Руханият • 03 Желтоқсан, 2021

Қырғыз-Алаш қайраткерлеріне арналған еңбектер жарық көрді

394 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың және Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетовтың қатысуымен «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қырғыз-Алаш қайраткерлеріне арналған еңбектер жарық көрді

Конференция аясында Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған бірқатар елеулі еңбектердің тұсауы кесілді.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, танымал ғалым Зайнидин Курмановтың «Кыргызский филиал партии «Алаш»: создание, деятельность, судьба» аты кітабы алаштану саласында жаңалығы мол еңбек саналады. Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған іргелі еңбекте автор тарихи құжаттар арқылы Алаш партиясының Қырғызстандағы қызметін жан-жақты зерделеп, оған басшылық жасаған тұлғалардың төңкерістен кейінгі тағдыры туралы баяндайды. Монографияға алаш қайраткерлерінің мұратқа жету жолындағы табанды күресі арқау болған.

Сонымен қатар қырғыз-алаш қайраткері, ағартушы ғалым, ақын Қасым Тыныстановтың 1925 жылы қазақ және қырғыз тілдерінде жарық көрген «Қасым жырлары» кітабы Халықаралық Түркі академиясы тарапынан түрік тіліне толық аударылып, факсимилесімен қоса академиялық жинақ ретінде жариянып отыр. Бірегей басылымдағы жырлар қырғызша латын әліпбиінде және түрікше аудармасымен қатарластыра берілген.  Тарихи басылымды баспаға әзірлеуге Сабырбек Борубаев атсалысты. Небары 37 жылдық ғұмырында өшпес мол мұра қалдырған Қасым Тыныстанов – қырғыз әліпбиінің бастауында тұрған, тіл біліміне өлшеусіз үлес қосқан тұлға.

Айта кету керек, аталған шара түркі әлемінің ортақ мақтанышы, қазақ-қырғыз бауырластығының дәнекері болған жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын қортындылау, сонымен бірге, қырғыз халқының көрнекті тұлғалары – Жүсіп Әбдірахманов пен Қасым Тыныстановтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Алқалы басқосуға бауырлас екі елдің Мемлекеттік хатшыларымен бірге, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманкулов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты  Каныбек Иманалиев, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдиев, белгілі қырғыз тарихшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Зайнидин Курманов, сондай-ақ бір туған екі елдің зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар қатысты.