Кәсіпқой бокс • 02 Желтоқсан, 2021

Усик ақша ұсынса, Джошуа күте тұрады

159 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

WBA (super), IBF, WBO және IBO тұжырымдары бойынша аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы, украиналық боксшы Александр Усик келесі жекпе-жегін WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, ұлыбританиялық Тайсон Фьюриге қарсы өткізуі мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.

Усик ақша ұсынса, Джошуа күте тұрады

Бұл туралы Александр Усиктің промоутері Александр Красюк мәлімдеді. Оның ойынша аса ауыр салмақтағы әлемнің экс чемпионы, Ұлыбритания боксшысы Энтони Джошуа қаржылай сыйақы алса, Усикпен өткізуге тиіс міндетті қарымта кездесуден уақытша бас тартуы мүмкін екен.  Әрине, мұндай жағдайда Александр Усиктің командасы Тайсон Фьюримен шайқас ұйымдастырып, әлемнің абсолютті чемпионын анықтауға ниетті.

«Энтони Джошуа ойдағыдай ақша алса, сәл күте тұрады деген әңгіменің болғаны рас. Мұндай гу-гу Тайсон Фьюри Деонтей Уайлдерді жеңген сәтте-ақ басталған болатын. Джошуа қаржылай ұсынысты қарастыруға әзір екенін мен де естідім. Өзі де аса ауыр салмақтағы шиеленістің дұрыс шешілгенін қалайтынын айтқан. Александр Усик қаржылық жағы дұрыс қарастырылса, Тайсон Фьюриге қарсы рингке шығуға дайын екенін жеткізді. Джошуа да қарсылық танытып отырған жоқ. Оған да бірден әлемнің абсолютті чемпионы атағына таласқан тиімді екені даусыз», дейді промоутер.