Елорда • 30 Қараша, 2021

Жаһан жұртын жалт қаратқан жауһар шаһар

525 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Ел егемендігінің 30 жылына қадам басқан тұста Елбасының ең ұлы туындысы ретінде ел астанасын айту­ға болар еді. Арқа төрінде айбыны асқақтаған елорда бүгінде жаһан жұртының жанарын жалт қаратқан жауһар шаһарға айналды. Сәт санап ажары адамзат баласын арбап келе жатқан еліміздің бас қаласына атбасын бұрғандар саны артып келеді. Олар жүз түрлі сәулет өнерінің озық үлгісі үйлесім тауып, жүзіктің тасындай нұр шағылған ел астанасын көруге ынтызар. Ең бастысы, Нұр-Сұлтан қаласында туризмді түлетудің ауыз толтырып айтуға болатын әлеуеті бар.

Жаһан жұртын  жалт қаратқан жауһар шаһар

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Елорда – Елбасының ең ұлы туындысы

Бүгінде туризм – атүсті қарауға болатын салмақсыз сала, болашағы жоқ бағыт емес. Керісінше, елге келушілердің есе­бінен еңсесін тіктеп, табысын артты­рып, бюджетін толықтырып отырған мем­­ле­­кеттер жеткілікті. Ебін тапқандар елді қызықтырып, жұртты сүйсіндіріп жүр. Барын бағамдап, жоғын түгендей біл­ген мұндай мемлекеттер орман-көлін, асқар тауын, жазира белін, жанға жағым­ды жағажайын насихаттайды. Өткен үш он­жылдықта Қазақстан да бұл сала­да кен­­­желеп қалды деп айта алмаймыз. Мәсе­­лен, жыл өткен сайын көркі көп­ші­лікті таңқалдырған елорда төріне келуші­лер­дің қатары толыға түсті. Тұңғыш Пре­зидентіміздің төл туындысы бүгінде көз сүйсіндіреді.

Елордадағы туризм туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Біз іште де, сыртта да жаппай туризмді дамы­ту қажеттігі жайлы бұрыннан бері айтып келеміз. Астана бұл мәселеде республикада айрықшы орынды иеленуі, бүкіл әлем­нің туристері тартылатын орталық болуы тиіс. Мен осыған тырысудамын. Қаланың ғимараттары, сәулет бейнесі бірегей, бәрі туризмді дамытуға сәйкес келеді. Қазір Астанаға іскерлік және басқа да мәселелер бойынша келген кез келген адамды турист деп санауға болады», деген болатын.

Расымен де, осы күнгі ел астанасы сөзсіз әлемнің туристері тартылатын орталыққа айналып шыға келді. Бұл, ең алдымен, Елбасының ерен еңбегі. Ең бас­тысы, елорданың гүлденгені – елдің түрленгені. Себебі Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі теңдессіз территорияда қанат жайған Қазақ елінің жүрегі де, тұғырдан түспес тірегі де – осы шаһар. Елордадағы туризм дамыса ел аумағындағы туризм де түлей түседі.

Бұл ретте, Мемлекет басшысының сөзі ойға оралады: «Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екені­мізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек. Біз салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдадық. Ол толыққанды жүзеге асатын болса, туризмнің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 8%-ға жетеді. Сырттан келетін туристер саны 9 млн, ал ішкі туристер саны 8 млн адам болады. Ал туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 650 мың адамға жеткізу керек. Туризм өте күрделі сала. Оған тиісті мамандар керек. Сол себепті біз туризм мамандарын дайындайтын университет ашу қажет деген шешім қабылдадық».

