Әдебиет • 05 Желтоқсан, 2021

Сотталған шығарма

964 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жан – Алладан, ми – адамдыкі болғанымен, жүрек – иттікі. Не адам емес, не ит емес – бірдеңе. Қалай өмір сүрсе болады? Оны өзі де білмейді. Ақылы сау, есі түзу адам жасаған эксперимент осыған әкелсе не істей аласыз? Мүмкін бұл автордың жасап отырған кейіпкері сол кездегі саяси  жүйе не тұтас қоғамның өзі ме екен?

Сотталған шығарма

Михаил Булгаковтың «Ит жүрегін» оқығанда, адамзатқа қастық хайуаннан я басқадан емес, әуелі өзінен деген ойға бір қаласыз. Алайда, керісінше, автор шығармада хайуаннан адам жасап шығаруды көксейді. Демек, қайткен күнде айуандықтың тамырына балта шауып, адамдық ізгілікке үндегенін аңғарамыз. Сөйтіп, ит жүректі адам кей­піндегі кетеуі кеткен қоғамның бетпер­десін сыпырады.

Әңгіме иттің айналаға деген көзқара­сынан, анығында, иттің иттікке лағынет жаудыруынан басталады. Және ол иттік­ті жасаған асхананың аспазы, яғни адам. Өзімен өзі күнін көріп жүрген хайуан­ға қайнақ су шашып, бір жақ бүйі­рін күйдіріп тастайды. Қыстыгүні терісі жидіп, сүйегіне шейін шыжылдап қалған ит өксіп ұлып, Мәскеудегі бір қақпаның түбінде зарын кімге шағып жатқаны белгісіз. «Сұмырай неме, пролетариймін дейді-ау. Барлық пролетарийлер арасындағы ең жиіркенішті пысықтары – аула сыпырушылар» деген сыңайда кіжініп жатқан төбеттің өзі Совет қоғамын иттің етінен жек көретін болып шығады. Өзіне Шарик есімін таңған пролетариатты да қарғап-сілейтіні бар. «Шарик – домаланған, қоңы келіскен дегдар нәсілдің тұқымы, ал бұл баспанасыз төбет». Осылайша, дүниеге ит көзімен қарағаны – адамдарды камерамен тамашалап отырғандай сезіліп қалады кейде. 

Автордың әңгімені жеткізу тәсі­лі тосын. Оқиғаларды аса шебер жым­дас­тырған. Үнемі иттің психология­сын қосақтап, Шариктің көзімен қарап отырады. Автор қай жағынан сөйлеп отырғанын аңғармай да қаласыз алғашқыда. Кейін төбет адамдар іші­не түскенде, кісілердің әрекетіне қатыс­ты өзінше ой түйіп жатқанда ғана білінеді баяндау тәсілінің ерекшелігі. Айналадағы иттік пен жауыздықты ит көзімен бағалау және басқаны көрмеу... Бұл Нодар Думбадзенің «Итінен» бө­лек. Екеуі бір-біріне қарама-қайшы деуге келеді. Оның иті адамның досы, адалдықтың жаршысы ретінде сурет­теледі. Ал Булгаковтың иті өскен ортасын сүймейтін, жүрген жерін ойран­дайтын құбыжық. Үнемі қарама-қайшы­лыққа тап болады. Кейіпкерлері де сондай. Шығарманың артықшылығы да сол – қарама-қайшылық деген ойдамыз. 

Мәселен, қазақ әдебиетінде қалай еді? Бейімбет Майлин «Шұғаның белгісі» повесінде байқатпай отырып, қазақтың ескі тұрмысын тізіп шығады ғой. «...Ол кезде заман қандай, жер әдемі, мал көп, орыстың иісі де жоқ» деген сыңайдағы сөздерді кейіпкердің аузына елеусіз салып қояды. Ал мұнда қызыл империяға қарсылық ашық айтылады. Тұтас шығармада солай. Итті үйіне әкеп, тәжірибе үшін қамқорлығына алған профессор Филипп Филипович: «Бір мың тоғыз жүз үшінші жылдан бері мен осы үйде тұрып келемін. Міне, сол кезден бастап, бір мың тоғыз жүз он жетінші жылдың сәуіріне дейін бірде-бір төтенше жағдай болған емес, – қызыл қарындашпен астын сызып айтам «бірде-бір» – ешқандай есіктің жабылмай тұрғанына қарамастан, төмендегі біздің кіреберістен бірде-бір кебіс жо­ғал­ған емес. Бұл үйде он екі пәтер бар, менің қабылдау бөлмем бар. Он жетінші жылдың сәуірінде, тамаша күндердің бірінде, барлық кебіс жоғалды, оның арасында менің екі жұп кебісім, үш таяғым және швейцар самаурыны бар. Мен миды зерттеумен айналысамын және мына әлеуметтік алатопалаңның түкке тұрғысыз аурудың сандырағы екенін дәлелдеймін...».

