Саясат • 29 Қараша, 2021

Иранның таңдауы

319 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Иран мен Америка Құрама Штаттарының Иранның уранды игеруіне қатысты келіссөздері 29 қарашада қайта басталады деп жоспарланып отыр. Тараптар іс барысының бұлай өрбігенін құптайды. Бірақ соған қарамастан, келіссөздердің сәтті болуы екіталай екенін есте ұстаған жөн. Тіпті уағдаластыққа қол жеткізген күннің өзінде де, кез келген келісім Иранның аймақтық басымдыққа немесе ядролық қаруға ұмтылуына тосқауыл бола алмайды.

Иранның таңдауы

Еуро­­палық одақ және Ұлыбритания келі­­сімге келіп, «Бірлескен іс-қимыл жос­­парына» (JCPOA) қол қойды. Бұл келі­сім Иранның уран қорын азайтып, у­ранды байыту деңгейін бәсеңдететін, онымен жұмыс істейтін орталықтар­дың жұмысын бақылауға мүмкіндік бе­руге бағытталған еді. Соған сәйкес кең ауқымды халықаралық тексеру жүр­гі­зілді. Иран ешқашан ядролық қару жа­самауға уәде берді.

Сарапшылардың бағалауынша, Иран ядролық қару жасауды қолға алса, оған бір жыл ғана уақыт жұмсайды. Инс­пек­­­торлар елдің мұндай әрекетін тез аң­ға­рып қоятын еді. 2015 жылғы келі­сім­де қарастырылған негізгі шектеу­лер­дің көп­шілігі уақытша болатын. Яғни олар­дың мерзімі 10-15 жыл ішінде аяқ­талады.

Бұл шектеулер жойылғаннан кейін Иранға толыққанды ядролық қару бағ­дар­ламасын әзірлеу үшін айтарлықтай көп уақыт қажет емес.

Дегенмен JCPOA-ға қол қойылғаннан кейін Иранның шетелдегі миллиардтаған доллар қаражаты бұғаттан босатылды. Сондай-ақ Иранға салынған ауқымды экономикалық санкциялар айтарлықтай жеңілдеді.

Иран JCPOA талаптарын орындауды таңдады. Соған қарамастан, үш жылдан кейін, 2018 жылы президент Дональд Трамптың тұсында АҚШ келісімнен біржақты шықты. Трамп құжатты «қор­­қынышты» және «ең нашар және біржақты келісімнің бірі» деп сипаттады. Содан кейін Иранға қайтадан қатаң санкциялар енгізді. Көп ұзамай Иран халықаралық инспекторларды уранды байыту орталықтарына жақындатпай, ядролық қару жасауға қайта талпынды. Елде бір немесе бірнеше ядролық қаруды қамтамасыз етуге жеткілікті уранды қа­жетті деңгейге дейін байытқанына куә болып отырмыз.

Президент Джо Байден тұсында АҚШ пактіге қайта қосылуға ниет біл­дірді (Байден вице-президент болған кезде келіссөздер жүргізілді). Иранды да осындай қадамға баруға шақырды. Президент лауазымына Ибрахим Раиси­ді сайлаған соң Иран жағы бұған дайын екенін мәлімдеді. Бірақ бір шарты бар. Бірінші Трамп дәуірінде салынған санкциялар жойылуға тиіс.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар JCPOA шарттарына қайта оралса, эко­номикалық санкциялардың барлы­ғын емес, көпшілігі алынып тасталады. Сөй­тіп, Иранның ядролық бағдарламасы он жылға кейінге шегеріледі.

Бірақ жағдай бұлай өрбісе, проблема туындайды. Біріншіден, санкциялар­ды алып тастау Иранның қаржысын қай­таруын жеңілдетеді. Сөйтіп, қара­жат­ты Йемендегі, Сириядағы, Ирактағы, Ливан­дағы, Газадағы және аймақтың басқа жерлеріндегі тұрақтылыққа нұқсан келтіруге жұмсауын жалғастыра береді. 2015 жылғы келісімде мұндай әрекетке тыйым салынған жоқ болатын.