Нұр-Сұлтан қаласы – еліміздің саяси, экономикалық, мәдени орталығы ғана емес, бұдан бұрын шетелдік, отандық азаматтарды өзіне тартып тұратын туристік шаһар. Мұндай қадам әлдеқашан жасалып қойған. Ендігі мақсат – ел астанасындағы осы саланы дамыту, жаңғырту, жаңа белеске көтеру. Бұған қажеттінің барлығы бар. «Бірінші бағыт – оқиғалық, іс-ша­ралар туризмін дамыту, әлем чемпио­наттарын көптеп ұйымдастыру. Екінші бағыт – медициналық туризм. Халық­аралық сарапшылар Нұр-Сұлтан­да медициналық туризмнің үлкен әлеуе­тін көріп отыр. JSI аккредиттеген жеті ұйымның алтауы астанамызда орна­ла­сқан. Үшіншіден, Нұр-Сұлтан – Еура­зиядағы үздік көрме орталығы. Біз Халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының Еуразиядағы ең ірі мүшесіміз. Халықаралық деңгейдегі шаралар шетелдік қонақтарды көбейтіп қана қоймай, қала экономикасының дамуына ықпал етеді», дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Елбасы ұсынған Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының «Нұр-Сұлтан қаласын зерттеушілерді, студенттерді, кәсіпкерлерді, бүкіл өңірден туристерді тартатын «Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығына айналдыру» деп аталатын 69-тармағы бар. Бүгінде осы тармақты жүйелі жүзеге асыру мақсатында «Astana Invest қалалық инвес­тицияларды дамыту орталығы» ЖШС Нұр-Сұлтан қаласын тартымды туристік бағыт ретінде дамыту, жоспарлау және ілгерілету бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеді.

 

Іскерлік туризм ілгері басып келеді

Қаланы іскерлік (MICE) туризмнің бағыты ретінде ілгерілету және дамыту шеңберінде дестинацияның белсенді маркетинг құралдарының бірі болып табылатын іскерлік іс-шараларды (биддинг) тартуға өтінімдер беру жүргізіледі. Осылайша, 2021 жылы бас-аяғы барлығы 7 өтінім берілді. Оның қатарында 2023 жылы ұйымдастырылатын жоғары білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі ха­лық­аралық агенттіктер желісінің конференциясы (INQAAHE); 2023 жылға негізделген ENTER eTourism Conference – Халықаралық ақпараттық технология­лар және туризм федерациясы; 2024 жыл­ға белгіленген халықаралық шаңғы спорты федерациясының конгресі (FIS Congress); 2024 жылға жоспарланған какао бұршақтарын өндірушілердің дү­ние­жүзілік конгресі және 2025 жыл­ға көз­делген Дүниежүзілік гас­тро­энте­ро­логтер конгресі, 2026 жыл­ға жоспар­лан­ған халықаралық география­лық одақтың аймақтық конференциясы; 2026 жылы өтетін IFCC WorldLab клиникалық хи­мия және зертханалық медицина Феде­ра­­циясының халықаралық конгресі бар.

Қауымдастық мүшелері­нің дауыс беруі негізінде Нұр-Сұлтан қа­­ла­сы 2023 жылы жоғары білім беру сапасын қам­тамасыз ету агенттіктерінің халық­аралық желісінің (INQAAHE) конференциясын өткізу құқығын жеңіп алды. Бұл конференция 2023 жылғы мамыр-маусым айларына жоспарланып отыр. Аталған іс-шара 4 күнде ақылы негізде 300-ден астам делегаттың басын қосатын болады. Сондай-ақ 2022 жылғы мамырда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Дүниежүзілік бизнес конфедерациясының (WORLDCOM) іс-шарасын – Bizz Awards беделді марапаттау рәсімін тартуға бұрын берілген өтінімнің нәтижесі шықты.

Іскерлік туризмді дамытудың қосым­ша тетігі нарықтың стейкхолдерлері­мен (жер­гілікті салалық қауымдас­тық­тар, кор­пора­тивтік сектор өкілдері жә­не сервистік ком­­­­­­паниялар) әріптестік қаты­настар орна­­­­­ту саналады. Осыған байланысты, серік­­­­тестік қауымдастықтармен жұмыс бойын­­­­ша (33 мүше), корпоративтік сектор өкіл­­­де­рімен жұмыс бойынша (26 мүше) әріптестік бағдарламаларын және қаланың MICE NUR-SULTAN серік­тестік бағ­дар­ламасын (62 қатысушы компа­ния) жүргізеді. Сонымен қа­тар 2021 жыл­дың 5-6 мамырында MICE ин­дустриясы бойын­ша онлайн тренинг ұйымдастырылды. Оны халық­ара­лық спикер – MICE Know­ledge компа­ниясының басқарушы дирек­торы, доктор Роб Дэвидсон (Лондон, Ұлыбри­тания) өткізді. Тренингке барлығы 49 адам қатысып, орамды ойларын ортаға салды.

