Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Байқоңыр – Қазақстанның бірден-бір артықшылығы
Ғарыш индустриясы кең өркен жайған бүгінгі заманда дәулеті тасып тұрған кез келген азаматтың жұлдызды аспанға саяхаттауға мүмкіндігі бар. Ал осыдан 15-20 жыл бұрын мұны елестетудің өзі қиын болатын. 90-жылдары коммерциялық мақсат түгілі бір елдің ғарышкерін көкке ұшыру оңай шаруа емес еді. Соған қарамастан, дербес мемлекет ретінде Қазақстан екі бірдей азаматын ғарышқа жіберуге мүмкіндік алды.
«30 жыл бұрын 31 тамызда Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстанның меншігі болып жарияланып, 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров арнайы экспедицияның құрамында «Мир» орбиталық кешеніне ұшты.
Байқоңыр – әлемдік экономикалық бәсекедегі Қазақстанның бірден-бір басымдығы саналады», деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сыр өңірінде орналасқан ғарыш айлағы еліміздің қарамағына өткен бойда Тұңғыш Президент алғашқы қазақты орбитаға жіберуді ойластыра бастайды. Іске келгенде бұл идеяны жүзеге асыру қиынға соғатынын жақсы түсінді Елбасы. Неге десеңіз, кез келген экипаждың тізімі бірнеше жыл бұрын жасақталады.
«Одақтық ғарыш ведомствосының біздің ғарышкерді орбитаға жіберуге аса құлқы жоқ болды. Өйткені кезекте тұрған өз адамдары бар еді. Бірақ бұл мәселені тез арада шешкім келді. Бұған қоса Михаил Горбачевпен Қорғаныс министрлігімен өткен күрделі келіссөздердің нәтижесінде осы мәселе реттелген болатын», деп сол кезеңдегі жағдайды «Қазақстан жолы» кітабында Нұрсұлтан Назарбаев суреттегені есімізде.
Әубәкіров ұшуы керек
Мемлекеттік деңгейдегі келіссөздердің нәтижесіне сәйкес ғарышқа аттанатын тұңғыш қазақтың сапары 1991 жылдың қыркүйек-қазан аралығына белгіленіп, бұл тарихи миссияны орындайтын үміткерлерді іздеу жұмыстары қолға алынады.
«Үміткерлерді әскери ұшқыштардың арасынан іздеп, КСРО Қорғаныс министрінен Әскери әуе күштерінде қызмет ететін қазақ ұшқыштарды қарастыруды өтіндім. Екі-үш адамды тапқанымен біреуі де талапқа сәйкес келмеді. Бірде газеттен Алматының маңындағы Шымбұлақ тау шаңғы курортында жерлесіміз әскери ұшақтардың сынаушы ұшқышы Тоқтар Әубәкіровтің демалып жатқанын оқып қалдым. Уақыт оздырмай оны бірден өзіме шақырдым. Біресе жасы 45-те, біресе денсаулығы келмейді деп әуре-сарсаңы көп болды. Бірақ мен табандап талап еттім, ақырында ол ұшты», деп еске алады Елбасы.
Заманауи Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға 1991 жылдың 2 қазанында орын алды. Атап айтқанда, Тоқтар Әубәкіров Александр Волков және аустриялық Франц Фибекпен бірге «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен «Мир» орбиталық кешеніне аттанған-ды.
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер орбитада 7 күн 22 сағат 12 минут және 40 секунд өткізді. Қазанның 10-да ол қазақ даласына сәтті қонып, әлем тарихында КСРО-ның 72-ші және соңғы ғарышкері ретінде қалды.
Ғарышқа жасаған сапар жайлы Тоқтар Әубәкіров: «Жерге қарап тұрып, оның миллиардтаған жұлдыз бен планетамен салыстырғанда кішкентай әрі қорғансыз екеніне көз жеткізесің. Оның түсі қайталанбас – ерекше көгілдір реңкті. Бұрын-соңды мұндай түсті көрген емеспін. Ғарышта көбінесе анамды қатты сағындым. Жерге оралғанға дейін бұл сағынышым басылмай тұрды», деген еді.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, Т.Әубәкіров ұшаққа жанармайды әуеден екі рет толтыртып, Солтүстік полюске жеткен Одақ көлеміндегі бірінші ұшқыш. Сонымен қоса әскери авиацияның шебері алғашқылардың бірі болып, «Тбилиси» әуе крейсерінің палубасынан дыбыстан да жылдам МиГ-29 жойғыш ұшағын әуеге көтерген. Осындай жетістіктері арқылы оның есімі Гиннестің рекордтар кітабына енді. Осындай ерліктері үшін оған 1988 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол «Ғарыш-Қазақстан» бағдарламасының негізінде орбитада ғылыми тәжірибе жүргізіп, құрғап қалған Арал теңізінің үстіндегі тұзды құйындарды тіркеумен бірге медициналық мақсатта қан сынамаларын алды.
