04 Наурыз, 2014

Өзара мүдделестік орайындағы әңгіме

287 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев Астанаға ресми сапармен келген Финляндия Республикасы Парламентінің Төрағасы Ээро Хейнялуомамен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Кездесу барысында Қазақстан – Финляндия ынтымақтастығының және парламентаралық байланыстардың ауқымды мәселелері талқыланды. А.Бейсенбаев атап өткендей, Қазақстан Парламентінің депутаттары фин әріптестерімен екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ, халықаралық парламенттік ұйым аясындағы байланыстарды дамытуға мүдделі. Қазақстан еліміздің экономикасын әртараптандыру және ғылыми негізделген, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту жөніндегі жобаларды іске асыруға фин бизнесінің белсенді қатысуына мүдделі. Сенат Төрағасының орынбасары Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне фин компанияларын шақырды. Э.Хейнялуома Финляндия сыртқы саясатындағы Қазақстанның маңызды рөліне назар аударды және оған жиі болатын жоғары деңгейдегі сапарлардың дәлел екенін атап өтті. Мейман атап өткендей, ол Астанаға парламентаралық байланыстарды нығайту және іскер байланыстарды кеңейту мақсатында келген болатын. Кездесу барысында ол жаңартылатын энергия көздері технологияларын енгізудегі Финляндия тәжірибесі туралы және қазіргі кезде өз еліндегі тұтынылатын энергияның 40 пайызы болатыны жайында әңгімеледі. Финляндия Парламентінің Төрағасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойылған дамудың биік мақсаттары басқа елдерге өнеге екенін атап өтті.