Ұлтымызды ұлы мұраттарға бастайтын «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қолдауға арналған патриоттық акция арайлы Ақтөбе өңіріне де келіп жетті. Асқар Алтайдан басталған акцияны ақтөбеліктердің де асыға күткені аңғарылды.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайына жиналған ардагерлердің де, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақ, зиялы қауым өкілдерінің де, этномәдени бірлестіктер жетекшілірінің де, жоғары және арнаулы оқу орындары студенттерінің де жүзі жарқын, көңілдері көтеріңкі. Бұл да түсінікті, бұл шара Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында баяндалған «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудың бастауы десе де болғандай. Мәңгілік Ел болуға ұмтылған Қазақстанның жасампаздық істерінің заңды жалғасы да.
Студенттер сарайын кернеген жастардың ұрандатқан дауысынан патриоттық сезімнің, отаншылдықтың асқақ рухы аңғарылады. Бойыңды еліңе деген шексіз сүйіспеншіліктің күші көтермелеп кеткендей сезіледі. Акция барысында патриоттық тақырыпта бейнетаспа көрсетіліп, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанттары «Мәңгілік Ел» эмблемасы бейнеленген ту ұстап, арнайы музыкалық композиция қойды.
Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова ашып, акцияға қатысушыларға сөз арнады. Ол ақтөбеліктердің Елбасының, Қазақстанның бастамаларының қандайын да қызу қолдайтынын жеткізе келіп, еліміздің айқын мұраттары белгіленген «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы биылғы Жолдаудың басты тұғырнамасы, темірқазығы екеніне тоқталды. Басқа қатысушылар да осыған орайлас ой толғады.
«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қолдаушылар акциясына қатысушылардың қолдары қойылған «Халық тілегі» кітабы С.Нұрқатоваға тапсырылды. Бұл патриоттық форум бірлікке, ынтымаққа үндеген шара ретінде ақтөбеліктердің есінде қалды. Акция барысында «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қолдауға арналған облыс тұрғындарының үндеуі жолданды. Алқалы жиында Қ.Жұбанов атындағы облыстық филармонияның әншілері орындаған «Қазақтай ел қайда», «Атамекен» әндері акцияға қатысушы жас пен кәрінің бойында елге деген сүйіспеншілік сезімін оятып, жігерлендірді. Ал «Алға, Қазақстан» әніне қойылған хореографикалық қойылымы да өзгеше патриоттық әсерге бөледі. Акцияға қатысушы жалынды жастар «Мәңгілік Ел, Мәңгілік Тіл, Мәңгілік Рух» деп ұрандатып, шараны Қазақстан Республикасының Әнұранын асқақ рухта шырқап аяқтады. Акцияға 500-ден астам адам қатысты. Мұндай шаралар осымен бір мезгілде облыстың он екі ауданында өткізілді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.