Ашық кеңістікке шыққан алғашқы қазақ
Ал Талғат Мұсабаев ашық ғарыш кеңістігіне шыққан алғашқы қазақ ғарышкері ретінде танылды. Оның орбитаға үш мәрте ұшқанын ескерсек, тұтастай ашық кеңістікте 44 сағаттай болып, ғарышта өткізген жалпы уақыты 341 тәулік 9 сағат 46 минутты құраған.
Алғашқы сапарында, яғни 1994 жылы «Союз ТМ-19» кемесінің құрамында ол инженер ретінде ұшқан болатын. Бірінші миссиясында кеме бортынан тыс екі рет шығып, нақты айтқанда 9 қыркүйекте – 5 сағат 6 минут және 13 қыркүйекте – 6 сағат 1 минуттай уақытты ашық кеңістікте арнайы тапсырманы орындаған.
«1994 жылы қарашаның 4-нде Арқалықтан шамамен солтүстік-шығысқа қарай 77 шақырымдай қашық жерде қондық. Нұрсұлтан Әбішұлы – ғарышкерлерді шығарып салып, күтіп алған әлемдегі жалғыз Президент. Иллюминатордан байқалған алғашқы көрініс – сайын даламен келе жатқан Президент болды. Арқалықтың қараша айындағы көрінісі және капсулаға жақындаған Мемлекет басшысының ағалық мейірімі өмірімдегі жарқын сәттердің бірі ретінде есте сақталатыны сөзсіз.
Республика сарайында өткен мерекелік жиынның бірінде Нұрсұлтан Әбішұлы бізбен байланысқа шығып: «Мен сені шығарып салдым және өзім қарсы аламын», деген еді. Елбасы сөзінде тұрды.
Отанымызға оралғаныма қуанып, бұған қоса Президенттің өзі қарсы алып тұрғанын көріп, аяққа тік тұрып кеттім. Барлығы таң қалды. Неге десеңіз, мұндай әрекетті жасауға болмайды. Әдетте ғарышкерлерді капсуладан көтеріп алып кететін, мен керісінше тік тұрып, Мемлекет басшысына миссияның сәтті аяқталғанын ана тілімізде баяндадым. Елбасы құшақтап, алғысын жеткізді. Нағыз қайталанбас сәт. Осыдан соң барлық ғарыштық экспедициядан Жерге оралғанда аяққа тұрып, жүруді дағдыға айналдырдым. Бұл – жеке ұстанымым. Президенттің өзі қарсы алатындықтан сап түзеп тұру керек», деген болатын Т.Мұсабаев.
Осыдан 20 жыл бұрын тарихтағы алғашқы ғарыш туристі Байқоңырдан ұшқаны мәлім. 2001 жылы 60 жастағы америкалық кәсіпкер Денис Титоға ғарышқа саяхаттау мүмкіндігі бұйырып, осы сапарда «Союз ТМ-32» экипажының құрамында Т.Мұсабаевтың да болғанын айта кеткен орынды.
Дербес мемлекеттің үшінші ғарышкері
Айдын Айымбетов Тәуелсіз Қазақстанның үшінші ғарышкері. 2015 жылдың 2 қыркүйегінде ол Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесімен 2-ші бортинженер ретінде орбитаға аттанды. Халықаралық экипаж құрамында ресейлік ғарышкер, 1-ші бортинженері Сергей Волков, Дания корольдігінің астронавты Андреас Могенсен болғанын айта кету керек. Қазақстандық ғарышкердің сапары 9 тәулік 20 сағат 13 минут 51 секундқа жалғасты.
Бастапқыда қазақ ғарышкерін аталған сапардың қатысушысы ретінде ғана тіркеу жоспарланыпты. Алайда қазақстандық тараптың талабына сәйкес отандасымыздың мәртебесі біліктілігіне сәйкес 2-ші бортинженері болып өзгертілді.
10 күндік сапар барысында Айдын Айымбетов ғарыштағы ғылыми зерттеулердің 5-ші ұлттық бағдарламасын іске асырды. Алғашқы 4 ғарыш бағдарламасы 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровтің миссиясы кезінде, сондай-ақ 1994, 1998 және 2001 жылдары Талғат Мұсабаевтың сапары аясында орындалды.
Үшінші ғарышкердің зерттеу бағдарламасы 10 ғылыми тапсырманы қамтыды. Оның ішіне Арал және Каспий теңіздерінің экологиялық жағдайына мониторинг жүргізу сынды елімізге қатысты өзекті мәселелер кірді.
