Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2021

Тарихымызды тану – ұлы іс

387 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Документальная хроника» жинағының IV-V томдары көпшілікке таныстырылды. Биыл мамыр айында осы еңбектің алғашқы үш томы Сенаттың ұйытқы болуымен Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында жарық көрген еді.

Тарихымызды тану – ұлы іс

Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев мұндай еңбектің Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы қарсаңында басылып шығуының ма­ңызы зор екеніне назар аударды. Еге­мендік алғалы еліміз тарихымызды тану жолында мол табысқа қол жеткіз­генін атап өткен Сенат Төрағасы: «Біз Тәуел­сіздігіміздің 30 жылдық тарихи межесін айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Осы аралықта тарихымызды тану, руханиятымызды дәріптеу және ұлттық құндылықтарымыздың өрісін кеңейту жолында ауқымды жұмыс атқарылды», деді.

Мәулен Әшімбаев бұл жұмыстарға отандық ғалымдар мен тарихшылар үлкен үлес қосқанын сөз етті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы ұлт тарихының жүйелі түрде зерттелуіне баса мән беріп отырғанын айтты. «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында зобалаң жылдарды жан-жақты зерттеу, Ашаршылық құрбандарының санын нақтылау, тарихи құжаттарды жинақтап, оларды мұқият зерделеу керектігін айтқан еді. Осыған орай Сенат ғалымдармен бірлесіп, бұл ба­ғытта біраз жұмыс атқарды. Биыл мамыр
айында «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Документальная хроника» атты құжат­тар жинағының үш томы жарық көрді. Онда Ашаршылыққа қатысты біре­гей тарихи құжаттар мен деректер, нәубет­тің себебі мен салдары туралы архив ма­те­риалдары жинақталған», деді М.Әшім­баев.

Бүгін көпшілікке жол тартқан жаңа екі том да ашаршылық туралы тарихи құжаттарды жинау жұмыстарының жалғасы. Еңбектің 4-томында қазақ ауылдарын күштеп ұжымдастыру, тәркілеу саясатына қатысты халықтың наразылығын білдіретін маңызды материалдар жинақталған. Ал 5-томда куәгерлердің естеліктері қамтылды. Бұл томның негізін ашаршылықтың зардабын тартқан ақын-жазушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлерінің бастан кешкен оқиғалары құрайды.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы естеліктер мен жазбаларды қысқа уақытта жинақтап, топтастырып, көпшілікке ұсынған редакциялық алқа ұжымына және Парламент депутаты Берік Әбдіғали бастаған құрастырушыларға, еңбектің басылып шығуына қолдау көрсеткен Мәдениет және спорт министрлігінің бас­шылығына алғыс білдірді. «Ашаршылық тақырыбын зерттеу тәуелсіз тарихи сана қалыптастыру үшін қажет. Ал ор­тақ тарихи таным біртұтас ұлттық сана қа­лыптастыруға қызмет етеді. Мұ­ның бәрі тәуелсіздігімізді күшейтетін ма­ңызды факторлар екені сөзсіз. Сон­дықтан еліміздің басына түскен алапат қасіретті терең түсінуге мүмкіндік бере­тін осы бес томдық тәуелсіздігімізді нығай­туға өз үлесін қосады және осы тақы­рыпты зерттеп жүрген тарихшы ғалым­дардың жұмы­сына тың серпін береді деп үміттенеміз», деді Мәулен Әшім­баев.

Бес томдық жинақтың жауапты редакторы, Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Документальная хроника» жинағының IV-V томдарында бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған материалдардың топтастырылғанын айтты. «Сенаттың қолдауымен шығарған ашаршылық туралы құжаттардың кезекті екі жинағын көпшілікке ұсынып отырмыз. Бұл еңбектерде 1928-1934 жылдардағы Қазақстандағы қасіретті кезең қамтылды. Өздеріңізге белгілі, Президенттің Жарлы­ғымен құрылған қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қазіргі таңда еліміздің әр өңірін­де жұмыс істеп жатыр. Ауқымды жұмыс­тар кезінде көптеген жаңа дерек, тың мәлімет шығып жатады. Мәселен, 5-томда халықтың арасынан жинақталған естеліктер топтастырылып берілді. Бұл жинақтар ең бірінші ғалымдар үшін құнды дүние», деді Берік Әбдіғалиұлы.

