Қазақстан • 02 Желтоқсан, 2021

Нар Нарымбетов еді...

16108 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тағы бір қалам қаңтарылды. Тағы бір талант ұшы-қиыры жоқ ұзан дүниенің мәңгілік сапарына аттанды. Жауһар дүниелері жаһанды жалт қаратқан, әр жалғыздың жанынан табылған мэтр келместің кемесіне жүгін артты. Тағы бір суреткер әлем ғайыпқа айналды... Қазақ киносының қара нары, хас шебері, жазушы, драматург, режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Сатыбалды Нарым­бетовтің өнер жолындағы шексіз кеңістікті бетке алған ұлы сапары, оның прозалары, кинокартиналары туралы бірауыз сөз айтқымыз келеді.

Нар Нарымбетов еді...

Рас, дара құбылыс күнтізбедегі ғұмыр керуенін шөгерді, бірақ оның кесек-кесек картиналары өз уақы­тында мәңгілік қозғалыста дер едік. Дәуірлерден-дәуірлерге, түрлі қоғамдық-саяси формациялардың көңіл күйлерін арқалай көшкен суреткер идеялары ешқашан өлмейді. Тарих шын мәнінде – қатталған уақыт. Ол өз оқырманын, өз көрер­менін күтуші.

Сатыбалды феномені уақытқа, адам жанына, ұлт тарихына осы тұрғыдан үңілген болатын...

«Көзден жүрек іздеймін, жү­рек­тен көз іздеймін» депті нар Нарым­бетов! Ол шынымен де өмір бойы жоқ түгендеумен жолда болған жа­зушы еді... «Ассалаумағалейкум, Атлантидасынан» басталған ұлы іздеу оның өмірлік миссиясына айналды. Шынында да әр адам өмір бойы өзі әлдеқашан алыс­тап кеткен, тіпті ешқашан орала ал­майтын балалық шағына қай­ту­мен болады. Әлбетте, әрқайсы­мыздың түпсанамызда бір-бір Ат­лан­тиданың шөгіп жатқаны шын­дық. Бар екенін, болғанын, сенде сол ұлы мекенде өмір сүргеніңді біле­сің, сезінесің, бірақ ешқашан қай­тып бара алмайсың, ешқашан оның болғанын ешкімге тура өзің түйсініп тұрғандай түсіндіріп, сен­діре алмайсың... Ол – сонысымен де Атлантида... Сатыбалды шығар­машылығындағы осынау түпсіз са­ғыныш оның кейінгі кино әлеміне тыңнан түрен салған классикалық картиналарынан да көрініс тауып жатты. «Созақтан шыққан Гам­лет», «Көзімнің қарасы» бәрі-бәрі суреткердің өз балалық шағына ұзақ созылған қолымен жазылған, сомдалған, таспаланған тарихы болатын.

Атлантида құбылысы – әр адам­ның ішкі жоғалуы, соған мәңгілік сапарға шығуы екені рас. Тіпті Ат­лантида туралы құстардың өзі өті­рік айта алмайтыны қызық. Әйт­песе жаймашуақ жылы құрлықтың құстары азынаған Атлант мұхитын тоқтаусыз кесіп өтіп, қанаттары­ның асты жұдырықтай болып іскен қалпымен Америкаға қарай ұшпас еді. Олардың түп жады бойынша сол Атлант мұхитының ортасында құрлық болуы керек еді, алайда ол бүгінде жоқ, бірақ арғы ата-бабалардан жеткен гендік код жаңа ұрпақтың санасында әредік-әредік жаңғырып отыруына байланыс­ты құстар дүркін-дүркін сол­түс­тікті бетке алып кетіп отырады. Атлан­тидаға қонамыз деген ататек ақ­па­рат оларды сөйтіп, ұзақ сапарға кей-кейде аттандырады.

Жоғалған Атлантидасына мәң­гі­лік ұшып бара жатқан жазушы жан­кештілігі осы тылсым құ­бы­лысты есімізге түсірді. Саты­балды Нарымбетов те өзінің арғы тари­хына деген бейсана борышы ар­қы­лы үнемі қарсылық пен қарама-қай­шылыққа толы ғұмыр кешті... Өзі­нің ата-бабаларының аманатын арқалай жүріп ол қазақтың жоғын түгендеді. Ол өзінің әлдеқашан жо­ға­лып кеткен «Атландидасын» іздеді...

Бір қызығы – оның үнемі сек­сеуіл туралы айтып жүретіндігі. Біз әдетте сексеуіл туралы әңгіме­ле­генде М.М.Сперанскийдің: «Қа­зақ­тар шөлейтте өсетін, балтамен ұрып сындыра алмайтын сексеуіл ағашы сияқты. Сексеуілді тек бір-біріне ұрып сындыруға болады. Қазақтарды да бір-біріне айдап салып, әлсіретіп барып бастарына құлдықтың қамытын кигізе аламыз» деген сөзін білеміз. Режиссер Сатыбалды ұлттың осы бір қателігі туралы көп айтқан адам бола тұрса да сексеуілдің басқа қасиетін де ұмытпай айтатын.

