04 Наурыз, 2014

Дұрыс таңдалған жол адастырмайды

261 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы Елбасының соңғы жылдарда көтерген және ұсынған өміршең идеяларының жиынтығы деп айтуымызға болады. Бұл жолы Президентіміз елімізді әлемде ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу міндетін қойды. Оның жолдарын жеті бесжылдыққа бөліп, сол кезеңдерде ерекше маңыз берілетін басым бағыттарды айқындап берді. Еліміздің алдына қойылған стратегиялық міндеттер мен тапсырмалар аса ауқымды. Өйткені, Жолдауда аталған инновациялық индустрияландыруды дамыту, дәстүрлі өндіруші секторлардың тиімділігін арттыру, өндірісті ғылыми негізде ұйымдастыру арқылы қазақстандық ғылымның әлеуетін кеңейтуге қол жеткізу, шағын және орта бизнесті дамыту, басқа да кешенді мәселелерді ойдағыдай шешу еліміздің жан-жақты өркендеген отыз елдің ортасынан орын алуға мүмкіндік береді. Сапалы тауарлар өндіріп, олардың бәсекелестік қабілеттілігін арттырады. Жолдауда білім беру саласын жақсартып, оны әлемдік деңгейге жеткізуге ерекше маңыз беріліп отыр. Осыған байланыс­ты Президент: «Барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр», – деп атап көрсетті. Себебі, білім мен ғылымды дамыту – ел болашағының кепілі. Ал еліміздің шаңырағын биіктетіп, тәуелсіздікті мәңгілік баянды ету біліммен жан-жақты қаруланған ұрпаққа тікелей байланысты. Мемлекет басшысы осы мәселелерді өзінің жыл сайынғы Жолдауында үнемі айтып келеді. Елбасының білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлуі ел болашағы – жастарға деген қамқорлығының айқын көрінісі болып табылады. Соның нәтижесінде жылма-жыл еліміздің аумақтарында, елді мекендерде жаңа үлгідегі мектептер, балабақшалар пай­далануға берілуде. Олар қа­жетті құралдармен, жиһаз жабдықтармен, сон­дай-ақ, ком­пьютерлермен жарақ­тан­дырылған. Президентіміздің: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек», – деп атап өтуі ұл-қыз өсіріп отырған барлық ата-аналарды, мұғалімдерді қанаттандырғанына сенімдіміз. Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының орны ерекше болғанын атап өткен жөн. «Болашақ» стипендия­сы бойынша еліміздің көптеген жастары әлемнің іргелі жоғары оқу орындарында білім алды, тәжірибелерін толықтырды, тағылымдамалардан өтті. Бүгінде олар еліміздің әртүрлі салаларында жұмыс істеп, ел экономикасының, ғылымының, мәдениетінің дамуына үлестерін қосып жүр. Қазіргі кезде шетелдерде оқып жүрген жастарымыз да аз емес. Кеңес Одағының кезінде шет мемлекетте білім алмақ тұрмақ, шетелге барудың өзі өте қиын болатын. Бүгінгі жастар бақытты. Олардың білім алуына, жұмыс істеуіне барлық мүмкіндіктер бар. Бұл, біріншіден, тәуелсіздіктің, екінші жағынан, Елбасымыздың әуел бастан ұстанған салиқалы саясатының нәтижесі. Біздің жас­тарымыз осы жағын естерінен шығармаса, олар Қазақ елінің әлемдегі ең дамыған отыз елінің қатарынан орын алуына өз үлестерін қосса деген тілек айтамыз. Президенттің Жолдауын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің басшы­лы­ғы, оқытушылары, студенттері, сондай-ақ, университет ғылыми кітапханасының ұжымы да ерекше ризашылықпен қабылдады. Жол­дауды түсіндіруге, насихаттауға арналған жиындар өткізілді. Осындай жиындар мен кездесулер қазіргі кезде де өткізілуде. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Бүгінде студент жастардың ойдағыдай білім алуына қа­жетті жағдайлар жасалып жатыр. Мысалы, өзіміз жұмыс істейтін ғылыми кітапхананы алайық. Университеттегі оқу корпустарының барлығында дерлік кітапхананың оқу залдары бар. Оларда қазақ, орыс, ағылшын және басқа тілдердегі кітап қорлары, мерзімді басылымдар түрлері, көрнекі құралдар жеткілікті. Компьютерлермен толық қамтамасыз етілген. Оқытушылар мен студенттер интернетті де пайдаланады. Оқу залдары кең де жарық әрі жылы. Келушілердің ізденуіне, дайындалуына барлық жағдай жасалған. Мақтанғанымыз емес, кітапхана қызметкерлерінің оқырмандарға қызмет көрсетуінде мін жоқ. Таңертеңнен кешке дейін зыр жүгіріп жүреді. Өйткені, оқырмандарға талап деңгейінде қызмет көрсету – кітапханашылардың міндеті. Керімжан ІЛІПБАЕВА, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми кітапханасының бас маманы.