Бұл, әрине, пролетариаттық жүйе­ге жаны қас профессор Ф.Ф.Прео­бра­женский. О баста қақпа түбінде өле алмай жатқан төбетті үйіне әкеліп, төре­дей күтіп жатқан да осы кісі. Бар ойы – хайуанға адамның миын салып, тәжірибе жасау. Өмір бойы миды зерттеп жүргені де сондығынан болса керек. Шамасы, айналасындағы «тәртіп орнатушылардан» түңіліп болған соң, әлгіндей амалға тәуекел етеді. Және соған қол жеткізеді де. Онысы бір сұмдық енді. Әл үстінде жатқан адам өлген бойда доктор Борменталь екеуі бір ай бойы үй тәртібінде өмір сүрген Шарикті дәрімен ұйықтатып, миына ота жасап, орнына адамның миын салады ғой. Шығарма 1925 жылы жазылған. Бұл уақытта ондай отаның елесі болды ма десеңізші жер бетінде. Ота жүр­гізген сәтті автор шебер жеткізіп қана қоймай, алғашқы экспериментке байланысты дәрігерлер толтырған күнделікті, адам миы салынған ит күн сайын қалай өзгергенін майдан қылшық суырғандай егжей-тегжейлі жазады. Аударма қандай және. Шығарма қа­зақ­ша жазылғандай оқылады. Qasym кітап­ханасы сериясымен жарық көрген кітапты аударған – әдебиетші ғалым, аудармашы, ақын Кенжебай Ахметтің тәржімасы мінсіз екенін айтпай кетуге болмайды.

Не керек, профессор иттен адам жасап шығады. Бірақ, өкінішке қарай, адам емес, ит болмысты оңбағанның өзі болады әлгі. Профессордың үйінде істемейтіні жоқ, жүрген жеріне шөп шықпайтын албастының өзі. Араққа құмар, тойып тамақ ішсе, сосын өзінің дегені болса, басқа қалауы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, қара ниет нәпсінің құрдымына жұтылған, ойлауы оспадар бірдеңе. Біреулермен тамырлас болып, оларды да қанқақсатып, тіпті өзінің жалғыз жақтасын топалаңға батырып, алдап кетеді. Өзі тұрып жатқан үйге тағы сүйкімі жоқ, түздегі әдеті одан да со­рақы. Ақырында профессор мен док­тор­ға қару кезеніп, атпақ болған ит жү­ректі жаратындыны профессор қай­тадан өз қолымен таз қалпына түсіреді. Шығармадағы шиеленіске тү­сіп кеткен сіз де ит баяғы Шарик болып шыға келгенде ғана уф деп бір дем аласыз.

Автор ол баста адамдардың иттігі тура­лы көп айтады, жалғыз-ақ иттің көзі­мен Толстойдың қызметші аспазын ғана мақтап қалады. Сол себепті де 1925 жылы жазылған шығарма НКВД тарапынан сотталып, Германия мен Британиядан 1967 жылы бір-ақ басылып шыққан. Кеңес Одағында тек 1987 жылы жарық көрген. Ал шығарманың түйінін автордың өзіне қалдырамыз: «Өзіңіз де білесіз, жаңалық ашылды, бірақ қандай жаңалық, – осы тұста Филипп Филипович қос қолымен терезе перделерін күйзеле нұсқады, шамасы, Мәскеуді меңзесе керек, – есіңізде болсын, Иван Арнольдович, бұл жаңалықтың бірден бір нәтижесі мынау ғана, ендігі уақытта біздің бәріміз әлгі Шариковті (ит-адамды айтқаны) мына жерден көретін боламыз».