Өнер • 30 Қараша, 2021

Алматыда «Бастау» халықаралық кинофестивалі басталды

265 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда 30 қараша мен 4 желтоқсан аралығында өтетін IХ халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі өз жұмысын бастады, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда «Бастау» халықаралық кинофестивалі басталды

Жыл сайын өтетін кино мерекесінің негізгі мақсаты – Еуропа мен Азияның жас кинематографистері арасында ынтымақтастық орнату, олардың жұмысын қолдау және ілгерілету, түрлі жанрдағы кинофильмдерді түсіруге қызығушылығын арттыру. Пандемия кезіндегі қиындыққа қарамастан, халықаралық ірі жобаны жүзеге асырудағы сабақтастықты үзіп алмай, қазылар алқасын шақырып, үміткерлердің туындысын сарапқа салу ұйымдастырушылар тарапынан қажырлы еңбекті талап етті.

Биылғы халықаралық қазылар алқасына белгілі ресейлік актер, режиссер, сценарист, Канн және Шанхай фестивальдерінің қатысушысы, Ника және ТЭФИ сыйлықтарының иегері Юрий Быков жетекшілік етеді. Сондай-ақ қазылар құрамында «Босфор» Стамбул кинофестивалінің көркемдік жетекшісі Эмра Кылич, қазақстандық режиссер әрі продюсер Рүстем Әбідрашов, DocPoint, Camerimage, San Sebastian Film Festival секілді ірі халықаралық кинофестивальдердің қатысушысы, Беларусь режиссері Ханна Мироненко,  киносыншы, «2 morrow», «Край света. Восток», «Послание к человеку» (Санкт-Петербург) кинофестивальдерінің бағдарламалық директоры Алексей Медведев бар.

Жастар шығармашылығына арналған кино мерекесін Алматы қаласы әкімдігінің, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының және Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының қолдауымен Tanaris Production кинокомпаниясы ұйымдастырады.

л

Кинофестивальдің ұйымдастырушылары мен қазылар алқасының қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында алғашқы беташар сөзді алған «Бастау» кинофестивалінің президенті, Tanaris Production кинокомпаниясының жетекшісі Сергей Әзімов биылғы қатысушы жастар саны өткен жылдармен салыстырғанда, төрт-бес есеге көп екенін атап өтті.

–Биыл келіп түскен 1500-ден аса жұмысты қатаң сараптаудан өткізіп, тек 250 фильмді іріктеуге жібердік. Біздің фестиваліміз шығармашылықпен айналысатын жастарға бастау болатын, тәжірибе алмасуға және жас киногерлерге өз жобаларын кеңінен насихаттауға, өнердегі ынтымақтастыққа жол ашатын кәсіби алаң. Сондықтан да бұл алаң дарынды жастарымызға фестивальдің қонақтарынан – кино өндірісінің түрлі саласындағы кәсіби мамандар мен сарапшылардан үйренуге таптырмас мүмкіндік сыйлайды. Жалпы фестивальдің басты ерекшелігі – шығармашылық еркіндік. Байқаудағы жұмыстарға халықаралық қазылар алқасымен қоса, студент жастардан құралған төрешілер де баға береді. Фестивальдің нәтижесінде ұлттық кинорежиссурадағы жаңа толқынның қарымы байқалмақ,– деді.

Беларусь елінен келген Ханна Мироненко: «ВГИК-те оқып жүргенімде, ұстазымыз: Сендер әр жаңа фильмді талқылап, сүйегіне дейін шағып, жіліктеп, талдаған кезде, әрине, маман көзімен қарайсыңдар. Бірақ фильмге, ондағы оқиға мен кейіпкерге ми мен бас арқылы қарау жеткіліксіз,  жан мен жүректі де іске қосыңдар. Кәсіби маман болған жақсы, бірақ өз жүректеріңдегі көрерменді өлтірмеңдер» дейтін еді. Мен де «Бастау» фестиваліндегі әр фильмді жан-жүрегіммен көруге келдім» деді. 

л

«Бастаудың» конкурстық бағдарламасы 3 бөлімнен тұрады: толықметражды фильмдер байқауы – Bastau DEBUTS, қысқаметражды фильмдер байқауы – Bastau SHORTS және деректі фильмдер байқауы – Bastau DOCS.

Студенттік және дебюттік қысқаметражды көркем және анимациялық фильмдер байқауының қазылар алқасын сценарист, режиссер, BAFTA Student Film Award жүлдесінің иегері және Berlinale Talents қатысушысы Татьяна Федоровская (Ресей) басқарады. Қазылар алқасының құрамында қазақстандық анимациялық фильмдердің режиссері, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» Бас продюсері  Адай Әбелдинов, тәжік подюсері, кинорежиссер Искандар Усмонов, ресейлік театр және кино актері, режиссер Илья Глинников және Қырғыз Республикасынан келген кинематографист, Азия – Тынық мұхиты аймағы киноакадемиясының мүшесі (APSA) Дастан Жапаруулу бар.

Фестивальдің ашылу салтанаты Абай атындағы қазақ ұлттық Опера және балет театрында өтеді. «Бастау» Дәурен Қамшыбаевтың байқаудан тыс көрсетілетін дебюттік картинасы «Зеремен» ашылады.