«Бір мүшел жас сайын адам­ның қаны тазарып тұрады дейді ғой. Өзіңді-өзің жаңартып, тазартатын бір сәттер болады. Сексеуілді жақ­қан кезде мынадай әдет-ғұрып бар: сіріңкенің зәру кезінде, шоқты күл­дің астына көміп қоя салады. Таңер­тең ашсаң, сол күйінде тұ­ра­ды. Балалық шақ та сол сияқты...» депті бірде. Иә, балалық шағының шоқтай жайнаған ыстығы, оған де­ген сағыныштың ешқашан өшпей­тіндігі туралы жоғарыда айтып кет­тік. Біз Сатыбалды сексеуілінің осы бір шоғынан басқа тарихқа көз жүгірткіміз келді.

 Оның кейінгі түсірген «Аманат» фильмі тура осы сөздің астарына айрықша үңілген картина деу­ге болады. Біздің тарих шынымен де көмулі жатқан сексеуілдің шоғындай ыстық жалын, көсейін десең дәл қазір қолыңды күйдіріп алуың да мүмкін, көсемейін десең сықырлаған сары аяз арқаңды қа­риды...

Иә, Кенесары хан қозғалысы­ның тарихы, оның өкініші кетпес же­ңі­лісі біздің, яғни қарға тамырлы қа­­зақ баласының ұлы трагедиясы екені рас. Алайда Кенесары хан­ның опат болуы тек Алаш ұранды қазақ ұлысының ғана қасіреті ме еді? Хан Кененің қапылыста қаза табуы – орыс басқыншылығы­ның түркі халықтарына түбегейлі тізе батыруына төтелей жол ашты... Арыс­­танның абайсызда торға тү­с­уінде әлбетте Сексеуіл саяса­ты сәт­ті жү­зеге асты... Дала халық­тарын бір-біріне айдап салу арқылы арам пиғылды ақ патша кең саха­раны иемденді... Сатыбалды «Аманаты» осы бір қанқұйлы тарих беттерін экран арқылы жас ұрпақпен бірге ашқан киногер болды. Бір картина арқылы үш бір­дей уақыт өл­шемін тоғыстырған «Аманат» сонау Кенесары хан заманынан бер­гі озбыр отаршылдықты әшке­реледі. Қанмен қатталған тарихты шаң басқан архивтерден көтерген Бекмахановтың аянышты тағдыры, сол Бекмахановты бертінде зерттеген бүгінгі буын бар, тіпті ертеңгі келешек ұрпақ бар, бәріміз Сатыбалды камерасының ішінде мидай араласып кеттік. Бұл – Нарымбетовтің шын шеберлігі дер едік. Оның әйгілі Георгий Данелия дәрісін тың­даған шебер шәкірт екендігін, біз сондай-ақ оның өз киноларында өзін ешқашан көрсетпейтінін, есесіне ұлт болмысын насихаттап отыруынан аңғаруға болады.

Өзінің өмірге келуі де құбылыс екен-ау!.. Егер алдындағы ағалары мен әпкелері тірі болғанда Саты­балды Нарымбетов молданың алтыншы немересі болады екен. Алайда алдындағы бес бала да екі жастан асар-аспас шетіней беріпті. Содан ата-анасы Сатыбалдыны кіндік шеше­сінің қойынына 40 күн салып, таразыға сол кездегі ең қат үнді шайы, қант сияқты қымбат заттарға теңгеріп сатып алады. Са­тып алынған Сатыбалды кейін өзі де қазақтың дауын, мұңын, кегін, есесін сатып алумен болды. Тағы бір естелігінде айтқандай сөйте жү­ріп өзіне ештеңе сатып алмаған адам. Сәйкесінше кейбір жолшыбай жазармандар құсап ешқандай сыйлықты сатып алмаған, ешқандай билікке сатылмаған саф...

Кинематография заңы ұлтқа қыз­мет етуі керек деп өткен Нарым­бетов тарихқа ұлттық көзбен қа­рау­дың ерен үлгісін көрсетті. «Басқа елдің көкелерінің көзімен емес, өзіміздің, нағыз қазақтың көзімен қарауымыз керек. Елдегі құндылықтар баяу қалыптасып жатыр. Қоғамның ішкі иммунитеті керегін алып, керек емесін синтездеп шығарып тастайтын деңгейге келген жоқ. Барлық тақырыпта дау бар. Әлі күнге дейін кәсіпқойлар­дың аузымен айтылған, қаламымен жазылған пікір-анализдер жоқ десе де болады. Пікір айтудан гөрі мін із­деуге шеберміз» дейді бір сұхба­тында.

Наркескен Нарымбетов десек те жарасады, ешқашан мұқалма­ған, қаймықпаған күйі ақиқатқа, шын­дыққа тік қарап өмірден өткен кесек киногер. Оның жылы жымиған жүзінде мына әлем әр кез тап-таза, пәк, кіршіксіз күйінде көшкен болар.

1