Тәуелсіздік • 30 Қараша, 2021

Инвестиция үшін тартымды ел

3043 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстанның инвес­ти­циялық тартым­ды­­лығы жоғары. Шет мем­ле­кет­тердің, халық­ара­лық ұйым­дардың біздің елге қаржы құюға құлшынып тұра­тыны да сондықтан. Түптеп келгенде мұндай қа­ты­настардың үлкен сенімге құрылатыны белгілі. Ал Қазақстанды әлемдік аренада сенімді ел, сенімді серіктес еткен Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені айтпаса да түсінікті.

Инвестиция үшін тартымды ел

 Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Инвестицияның ел үшін зор игілік екені ақиқат. Осыны жақсы түсінген Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алған сәттен бас­тап Қазақстанның өз ішіндегі «Алдымен – экономика, одан ке­йін саясат» қағидатын белгілі бір дәрежеде халықаралық қарым-қатынастарда да тиімді қолданды. Кезінде Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі де сол үшін құрылған болатын.

Бұл туралы Елбасы мен бел­гілі журналист Сауытбек Аб­драх­мановтың «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабында жақсы айтылған. «Менің халықаралық сапарларым барысындағы негізгі мәсе­ле­лердің бірі Қазақстанға инвестиция­лау мәселесі болатыны сондықтан. Тә­уел­сіздік жыл­дарында Қазақстан эко­­но­ми­ка­сы­на құйылған шетелдік төте ин­вес­тициялардың көлемі шамамен 200 миллиард долларды құрады. Инвестициялар бізге неге келеді? Се­бе­бі инвесторлар бізге сенеді. Бізді әлемде сыйлайды. Күшті экономикасы бар, ха­лық­аралық қоғамдастықта ла­йық­ты орны бар, уәдесіне берік, шетел ин­вестор­ларына тиісті жағдай жасай алатын, қаржының қайтарым беретініне кепілдік ете алатын мемлекет деп сыйлайды. Біз бұл мәртебені бағалаймыз», дейді Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы жарық көрген «Өмір өткелдері» сұхбат кітабында.

«Ақша тыныштықты сүйеді» деген тәмсіл бар. Ақша үшін ойын ережелерінің тұрақтылығы мен заңдардың орындалуы да маңызды. Әсіресе мұның бәрі шетел ақшасы үшін үлкен маңызға ие. Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станды аталған талаптарға толық жауап беретін мемлекетке айналдырды. Соның нәтижесінде 30 жылда әлемнің 120-дан астам мемлекеті біздің елдің дамуына 330 млрд доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Мұның жартысынан көбі Еуроодақ елдеріне, тағы бір қомақты бөлігі АҚШ-қа тиесілі екенін атап өткен дұрыс.

АҚШ-ты айтқанда, «Ғасыр келісім­шарты» деген атаумен әлемге әйгілі болған Қазақстан мен «Шеврон» корпорация­сы арасындағы келісім еске тү­се­­­­ді. Аталған келісімшарттың талап­та­рын әзірлеудің өзі үлкен жа­уап­кершілік екенін «Ғасыр ке­лісім­шартының» талаптарын жасауға атсалысқан мемлекет және қо­ғам қайраткері, тура бір жыл бұрын өмірден өткен марқұм Қа­лық Абдуллаевтың естелігінен оқығанымыз бар. Өйткені бұрын-соңды мұндай келісімшарт жасау мемлекет тарихында бол­ма­ған. Осы­лайша, Нұрсұлтан Назар­баевтың табан­дылығының нә­ти­же­сінде Кеңес Одағы құламай тұрып бекітілген «Теңіз» кешені мен «Шеврон» корпорациясы арасында келісімшарт бұзылып, жаңасы жасалды. Жаңа құжатқа сәйкес, мұнайдан түсетін та­быс­тың көп бөлігі Қа­зақ­стан­да қалатын болды. «Ға­сыр ке­лі­сімшартының» нә­ти­­жесінде елі­міз­ге үлкен инвес­ти­ция келді. Шамамен 300 млрд доллар ті­ке­­лей инвестиция тартылды. Ше­тел инвестициясымен бірге әлем­нің озық технологиясы да елге ене бастады. Сөйтіп мұнай кен орындары игеріле бастады әрі шетелдіктердің біздің елге деген сенімі артты. Бұл Тә­­уелсіз Қазақстанға салынған ал­ғаш­қы шетелдік инвестиция бо­латын.

Біле білсек, Елбасының Темір­тау­­да­ғы ірі металлургиялық ком­­­­бинатты шетел инвес­ти­ция­сы­ның арқасында аман алып қа­луы­ның өзі ерлікпен пара-пар. Кеңес Одағы кезінде салынған ең соңғы зауыт 90-жылдары бір­жола тоқырап, мыңдаған адам жұмыссыз қалғаны белгілі. Сол уақытта Елбасы шетелдік инвес­тор Лакшми Митталмен тіке­лей келіссөз жүргізді. Соның нә­ти­же­сінде зауыт қайта жан­дан­ды, халықтың да тұрмысы жақ­­сарды.

