04 Наурыз, 2014

Ұсыныстар талқыланды

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Сенбі күні Премьер-Министр Серік Ахметов Мемлекет басшысының «Кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлығын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Кеңеске орталық атқарушы ор­ган­дардың, Ұлттық кәсіп­кер­лер палатасының, ұлттық ком­паниялардың басшылары қа­тысты. Бұл мәселе бойынша Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев, Өңірлік даму ми­нистрі Б.Жәмішев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бас­қар­­ма төрағасы А.Мырзахметов сөйледі. Кеңес барысында кәсіпкерлік үшін жағдайды одан әрі жақсарту бойынша шаралар мен ұсыныстар талқыланды. Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр: «Мемлекет басшысының Жар­лығын орындау бизнесті дамыту үшін қуатты қозғау болады», деп атап өтті. «Президент Жарлығына сәй­кес тексеру жүргізудің барлық рег­ла­­менттерін жедел түрде қайта қа­­рау, барлық ресімдерді заңмен бекіту мәселелерін пы­сық­тау қажет», деді Премьер-Министр. «Сондай-ақ 2014 жылдың 1 мау­сымына дейін тиісті заңна­маларға толық ревизия жүргізу керек, 1 сәуірге дейін Парламентке рұқсат беру мен хабарлау мәсе­лелері бойынша заң жобасын, 1 қыркүйекке дейін жағдайды түбе­гейлі жақсарту бойынша заң жобасын енгізу қажет», деді С.Ахметов. Мұнымен қатар, Премьер-Министр Мемлекет басшысы Жарлығын жүзеге асыру бойын­ша кәсіпкерлер арасында түсі­нік жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті. «Аталған құжаттың мазмұны әрбір кәсіпкерге түсінікті жеткізілуі керек. Біз аудандық деңгейге дейін үлкен түсінік жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Орталық және жергілікті атқарушы органдар бұл Жарлықты жүзеге асыру бойынша түсінік жұмыстарын жан-жақты қамтамасыз етуі тиіс», деп түйіндеді сөзін С.Ахметов.