Екіншіден, Иран өзінің ядролық бағ­дарламасын неғұрлым қатаң шектеу­лер қоятын, ұзақ мерзімге созылатын ядро­лық келісімге (JCPOA 2.0) қол қояты­нына сену қиын. Сондай-ақ Иран он жыл­дан соң саяси құрылымы өзгеріп, ұстан­ған бағытынан бас тартады деп айтуға негіз жоқ.

Ендеше, JCPOA-ны қалпына кел­тірудің тағы бір кемшілігі күн тәр­тібіне шығады. Иранның 2015 жылғы келі­сімге қайта кіруіне мүмкіндік бар. Мұн­дай жағдайда оны орындай отырып, бал­листикалық зымырандарды (пактімен қам­тылмаған) өндіруді жеделдетуіне ештеңе кедергі емес. Сонымен қатар 2030 жылдан кейін байытылған уран қорын күрт ұлғайта алады. Бұған қоса, Иран соңғы бірнеше жылда үйренген тәжірибесіне сүйеніп, жасырын жерлерде тиісті қару-жарақ әзірлеуін жал­ғастыра береді. Сондай-ақ келешекте кез келген ядролық қарудың сапасы мен санын арттыруына жол ашылады.

Мәселе мынада. Мұндай сәтке қашан жетеміз? Егер келіссөздер сәтсіз болса, бірнеше айда болуы мүмкін. Сәтті аяқталса, он жыл көлемінде мәселе қайта туындайды. Ядролық қаруды иеленгенде немесе соған бір қадам қалған жағдайда Иран аймақта өз дегенін жүргізуге талпынып, қазіргіден де агрессивті саясат жүргізуі мүмкін.

Сонымен қатар ядролық қаруды иеленген немесе оны бірнеше күн, апта ішінде шығара алатын Иран көршілес мемлекеттерді, ең алдымен, Сауд Ара­биясын, Мысырды, Түркияны осындай жолға түсуге итермелеуі мүмкін. Бұл аймақтағы ахуалды күрделендіре түседі.

Бұған балама – ресми дипломатияны формальды емес нәрсемен ауыстыру. Мұны үнсіз дипломатия немесе қаруды келісімсіз бақылау деп атасаңыз болады. АҚШ және басқа мүдделі мемлекеттер (соның ішінде Израильде бар) Иранға ядролық әлеуетінің шегін белгілеп беруі қажет.

Егер Иран белгіленген мөлшер мен саннан асып кетсе, оның салдары ауыр болады. Санкцияларды күшейтумен қатар, ядролық нысандарға, сондай-ақ экономикалық және әскери маңызы бар нысандарға кибершабуыл жасалып, әскер кіргізіледі.

Мұндай қадамның тәуекелдері мен шығындары бар. Иран өзінің ядро­лық бағдарламасының маңызды элемент­терін қорғайтынын, қажет жағдайда оларды қайта құру үшін бар күш-жіге­рін жұмсай алатынын ескерсек, мұн­дай шабуылдардың сәтті болатынына кепілдік жоқ. Сондай-ақ Иран қа­лаған қаруымен аймақтағы және дүние жүзіндегі кез келген мекенді нысанасына ала алады.

Мұның бәрі АҚШ-қа қиын таңдау жасауға мәжбүрлейді. Байден мен оның орнын басатындар Иранға жасалған шабуылдарға қатысуы немесе оны қолдауы мүмкін. Сондай-ақ АҚШ-тың Еуропа мен Азиядағы одақтастарын Ресей мен Қытайға қарсы тұруға шақыр­ғаны сияқты, Иранның кез келген қауіп-қатеріне немесе ядролық қару­ды қолдануына қарсылық білдіруге үндеуі мүмкін. Трамп та, Байден де Амери­каның Таяу Шығыстағы әскери қаты­суын қысқартқысы келетінін ашық айтты. Ирандағы ахуалды ескерсек, мұндай әрекеттің жақсылықпен аяқталуы екі­талай.

 Ричард ХААС,

Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің президенті

Нью-Йорк

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org