Тікелей шетелдік инвес­ти­ция­лардың көлемі елдің ашық­ты­ғының, нарықтық эко­номикаға бейілділігінің әрі бизнес жүр­гізуге тартымдылығының бас­­­ты бел­гісі саналады. Сондай-ақ бұл – кез келген мемлекеттегі жағдайдың тұрақ­ты­лы­ғының айқын дәлелі. Әйтпесе, берекесі қашқан елге инвесторлардың қаржы құюы былай тұрсын, маңайламасы анық. Ал Қазақстан тартылған тікелей шетелдік ин­вес­тицияның жан басына шақ­қандағы көрсеткіші бо­йынша әлемдегі көшбасшы мем­ле­кет­тердің біріне айналды. Бұл де­геніміз қомақты қаржы ғана емес, бұл – ірі жобалар, жаңа технологиялар. Біздегі шикізаттық базаның молдығы, саяси жүйенің тұрақтылығы, инвестициялық кли­маттың мықтылығы, геогра­фия­­­лық тұрғыдан тиімді орналас­уы тікелей шетелдік инвес­ти­ция­ға жол ашып отыр.

Осы орайда Елбасының тіке­лей шетелдік инвестиция тар­ту­­ға қатысты екі маңызды қа­дам жа­са­ғанын атап өткен жөн. Оның бірі – Шетел инвесторлары кеңе­сін құруы, екіншісі – «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) ашуы. Қазақстан Прези­ден­ті жанындағы Шетел инвес­тор­лары кеңесі 1998 жыл­дың 30 маусымында құрылған. Ке­ңес ин­вес­тициялық саясат­ты жетіл­ді­ру­дің маңызды құра­лына айналды. Аталған ке­ңес­тік-консультативтік орган­ның міндеті – Үкімет пен ел аума­ғында жұмыс істейтін ин­вес­тор­лар арасында тікелей диа­лог орнату. Осының нәтиже­сін­де не­гізінен шетелдік инвес­тор­лардың инвес­тициялық қыз­ме­тіне қатысты мәсе­­лелер жедел шешіліп келеді.

Ал «Астана» халықаралық қар­­­жы орталығын Тәуелсіздік та­­ри­­­хын­дағы ірі жобалардың бірі ретінде қарастыруға болады. Ке­­зінде Елбасы Дубай мен Син­гапурдағы, Лондон мен Шан­хай­да­ғы секілді ха­лықаралық қаржы орталығы біз­дің елде де пайда болады дегенде сенімсіздікпен қарағандар көп еді. Қазір АХҚО-ның игілігін тұтас ел көріп отыр. Осылайша, Елбасы елорданы Еуразияның қаржы қақпасына айналдырды. 2021 жылдың бірінші жарты­жылдығында халықаралық қар­жы орталығы арқылы тартыл­ған инвестиция көлемі 4,4 млрд­ дол­ларды құрады. Оның 1,2 млрд доллары – портфелді ин­­вес­тиция. Ал 3,2 млрд доллары – тікелей инвестиция. АХҚО ашыл­ғалы бері шетелдік инвес­тор­лардың Қазақстанға деген қы­зығушылығы арта түсті. Өйт­кені қаржы орталығы се­німді нор­мативтік-құқықтық базамен қам­тамасыз етілген. Бүгінде іс­кер­лік ортада «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығының соты мен Халықаралық төрелік орта­­лығының қызметіне деген қы­­зығушылық өсіп келеді. Олар­­дың жұмысына Прези­дент та­ға­йын­да­ған әлемдік деңгей­дегі 10 судья мен 39 халық­ара­лық арбитр тартылған. АХҚО эко­жүйесінде жоғары техно­ло­гия­лық АХҚО биржасы (Astana International Exchange – AIX) да берекенің ордасына ай­налды.

