«Мерке» жеке шекаралық бақылау пунктіне қарасты «Айша бибі» өткізу-бақылау пунктінің бақылаушылары 2 грамм героинді тоқішегіне жасырып өтпек болған 32 жастағы жерлесімізді ұстады, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.
Нақтырақ айтсақ, алғашқыда аталған азаматтың заттарын тексеру кезінде күдіктенерліктей ештеңе байқалмады, бірақ оның жүріс-тұрысы күдік туғыза берген соң «пассажир скан» деп аталатын арнайы құрал арқылы тексеруге тура келді. Шекарашылардың күдігі шындыққа айналды, арнайы құрал жолаушының ішінде бөтен заттың бар екендігін көрсетті.
Осылайша, отандасымыздың тоқішегінен салмағы 2 грамм болатын героин – есірткі заты алынды.
Аталған дерек бойынша сараптау жұмыстары жүргізіліп, құқық қорғау органдары хабарландырылды. Тергеу амалдары басталды. Ұсталған жерлесіміз енді қылмыстық жазаға тартылатын болады.