Бүгінгі таңда ел астанасында іскерлік (MICE) туризмнің жетекші компаниялары мен кәсіби сатып алушылар (халықаралық қауымдастықтар, туристік операторлар және т.б.) үшін таныстыру турларын ұйымдастыру жобасы сәт­ті іске асып келеді. Аталған тур­лар­дың бас­ты мақсаты – Нұр-Сұлтан қала­сын MICE-туризмнің бағыты ретінде ілгерілету, сондай-ақ халықаралық іс-шараларды ұйымдастырушылардың қаланың туристік әлеуеті туралы таным-түсінігін арттыру, елордада іскерлік іс-ша­ра­ларды тартуға жәрдемдесу саналады. Мәселен, Түркия компаниялары үшін алғашқы тур ұйымдастырылды. Бұған қоса, Мажарстан, Ресей Федерациясы жә­не БАӘ компаниялары үшін тағы 3 тур қолға алынады.

 

Nur-Sultan Pass туристік картасын 500 мың адам сатып алды

2021 жылы мамырда Nur-Sultan Pass туристік картасының жарты миллионыншы сатылымы www.citypass.kz порталында тіркелді. Әрине, COVID-19 пандемиясы жағдайында елордаға қызығушылық танытқан шетелдік туристер саны қысқар­ғаны анық. Алайда еліміздің түкпір-түкпірінен атбасын бұрған меймандар санының өскені байқалады. Пандемия жаңа шешімдерді табуға серпін берді. Биыл сәуір айында Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығының қолдауымен Crocos компаниясы Nur-Sultan Pass туристеріне арналған смарт-картаның онлайн сатылымын Aviata.kz-те іске қосты. Енді билеттерді онлайн сатып алу сервисінде Aviata.kz арқылы әуе немесе теміржол билеттерін ғана емес Nur-Sultan Pass онлайн смарт-картасын да сатып алуға болады.

CityPASS жобасын дамыту аясында шектеу шараларын ұстана отырып, Astana Invest қолдауымен Crocos компаниясы «Бәйтерек» монументінде орналасқан туристік ақпараттық орталықта автономды робот-кеңесші – Promobot орнатты. Promobot елорданың үздік орындары туралы ақпараттарға қанық, балалар үшін де, ересектер үшін де қызықты экскурсия өткізе алады. Сол сияқты CityPASS картасын сатады. Бұл инновациялық, қауіпсіз және интерактивті шешім пандемия ке­зін­де туризмді дамыту мүмкіндіктерін кеңей­тіп қана қоймай, жақсы жаққа дамытып, кейінгі кезеңге бейімделуге көмектеседі.

Nur-Sultan Pass – бұл туристердің Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіз­дік сарайы, Ұлттық мұражай, Триумфалды арка, «Бәйтерек» монументі, океанариум, «Джунгли» паркі және Ailand СОО-дағы шолу дөңгелегі, Нұр-Әлем (EXPO 2017), «Атамекен» кешені, «Алжир» мұражай кешені, HOP-ON-HOP-OFF және теплоходпен саяхат (жаз мезгілінде) сынды түрлі орындарға жасайтын экскурсиясы. Осылайша, елорданың көрікті жерлерін аралап қана қоймай, картаның қолданылу мерзімінде қала автобустарында тегін жүру мүмкіндігі қарастырылады. Қазіргі уақытта картаның құны – 5 990 теңгеден басталады (құны картаның әрекет ету мерзіміне байланысты өзгереді). Бұл ретте смарт-карта иесінің ақшалай қаражатын шамамен 70%-ға үнемдейді.

Nur-Sultan Pass картасын www.citypass.kz және Aviata.kz сайттарынан сатып алуға болады. Сондай-ақ болашақта Crocos компаниясы өзінің брендтелген өнімін шығаруды және карталарын Air Astana әуе компаниясының сайтында сатуды жос­парлап отыр.

 

Visit Nur-Sultan туристер ағынын арттырады

Нұр-Сұлтан қаласының туризм са­ласындағы соңғы жетістіктерінің бірі – 2021 жылғы мамырда қаланың Visit Nur-Sultan атты серіктестік бағдарламасының басталуы. Бұл қаладағы туризм­нің барлық субъектілерін бір мақсатпен біріктіретін алғашқы бағдарлама – көрсеті­летін қызметтердің сапасын жақсартып, пандемиядан кейін елорданың туристік ағынын арттырады. Қазіргі уақытта бағдарлама орналастыру орындары – Visit Nur-Sultan Comfort, тамақтану нысандары – Visit Nur-Sultan Taste, көрікті жерлер – Visit Nur-Sultan Discover, сервистік орындар – Visit Nur-Sultan Support және көлік компаниялары – Visit Nur-Sultan Transport бойынша сертификаттауды қамтиды.