Осыдан екі ай бұрын БҰҰ Сауда және даму жөніндегі кон­фе­ренциясының (ЮНКТАД) «Ин­­­вес­­ти­циялар жөніндегі дү­ние­­­жү­зілік баяндамасы» жария­­­ланды. Дәл осы баяндамада Қа­зақстанның ин­вес­тициялық әле­уеті жоғары ба­ға­ланған. Атап айт­қанда, COVID-19 пан­де­мия­сы­ның әлем эко­­­но­ми­ка­сына теріс әсер ет­ке­­ніне қарамастан, 2020 жыл­дың қо­ры­т­ындысы бойынша Қа­зақ­стан өтпелі экономикасы бар 17 елдің және теңізге шыға алмайтын 34 елдің ішінде таза тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің ең жоғарғы өсі­мін көрсетті. Әлем бойынша былтыр тікелей шетелдік инвестициялар кө­лемі ең төменгі көрсеткішке дейін қыс­қарды. Дәлірек айтсақ, көрсеткіш 35 па­йыз­ға кеміп, 1 трлн АҚШ долларын құрады. Бұл – соңғы 16 жылдағы ең төменгі көр­сеткіш. Ал Қазақстанға тар­тылған тікелей ше­телдік ин­вес­­тиция көлемі керісінше 34,9 па­йызға өскен. Бұл осы уа­қытқа дейін жүргізілген жүйелі жұ­мыс­тың жемісі!

Ресми дерекке сүйенсек, тіке­лей ин­вестиция тарту тұрғы­сы­нан биылғы жыл да табысты бол­мақ. Мәселен, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының қо­ры­­тындысы бойынша Қа­зақ­стан экономикасына тар­тыл­ған ті­келей шетелдік инвестициялар көлемі 30,4 пайызға артып, 11,1 млрд долларды құраған. Бұл рет­те өңдеу өнеркәсібінде (57,2 па­­йыз), саудада (45,8 пайыз), тау-кен өнеркәсібінде (27,1 па­йыз), көлік саласында (20,4 па­йыз) айтарлықтай өсім байқалып отыр.

Әдеттегідей Қазақстанға ин­вес­­­тиция құюшы негізгі ел­дер­дің көр­сеткіші артқан. Мәселен, ті­ке­лей шетелдік инвес­ти­ция­лар­дың 3,3 млрд доллары Ни­дерландқа (өсім 24,5 пайыз), 2,1 млрд доллары АҚШ-қа (өсім 87,7 пайыз), 1,3 млрд доллары Швейцарияға (өсім 86,7 пайыз), 704,9 млн доллары Ресейге (өсім 17 пайыз), 508,7 млн доллары Қытайға (өсім 63,7 пайыз), 459,5 млн доллары Бельгияға (өсім 4,3 пайыз), 388,7 млн доллары Түркияға (өсім 79,9 пайыз), 233 млн доллары Оңтүстік Кореяға (өсім 33,1 пайыз) тиесілі. Ел өңірлері арасынан Атырау облысы (3,6 млрд доллар, өсім 15,4 пайыз), Алматы қаласы (3 млрд доллар, өсім 26,3 пайыз), Шығыс Қазақстан облысы (1,3 млрд доллар, 72,8 пайыз) инвестициялық белсенділік танытқан.

Еске сала кетейік, ел Үкіметі ұлттық экономиканы одан әрі әр­тараптандыру және оның өсу тұ­­рақтылығын арттыру мақ­са­тын­да тікелей шетелдік инвес­тициялар ағынының қарқынын жылына 30 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл ретте 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ішкі жалпы өнімнің 30 пайызына дейін жеткізу көз­делген. Бұл бағытта атқа­ры­лып жат­қан жұмыстардың ауқымды еке­нін ескерсек, Үкі­мет белгі­ле­ген межені ба­ғындыру аса бір қиындық тудырмауы керек. Оның үс­тіне инвестицияға қатысты мә­­се­лелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіке­лей бақылауында. Президент ин­вес­тицияларды өңдеу өнер­­­кәсібіне қарай бағыттау керек­тігін тапсырған болатын. Бұл тапсырма да ойдағыдай орындалуда. 2020 жылы жалпы инвес­тиция көлеміндегі өңдеу өнер­кәсібінің үлесі 19 пайызға жетті. Ал 2010 жылы аталған көрсеткіш 10 па­йызды құ­ра­ған болатын.

Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде Қазақстанға 330 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тар­тыл­ға­нын жоғарыда айттық. Осы орайда Орталық Азия­ға тартылған тікелей шетел­дік инвестициялардың 70 пайызы біздің елге тиесілі екенін атап өту ләзім. Қазақстан экономикалық реформалар, халықаралық сау­даға ашықтық, инвестициялар және саяси тұрақтылық тұр­ғы­сынан өңірдегі көшбасшы болып сана­ла­ды. Соңғы жылдары респуб­ли­ка инвесторларды қорғауды күшейту, бюрократияны азайту, салық ай­­қындылығын арттыру және кә­сіп­керлікті қол­дау бо­йынша кең көлемді реформалар жүргізді.

Түйіндей келе айтарымыз, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Қазақ­стан­ды инвес­тиция­лық тартымды елге айналдырамын» деген асқақ арманы орындалды. Оның игілігі бүгінгі буынға ғана емес, келер ұрпаққа да жететіні зор қуа­ныш! Өйткені мұның бәрі бір күндік емес, жүзжылдық кезеңге жалғасар игілік.