04 Наурыз, 2014

Қаламгерге құрмет

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бұрнағы күні елімізге танымал қаламгер Оңдасын Елубайдың «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты шығармашылық кеші өтті. А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада ел зиялыларының басын қосқан кештің атауында терең мән бар. «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болып ширек ғасыр еңбек еткен Оңдасынды жұртшылық журналист ретінде ғана емес, спорт қайраткері, жазушы, фотосуретші, күйші ретінде де біледі. Қа­лам­гер абыройы жиналған оқыр­ман­дардың көптігінен де аңғарылды. IMG_1994 Қазақстан Жазушылар және Жур­налистер одағының мү­шесі, «Құрмет» орденінің иегері, Өс­ке­мен қаласы мен Зайсан ауданының құрметті азаматы О.Елубайдың шығар­машылық кешіне облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, «Нұр Отан» партиясы об­лыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ вице-президент – бас редактор Жанболат Аупбаев, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ұлықбек Ес­дәулет және бірқатар әріптестері мен студенттер қауымы қатысты. Кешті Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төра­ғасы, «Шығыс-ақпарат» медиа­холдингінің директоры Нұр­жан Қуантайұлы жүргізіп, жур­налистің алты Олимпиада ойын­дары мен төрт әлем чемпионатына куә болып, он жеті кітаптың, 100 мыңнан астам фотосурет пен 300 сағаттық бейнесюжеттің ав­торы атанғанын, ең бастысы, шығармашылық ғұмырында Шы­ғыс өңірінің тұмса табиғаты мен еңбек адамдары, әлеуетті экономикасы жөнінде қалам тербегенін жеткізді. Аймақ басшысы Бердібек Са­парбаевтың арнайы құттықтау хатын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар табыс етті. «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Ұлықбек Есдәулет қа­ламгерлер арасында Оңдасын Елу­бай­дың өзіндік орны бар екенін айтып, оны одақ атынан құттықтады. Сонымен бірге, Т.Түсіпбеков, Ж.Атаев, М.Ағзамов, Ә.Қаң­тар­баев, С.Иманғалиев сынды за­ман­дастары журналист жөнінде жы­лы лебіздерін айтып, оның ақпа­рат­ты дәл әрі жылдам берудегі шеберлігі кейінгі жастарға үлгі болатынын, әсіресе, өскелең ұрпақты спортқа тәрбиелеуде сіңірген еңбегінің бір төбе екенін айтып, қызмет барысындағы кейбір қызықты сәттерді бөлісті. Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановтың құттықтауын орынбасары Бұлбұл Бакинова, Зайсан ауданының әкімі Алмас Оңдақановтың сый-сияпатын орынбасары Қайрат Сүттібаев тапсырды. Журналистің жаһандық спорт додаларынан мол мағлұмат беретін «Алты Алашты асқақтатқан Азиада», «Айшылық алысқа алты сапар», «Өмірді суретпен өрнектеген», «Жеңіс жалауын желбіреткен жетеу» атты төрт бірдей кітабының тұсаукесер рәсімін елімізге белгілі спорт ардагерлері Мұқан Ағзамов пен Жанәділ Атаев кесті. Белгілі айтыскер ақын інісі Серік Құсанбаев жырдан шашу шашты. Басылымның бас редакторы Жанболат Аупбаев сонау жетпісінші жылдары студенттік шақтардан басталған таныстық пен сыйластық арада біраз жылдар өткенде «Егемен Қазақстан» ұжымында жалғасқанын, газеттің арқасында талай ел мен жерге баруға мүмкіндік туғанын айтып, ұзақ жылғы еңбегіне ұжым атынан алғыс білдірді. Думан АНАШ.  Өскемен.