Көшпелі тексеру нәтижелері қонақжай­лық секторындағы 12 компанияның та­лап­тарға сәйкестігін растады және Visit Nur-Sultan Comfort сәйкестік сертификатын алды. Одан әрі бағдарламаның барлық қатысушылары Visit Nur-Sultan каталогтарының базасында жарияланады. Олар Қазақстанның әлемдегі дипло­матиялық өкілдіктері және Қазақстандағы басқа елдердің өкілдіктері, халықаралық көлік тораптары (әуежайлар, вокзалдар), сондай-ақ халықаралық қонақ үйлер базасында таратылады.

Медициналық туризм – елорда дамуының ертеңі

Туристік қызметтің тағы бір ба­ғыты – медициналық туризмді дамыту. Медициналық туризм Нұр-Сұлтан қаласында даму әлеуеті жоғары бағыт болып саналады. Өйткені қалада Joint Commission International (JCI) – Денсаулық сақтау саласындағы неғұрлым объективті және беделді халықаралық сертификаттау, оның ішінде бүкіл Қазақстан бойын­ша 6 ұйым орналасқан. Медицинаның сұранысқа ие бағыттары: кардиохирургия, нейрохирургия, стоматологиялық көмек, буындарды протездеу, репродуктивті медицина (ЭКО), пластикалық хирургия.

Қаланы медициналық дестинация ретінде ілгерілетудің негізгі артықшы­лықтары: шетелдіктер үшін медициналық қызметтердің бағасы әлемдік бағадан төмен; медицинаның белгілі бір салала­рын­дағы Орталық Азиядағы көшбасшы­лық; Нұр-Сұлтан қаласының көліктік қолжетімділігі. Осы медициналық туризм­ді дамыту шеңберінде көшпелі және қарсы ақпараттық турларды ұйымдастыру, мамандандырылған көрмелерге қатысу, турларды жылжыту жоспарлануда. Жергі­лікті туроператорлармен бірге ақпараттық қолдау көрсетілуде.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының кино дестинациясы ретінде ілгерілету және қалада кино туризмін дамыту жоспарлануда. Түсірілім алаңы ретінде қалада локациялар ұсыну қаланың туристік әлеуетін ілгерілетудің тиімді құралы саналады. Танымал фильмдердің түсіру орындары кейін туристің бағытын таңдаудағы маңызды факторлардың бірі болады. Халықаралық тәжірибе: ең жарқын мысалдар – «Властелин колец» және «Игра прес­толов» сияқты жобалардың түсірілімдері. «Властелин колец» – Жаңа Зеландияда: туристер санының өсуі 2000 жылы 1,7 млн адам болса, 2006 жылы түсірілім орнына 2,4 млн адам; «Игра престолов» – Дубровник, Хорватияда: туристердің жалпы саны 2008 жылы (түсірілімге дейін) 8 млн адам болса, 2013 жылы 184 млн адамға жетті. Сериалдың түсірілім орындарына саяхат: 2015 жылы 300 млн адам; 2018 жылы күніне 8 мыңнан астам адам.

Қазірдің өзінде кино-туризм бағытын дамыту жұмыстары басталды. 2021 жыл­дың жазында елордада Украинаның үш дүркін чемпионы және дрифтинг бойын­ша чемпионаттардың бірнеше мәрте жеңімпазы Александр Гринчуктың қаты­суымен Nur-Sultan Drift Challenge бейнеролигінің түсірілімі халықаралық фильмдерді, жарнамалық роликтерді, клиптерді және басқа да іс-шараларды түсіруге арналған «Кино-дестинация» алаңы ретінде қала брендін ілгерілету мақсатында өткізілді.

Халықаралық зерттеулерге сәйкес, көптеген туристер жарнамалар мен кино эпизодтарында көрген саяхат орындарын таңдайды. Бейнероликте елорда жаңа – динамикалық, бірегей және заманауи қырынан көрсетілген. Түсірілім қаламыздың заманауи сәулеті аясында сол және оң жағалаудың ең әдемі және көрнекті орындарында өтті. Бейнеролик идеясы – Нұр-Сұлтан қаласы жаңа локация болып табылатын жарыс ойыны.