«Айдын Айымбетов тәуелсіз Қазақстанның үшінші ғарышкері атанды. Заманауи тарихымызда осы ұлы оқиғаға кәсіби тұрғыдан үлесін қосқандардың бәріне алғыс айтамын. Бүгінде бұл – жер шары тұрғындарының ең ұлы миссиясы. Байтақ жерімізде бүкіләлемдік ғарыш айлағы – Байқоңырдың алпыс жыл бойы жұмыс істеп келе жатқанын мақтан тұтамыз. Дүние жүзі ғарышкерлерді Қазақстаннан шығарып салады. Адамзаттың ғалам туралы танымын кеңейтетін экспедициялардан кейін оларды осы жерден қарсы аламыз. Жарты ғасырдан астам уақытта 38 елдің 545 ғарышкері ғарыш кеңістігінде болып қайтты. Олардың қатарында Қазақстан азаматтары да бар. Айдын Айымбетовтің сәтті сапары еліміздің ғарыш жылнамасының жаңа парағын ашты», деп Елбасы үшінші ғарышкерге Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын берген еді.
Отандық ғарыш индустриясының дамуы
Егемен ел ретіндегі ғарыш индустриясындағы алғашқы қадамдар 2000 жылдардың басында қолға алынды. Айталық, 2004-2005 жылдары алғашқы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында негізгі салалық кәсіпорындар құрылды. Оның ішінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ны ерекше атап өтуге болады. 2007 жылы Елбасының Жарлығымен Ұлттық ғарыш агенттігі құрылып, ведомство төрағасы Талғат Мұсабаевтың бастамасымен компанияның атауымен бірге оның тұтастай стратегиялық құрылымы өзгерді. Ұлттық компанияның миссиясы айқындалып, бағыт-бағдары белгіленді. Осылайша, елордада заманауи ғарыш технологияларына арналған инфрақұрылымды құру бойынша алғашқы қадамдар жасалды. Бұл идея Жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесін, дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымын, сол секілді Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақ кешенін құруды қамтиды.
Ғарыш аппараттарын басқаруда жерүсті кешендерінің маңызы зор. Осы орайда отандық спутниктердің қалыпты жұмысын қамтуда «Ақкөл» байланыс орталығының орны бөлек. Өйткені байланыс пен хабар тарататын Kazsat ғарыштық жүйесін қалыптастыру ісі дәл осы жерүсті ғарыш инфрақұрылымынан басталды. Оның жұмысын Республикалық ғарыш байланыс орталығы қадағалайтынын айта кеткен жөн. «Ақкөлдің» қызметіне телекоммуникациялық спутниктердің техникалық және баллистикалық сипаттамаларын басқарып бақылау, сондай-ақ KazSat сериялы ғарыш аппараттарының пайдалы жүктемесінің мониторингі кіреді. Бұл ғарыш байланыс орталығы елордадан 108 шақырым қашықтықта орналасқан. 2008-2009 жылдары Kazsat-2 бағдарламасы мен 2012-2013 жылдар кезеңінде KazSat-3 жобасы арқылы техникалық жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, «Ақкөл» ITU Халықаралық электр байланыс одағының спутниктік радиобақылау стансаларының бірыңғай тізіміне енгізілді.
Қазір Республикалық ғарыш байланыс орталығы Kazsat-2 және KazSat-3 екі байланыс спутнигінен тұратын Kazsat байланыс және хабар тарататын қазақстандық ғарыш жүйесінің штаттық жұмысын қамтамасыз етеді. Ғарыш аппараттарын басқару Ақмола облысындағы «Ақкөл» негізгі жерүсті кешені мен Алматы облысындағы резервтік «Көктерек» ғарыш байланыс орталығынан жүргізіледі. Бүгінде Kazsat жүйесінің жүктемесі шамамен 74%-ды құрайды.
Kazsat байланыс спутниктерінің қызметтерін еліміздің аумағында 13 мыңнан астам спутниктік байланыс стансалары бар 15 отандық байланыс және хабар таратушы оператор пайдаланып келеді.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей үкіметтері «Байқоныр» ғарыш айлағын тиімді пайдалану мақсатында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге қол қойған болатын. Аталған кешенде коммерциялық ғарыш бағдарламалары мен жобаларды, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің ұлттық ғарыш жобаларын жүзеге асыру көзделген. Осыған байланысты 2005 жылы «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорыны» акционерлік қоғамы құрылды.
Бұл келісімге сәйкес Байқоңыр ғарыш айлағында жерүсті ғарыш инфрақұрылымының нысандары негізінде «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құрып, бірлесіп пайдалану бағытында тараптар ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен шарттарын айқындады.