Жинақтың жауапты редакторы бұл екі том Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тұсында тарихымызға әділетті баға беру үшін қолға алынғанын да атап өтті. «Бұрын архивтегі құжаттарға қол жеткізу қиын болатын. «Өте құпия» деп белгіленген папкалардағы ақпараттарды алу тіпті мүмкін емес еді. Қазіргі таңда ҰҚК, ІІМ, Бас прокуратура архивтерінде жатқан көп құжаттарды құпиясыздандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның арқасында бүгінге дейін құпия ретінде сақталған көптеген анықтама, бұйрық пен қарарлар қайта жаңғырды. Ғалымдар мен тарихшылар кітаптарды шығаруға қажетті ақпаратты отандық және шетелдік архивтерден жинады. Мұндай зерттеу жұмыстарын біз әрі қарай жалғастыра береміз», деді ол.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері және жинақтың дайындалуына атсалысқан белгілі тарихшы ғалымдар қатысты. Олар өз сөздерінде ұлтымыздың басынан өткен қасіретті жылдардың зардабын терең зерттеп, білу үшін осындай іргелі еңбектің маңызы зор екенін айтты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов Сенат қабырғасында өткен ғылыми-танымдық шараны өткен тарихымыздың ащы сабақтарына, «тар жол, тайғақ кешуіне» әділет көзімен қараудың елдік, мемлекет деңгейіндегі нақты жолы екенін атап өтті.

«Тарихи әр зерттеудің, жинақтың қоғамға берер тікелей тағылымы болады. Көптомдық жинақтың білім мен мәдениет саласына берері бар. Ендігі мақсат-міндет те қазақстандық ғылымға тиесілі болмақ. Ашаршылық тақырыбында шыққан осы жинақтардағы материалдар мамандар тарапынан қорытылып, жаңадан әзірленіп жатқан жеті томдыққа енуі керек деп санаймыз», деді ол. Басқосу барысында Е.Сыдықов бұл ғылыми жинақты гуманитарлық білім бағдарламаларының мазмұнына, оқу үдерісіндегі әдебиеттер тізіміне енгізуді ұсынды. Ол, сондай-ақ, жинақтың телеөнімдер, сахналық шығармаларға дерек көз бола алатынын айтып, елімізде деректерді жүйелеу, зерттеу жобаларын үйлестіретін «Аштық құрбандарын зерттеу орталығын» ашуды ұсынды.

Іс-шараға онлайн қатысып, бұл бағыт­тағы істің аяқсыз қалмауын баса айтқан жазушы Смағұл Елубай: «Биыл Тәуелсіз­дігімізге 30 жыл болады. Бұл шындап келгенде өткен ғасырда жарты халқымызды қырып кеткен қасіретті жылдарға тарихи баға беретін уақыт. Жарты халықты жалпы халық болып жоқтайтын жыл. Өйткені ұлттық қасіретті білмеу – ұлттың нағыз қасіреті», деді. «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Документальная хроника» жинағына «қазақ халқының зиялы қауымы үшін үлкен олжа» деп баға берген жазушы келер жылы бұл қасіретті датаға 90 жыл толатынын да еске салды. «Бізде өкінішке қарай, мұндай алапат ашаршылық туралы айту, оны ұлықтау мәселесі кемшін. Екі бірдей ашаршылық кезінде қаншама халық қырылып қалды. Зұлматқа арналған «Аза сарайы» салынуы керек. Себебі ұлттық қасіретін ұлықтай алмаған ұлт ұлттың жетістігін де дәріптей алмайды», деді жазушы.

Сөз тізгінін алған тарих ғылым­дары­ның докторы, ҰҒА академигі Мәм­бет Қойгелдиев көптомдық жинақ­тың ел үшін де, тарихшылар үшін де құнды дүние екенін атап өтті. Се­нат Төрағасының басшылығымен жү­зеге асып жатқан бұл жұмыстың ел Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығы қарсаңында маңызды тарту екенін айтқан ғалым: «Қайғылы кезеңдерді ұмытқан халық оны тағы қайталауы мүмкін. Бұл – тарих­тың өзі дәлелдеп берген шындық. Сондық­тан біз «Бес томдық бізге не береді?» деп емес, «Неге осылай болды?» деген сұ­раққа жауап іздеуіміз қажет», деп алда­ғы уақытта да бұл бағыттағы зерттеу жұ­мыс­тары жалғаса беретініне сенім білдірді.

Бұл жинақтың қалың оқырман үшін шы­найы тарихи мағлұматы мен тағылымы мол екені сөзсіз. Мұны іс-шара­ны қорытындылаған Сенат Төрағасы да атап өтті. «Жалпы, Ашаршылық тақы­рыбын зерттеу тәуелсіз тарихи сана қалып­тастыру үшін қажет. Ал ортақ тарихи таным біртұтас ұлттық сана қалып­тас­тыруға қызмет етеді. Сондықтан еліміз­дің басына түскен алапат қасіретті терең түсінуге мүмкіндік беретін осы бестом­дық тәуелсіздігімізді нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»