04 Наурыз, 2014

Тиімділік тетігі – сапалы жоспарлауда

234 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасының орынбасары Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен кеше Елбасының биылғы Жолдауын іске асыруға қатысты Үкімет сағаты болып, онда Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев арнайы баяндама жасады. Еліміздің ішкі жалпы өнімінің нақты өсімі былтыр 6 пайыз болса, бұл жан басына шаққанда 13 мың АҚШ доллары. Мұндай нәтижеге министр ішкі сұраныс пен жоғары инвестициялық белсенділіктің, агроөнеркәсіп, машина жасау және құрылыс индустриясы өсімі есебінен қол жеткізілгендігін ерекше атап кетті. Жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыз деңгейінде қалса, Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі мен «Doing Business» бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша Қазақстан бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кірген. Сондай-ақ, министр әлемдік экономиканы да айналып өтпеді. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша әлемдік экономиканың өсімі 3,7 пайыз болады деп күтілсе, АҚШ-та – 2,8 пайыз, Еуропа аймағында – 1,0, ал Ресейде 2 пайыз болады делініп отыр екен. Тек Қытай 7,5 пайыздан сәл төмен көрсеткішпен көш бастамақ көрінеді. Бұл тұрғыдан келгенде, Қазақстан да оң нәтижелерге қол жеткізуден үмітті. Оны министр былайша тарқатып берді. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдама бекі­тілгендігін және ол бес стратегиялық бағыт бойынша жүргізілерін алға тартқан Е.Досаев 2050 жылға дейінгі тиімділіктің негізгі көрсеткіштері айқындалғанын ортаға салды. Атап айтқанда, ішкі жалпы өнімнің орташа өсімі 4,3 пайыз болғанда, жан басына шаққандағы табыс 60 мың АҚШ долларын құрамақ екен. Бұл үшін мұнайға жатпайтын экспорт үлесін 32-ден 70 пайызға дейін жеткізу қажет болады. Еңбек өнімділігі 5 есе ұлғаюы тиіс. Шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 50 пайызын құрауы керек. Ал электр энергиясының 50 пайызы энергияның жаңартылған және баламалы көздері арқылы өндірілуі тиіс. Ішкі жалпы өнімнің номиналды көлемі 2014 жылы 3,0 пайыздық тармаққа ұлғайып, 39,6 триллион теңгені құрайтын болады. Болжамдар бойынша тауарлар экспорты 86,3 миллиард АҚШ долларын құраса, бұл теңге бағамының түзетілуіне байланысты 1,6 миллиард долларға жоғары. Тауарлар импорты 52,2 миллиард. Сөз реті келгенде министр «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС атынан Ресей Федерациясынан бірыңғай мұнай өнімдері жеткізілімдері бойынша оператор құрылатынымен де бөлісті. 2014 жылғы мамырдан соң реттелетін қызмет көрсетулердің жаңа тарифтері мен бағалары қолданысқа енгізілетін болады. Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға сәйкес 1 сәуірден бастап азаматтық қызметшілердің, дәрігерлердің, мұғалімдердің және мемлекеттік сектордың әлеуметтік саласындағы басқа да қызметкерлердің лауазымдық жалақысына 10 пайыз мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем енгізіледі. Қазіргі уақытта квази­мем­лекеттік сектор 6 963 ұйымды құрай­тындығын тілге тиек еткен Е.Досаев бүгінде 201 ұйым мен 70 бейінді емес объектіні, холдинг­тердегі 40 активті және 70 объектіні бәсекелес ортаға беру мақұлданып, бұл үдеріс басталғандығын орта­ға салды. Сонымен қатар, Жеке­ше­лендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жос­пары әзірленіп, наурыздың соңына дейін қабылданатын болады. Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» қорының тобына кіретін ұлттық компанияларды IPO-ға шығаруға келтірілетін заңнамалық кедергілерді жою бойынша жұмыс жүргізілуде. 2020 жылға дейін экономикадағы мемлекеттік меншік үлесі ЭЫДҰ елдері деңгейіне – ІЖӨ-нің 15 пайызына дейін төмендеуі керек. Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға сәйкес, «көлеңкелі экономиканы» азайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасында Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік елдері экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін дамыту мақ­сатында өнеркәсіптегі, агро­өнеркәсіптік сектордағы, сондай-ақ, көлік және энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы ережелер көзделетін болады. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі бойынша келіссөздер үдерісінің аяқталу сатысы шеңберінде министрлік Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін Қазақстанның Кеден одағы шеңберіндегі міндеттемелерін ескере отырып, ұлттық экономиканы одан әрі дамыту үшін барынша ұтымды талаптарды қорғау бойынша жұмыс жүргізуде. Қосымша баяндама жасаған Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова жоспарлау нақты нәтижеге негіздел­мейтініне назар аудартты. Депу­таттың айтуынша, үдемелі ин­дустриялық-инновациялық бағ­дар­ламасына бюджеттен және ин­вес­торлардан 5 жылда қо­мақты қар­жы бөлінгенімен, әлі нәтижесі көрінер емес. Ал дүкен сөрелерінде импорттық азық-түлік тауарларының көлемі артып келеді. Заманауи медициналық құрал-жабдықтардың көптеп сатып алынып жатқанына қарамастан, қызмет көрсету сапасы нашарлап, 274 мың адам мүгедек болып қалған. Білім беру саласында соңғы 11 жыл ішінде бірнеше мәрте реформалар жасалса, олар білім сапасына кері әсер етуде. Кемшіліктердің бар екендігін өзге депутаттар да өз сөздерінде айтып, оларды шешу жолдарын ұсынып жатты. Отырысты қорытындылаған вице-спикер экономиканы мемлекеттік реттеу жүйесін құрайтын негізгі ведомстволардың бірі ретінде Экономика және бюджеттік жос­парлау министрлігінің алдын­да Қазақстанның әлемнің дамы­ған 30 елінің қатарына кіру тұжы­рымдамасын іске асыру жөнінде үлкен міндеттер тұрғандығын қа­перге салды. «Қазіргі заман эко­номикалық және саяси тұрақ­сыздығымен сипат­талады, бірақ біздің еліміз жаңа қиындықтарға дайын болуға тиіс, біз тұрақтылық пен тыныштықты сақтау үшін бар­лығын да жасауға тиіспіз, ал азаматтарымыз ертеңгі күніне сенімді болуға тиіс», деді Қабиболла Қабенұлы. Үкімет сағатында депутат­тар көптеген салалардағы проб­ле­ма­ларға назар аударта отырып, жос­пар­лау кезінде нәтижеге қол жет­кізудің тетіктері нақты айқындалып алынуы қажеттігі тұрғысындағы ойларын ортаға салып жатты. Енді бұл ұсыныс-ескертпелер Үкімет жұмысында назарға алынуы тиіс. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».