Әдебиет • 03 Желтоқсан, 2021

Сөресінде – сан кітап

16158 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жеке кітапханасын сонау 60-жылдарда – студент кезінен жинай бастапты. Қа­зіргі таңда Елбасының жеке кітап­ханасының кітапхана қорында 35 мың­нан астам басылым бар. Нұрсұлтан Назарбаев Абай мен Шәкәрімді, Мұхтар Әуезовті, Сәкен Сейфуллинді, Ілияс Есен­берлинді, Фариза Оңғарсынованы, шет­ел әдебиетінен Лев Толстой мен Антон Чеховты, Достоевскийді, Борис Аку­­­нинді, Шекспир және Стендальді, Конан Дойлды, Оливер Стоун жаз­ған «Аме­­ри­каның белгісіз тарихы», Фран­клин Руз­вельт­тің «Камин жанын­дағы кез­­де­суін» және т.б. көптеген кітап­тарды оқыған.

Сөресінде –  сан кітап

Кітапхана қорында құнды кітаптар ішінен сирек кездесетін, коллекциялық және көне басылымдар – атақты «Атлантика кодексінің» Леонардо да Винчи манускриптінің көшір­месі сақтаулы тұр. Фолиант әйгілі өнер­тапқыштың аэродинамика, қару, музыкалық құралдар, математика, ботаника және басқа секілді тақырыптарға салған сызбала­ры мен жазбаларынан тұрады. XVI ғасырдың аяғында мүсінші Помпео Леони құрастырған  «Атлантика кодексінің» түпнұсқасы қа­зіргі кезде Миландағы Амброзиан кітап­ханасында сақтаулы. 2009 жылы қыр­күйек­те Леонардо да Винчидің сызбалары мен қолжазбаларының жинағы әлем жұрт­шылығына таныстырылып, 2014 жылы манускрипт көшірмесі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тарту етілді.

Сондай-ақ Елбасына қазақстандық ға­рышкер Талғат Мұсабаев берген ғарышта болған Құран, 1838 жылғы энциклопедиялық лексикон да кітапхана қазынасын байытып тұр. Ондағы ең ежелгі кітап – 1667 жылы басылған «Шариғат нормалары – аяттар мен сүрелерге негізделген қолжазба».

Тұңғыш Президентке дүниежүзі мемле­кеттерінің президенттері, өнер, мәдениет қайраткерлері сыйлаған қолтаңбасы бар коллекцияға Сингапурдың негізін қалаушы әке Ли Куан Ю-дің сыйға тартқан кітабы, Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министр­і Маргарет Тэтчердің «Билікке жол», үлкен Джордж Буштың, Билл Клинтонның «Менің өмірім» кітабы қойылды. Сондай-ақ Американың 44-президенті Барак Обаманың «Американың ең озық идеялары», ҚХДР төрағасы  Си Цзиньпиннің «Мемлекеттік басқару туралы» кітабы да бар.

Ресей Федерациясының тұңғыш пре­зиденті Борис Ельцин өзінің «Записки президента» кітабына «Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­на автордан құрметпен!» деп қолжазба қалдыр­ған. Ал «Путь к власти» атты өмір­баян­дық кітабында Ұлыбританияның бұ­рынғы Премьер-министрі Маргарет Тэтчер Елбасыға жылы лебізін жеткізеді.