 

Инфрақұрылым игілігі

Туристік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде де 2021 жылы бірқатар жобалар іске асырылды. Мәселен, қала­ның туристік тартымдылығын арттыру, туристің қолай­лы жағдайларын қа­лып­тастыру, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қала­сы­ның имиджін жақсарту, туристік индустрия субъектілерін көрсе­тілетін қызметтердің сапасын артты­ру­ға жә­не дең­гейін жетілдіруге ынталан­дыру мақсатында 2021 жылы Нұр-Сұл­тан қа­ла­сының «Сервис және туризм колледжінің» және 25 қонақ үйдің қызмет­керлеріне көрсетілетін қызмет­тердің сапасын арттыру бойынша курстар өткізілді. Сондай-ақ, қалада электросамокаттарды минут са­йын жалға алу бойынша инвести­циялық жоба іске асырылды. Инвесторлар – Jet Kazakhstan ЖШС және Ozim Scooters ЖШС. Қалалық кеңістікте пайдаланылатын электрсамокаттардың жалпы саны – 850 бірліктен астам.

Елорданың көрікті жерлерімен танысу үшін халықаралық интернет-платформада жаяу аудиоэкскурсия izi.travel жобасы енгізілді – 150 нысан бойынша 6 тілде (орыс, қазақ, ағылшын, түрік, не­міс, қытай тілдері). Биыл пайдаланушы­лар саны 25 мыңнан асты. Аудио экскурсиялардың Интернет-платформасы тегін, қолжетімді және әлемде танымал, оны офлайн режі­мінде де қолдануға болады, бұл, әсіресе, саяхатшылар үшін ыңғайлы.

Елордаға келген әрбір қонақта қала туралы түсінік қалыптастыру, туристік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілері, көрікті жерлер туралы қажетті анықтамалық ақпарат беру, сондай-ақ елордадағы қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану объектілері туралы ақпарат беру үшін 2 туристік ақпараттық киоск жұмыс істейді: Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы 1-терминалы және «Астана Бәйтерек» монументі.

Сонымен қатар ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап 1 қарашаға дейін «Ар­бат Нұр-Сұлтан» аумағында ақпараттық киоск ашылды. Бұл ақпараттық киоскіде мау­сымдық жұмыс режімі орнатылған (көктемнен күзге дейін). Осы жылдан бас­тап ақ­параттық киоскіде елорда қо­нақ­тарының 9 мыңнан астам өтініші өңделді. Сонымен қатар анықтама-ақпа­раттық қолдау көрсету мақсатында қала қонақтары мен экспаттарының ыңғайлы болуы үшін елордада 8 800 080 38 38 бірыңғай туристік Call-орталығы жұмыс істейді. 1 мыңнан астам қоңырау өңделді.

Сонымен қатар елордада Red Bus туристік экскурсиялық автобус бағыты жұмыс істейді. 3 500-ден астам сапар жасалды. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы Red Bus экскурсиялық автобусы елордаға барған кезде көрікті жерлердің бірі және визит карточкасы саналады және туристердің келуі үшін қолайлы жағдай жасауға, қаланың туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған. Автобустар аудиогидтермен жабдықталған, онда туристерге экскурсия 8 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, қытай, неміс, түрік, француз, испан) ұсынылады.

2021 жылы маркетингтік қызметтер мен науқандар аясында бірқатар көрсет­кіш­терге қол жеткізілді. Бүгінгі таңда Instag­ram-да 416 жарияланым және Facebook-те 338 жарияланым әзірленді және жарияланды. Сондай-ақ елорданың туристік әлеуеті туралы 35 бейнеролик түсі­рі­ліп, жарияланды. Бұл жарияланымдар интернеттегі маркетингтік науқанда келесі көрсеткіштерге ие болды: Instagram қамту – 9 364 861 адам; өзара әрекеттесу – 2 млн; Facebook қамту – 10 547 857 адам; өзара әрекеттесу – 1,5 млн; Контекстік-медиалық жарнама – 400 мыңға жуық сайтқа кіру; Youtube – 2 млн-нан астам қаралды. Барлық жарияланымдар туристік және MICE әлеуетін ілгерілетуге, қалада өтетін іс-шараларды, астананың көрікті жерлерін және басқа да іс-шараларын ілгерілетуге бағытталған.