Экономика • 04 Желтоқсан, 2021

Шавкат Мирзиеёв: Қазақстан мен Өзбекстан экономикасы бірін-бірі толықтырады

832 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында алдағы сапардан күтілетін нәтиже мен екі ел арасындағы табысты экономикалық қарым-қатынасқа ықпал еткен механизмдер мен құралдарды атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шавкат Мирзиеёв: Қазақстан мен Өзбекстан экономикасы бірін-бірі толықтырады

Қазақстан мен Өзбекстан ортақ тарих, мәдениет, дәстүр біріктіретін ғасырлар бойы достығы жалғасқан бауырлас ел. Шавкат Мирзиёев осы тарихи үрдіс пен экономикалық қатынасты нығайту мақсатында екі ел де өзара әрекеттесуге аса ынталы екенін айтты.

«Әрине бұл жолы Қазақстан Президенті екеуміз екіжақты және өңірлік күн тәрті­біндегі көптеген өзекті мәселені қарастырып, өзбек-қазақ қарым-қатынастарын жаңа, бұдан да жоғары деңгейге шығару үшін практикалық қадам­дар жасауды жоспарлап отырмыз. Сапардың күн тәртібінде саяси диалогты одан әрі тереңдету, ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде екі елдің өңірлері арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және басқа да түрлі салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру, мәдени-гуманитарлық сала­лардағы ын­ты­мақтастықты және туристік бай­ланыстарды жандандыру, әсіресе пан­демия салдарын еңсеру мәселелері қам­тылған.

Екі ел азаматтарының білім және денсаулық сақтау сала­лар­ындағы ынты­мақтастығын арттыру, өзара барыс-келістеріне қолайлы жағдай жасау шаралары қарастырылуда. Сонымен қатар ортақ сын-қатерлер мен қа­терлерге қарсы күресте әріп­тес­тікті нығайту мәселелері бойынша маңызды құжаттар қабылданады», деді ол.

Қазақ-өзбек қатынасында барлық салада табысты ынтымақтастық оң жолға қойылған. Өзбекстан Президенті мұндай нәтижеге жетуде Қазақстан мен Өзбекстан экономикасы бірін-бірі толықтыратынын айрықша атады.

«Біздің елдеріміздің әлеуеті өнімдерді өзара жеткізудің номенклатурасы мен көлемін айтарлықтай кеңейту үшін жеткілікті сұранысқа ие. Мәселен, биылғы жылдың басынан бері тауар айналымы 40 пайызға дерлік артып, жыл соңына дейін 4 миллиард долларға жетеді деп күтілуде – бұл біздің сауда қарым-қатынастарымыз үшін рекордтық көрсеткіш. Бірақ бұл шекті меже емес. Экономикалардың әлеуеті бізге болашақта 10 миллиардтық мақсатты батыл қоюға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіптік кооперация са­ла­сындағы жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Атап айт­қанда, Қостанайда Қазақстандағы саты­лым бойын­ша жетекші орындарға көте­рілген автомобильдер, сон­дай-ақ автобус­тар мен ауылша­руа­шылық машиналарын бірле­сіп шығару жолға қойылған. Түр­кістан мен Шымкентте заманауи тоқы­ма кәсіпорындары іске қо­сылып, тұр­мыс­тық техникалар шы­ғарылуда. Ал мұндай мысалдар өте көп», деді Шавкат Мирзиёев.